​«МЕН – ЕЛІМНІҢ ЕРТЕҢІМІН»

Биыл кәмелеттік жасқа қадам басқалы отырған Сацита Хажиева өзінің Қазақстан Республикасының азаматы екенін мақтан тұтады. Қазақшаға жүйрік шешен қызы қазақ сыныбында білім алып жатыр. Сацитамен әңгіме барысында оның бойынан тау халықтарына тән еркіндікті, өжеттікті, шыншылдықты бірден аңғаруға болады.

Сонысымен қоса, ол өн бойына қазаққа тән қарапайымдылық, қонақжайлылық, кесіп айтар туралылықты да молынан сіңіріпті. Бүгінде № 13 ЖОБМ-нің 9-сыныбында білім алып жатыр. Оның әкесі де, анасы да шешен. Кезіндегі саяси қуғын-сүргінде Сацитаның атасы жеті жасында Сарыарқа төсіне қоныс аударған. Сөйтіп, осында қойшы болып еңбек етіп, бір үйдің баласындай жергілікті халықпен араласып, сіңісіп кетеді. Көнегөз салтты ұмытпаған ол екі мәрте әйел алып, Жезқазған жерінде үбірлі-шүбірлі отбасыға айналған. Бүгінде атасы мен әжесі бұл дүниеде жоқ болғанымен, олар берген тағылымды тәрбиемен сусындап өскен Сацитаның ата-анасы Юнус пен Жанна қас-қабағы қиылған төрт бірдей сұлуды дүниеге әкеліп, бағып-қағып жеткізді. Сацита – отбасының кенжесі. Алдында Седа, Зара, Балита есімді үш әпкесі бар. Екі әпкесі тұрмыста. Олар орыс және түрік ұлтының жігіттеріне күйеуге шығыпты. Балита болса – студент.

– Мұсылман халқы болса да шешен ұлтының салт-дәстүрлері, тұрмыс-тіршілігі, ұлттық киімдері мен тағамдары да қазақтардан өзгеше. Бірақ, шынын айту керек біз отбасымызбен қазақ ұлтына жақынбыз. Ойланып қарасам, шешен халқы мен қазақтардың тұрмыстық жағдайында, әсіресе, қонақ күту әдебі өте ұқсас. Біздің ұлтымызда да қонақты құдайындай сыйлайды. Оларға төрден орын беріп, үй иесі өзі төменге жайғасады. Қонақ келгенде үй иесінің тамақты бірінші болып бастап, бірінші болып аяқтауы да үлкен әдепсіздікке жатады. Сондай-ақ, үй иесі қонағы сұраған кез келген затты беруге міндетті. Біз қазақтардың ұлттық тағамдарын жиі жасаймыз, шешендердің мерекесіне қарағанда мемлекеттік мерекелерді жиі тойлаймыз. Мектептегі достарымның барлығы дерлік қазақ ұлтының балалары. Қазақ тілінде қатесіз сөйлеп, кез келген ортаға оңай сіңісуге баулыған ұстазым Жұпар Дәуренбековаға алғысым шексіз. Өзім спортқа жақынмын. Кішкентайымда каратэмен айналыстым. Бүгінде мектептегі баскетбол, футбол, гандбол үйірмелеріне қатысып, спорттық сайыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүрмін. Мен Қазақстан сынды тәуелсіз, көп ұлтты мемлекетте дүниеге келіп, егемен елдің шаңырағында бейбіт те мамыражай, ешкімнің қабағына қарайламай өмір сүріп жатқаныма шексіз қуаныштымын. Себебі, басқа мемлекетке барып, өз еліндегідей алаңсыз күн кешу, әрине, оңай емес. Маған және менің туыстарыма осындай бақ бұйырғанына ризамын. Қазақ халқы өзге ұлттарды мүлде жатсынбайтын, керісінше, кез келгенін бауырындай көретін жомарт халық. Қазақтар өзге ұлттарға жанашырлық танытып, құрметтей біледі. Сол үшін осынау дархан жұртқа айтар алғысым айрықша, – деді шешен қызы әңгіме барысында.

Болашағын тек Қазақстанмен байланыстырғысы келетін Сацита Қазақстанда қалып, елінің ертеңі үшін еңбек еткісі келетіндігін жеткізді. Қазақша тақылдаған қылықты қыздың көркем мінезі мен ізгі ниетіне біз де іштей тәнті болып, жүрегіміз жібіп сала берді. Болашақта білікті дәрігер болып, дертті жандарға шипа іздеп, көңілдерге жылу мен медет сыйлауды армандандайтын Сацита қыз «Отанымның алдындағы қарызымды өтеу үшін барымды салып, адал қызмет етемін» дейді.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

09:56
411

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020