​БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Біз, қазақ, жағасы алтын, жеңі жез, ынтымағы жараса, ырысы тасыған, бір жеңнен бас, бір жағадан қол шығарған, бірлігі бекем, ұлы ұлтпыз. Дер кезінде еңсемізді тіктеп, ұлт болып ұйысуымызға атам заманнан аманат болып қалған адалдымыз бен адамдығымыз, әділдігіміз бен әдебіміз, батырлығымыз бен батылдығымыз себеп болған шығар, бәлкім! Қазақ атты қайсар халықтың басынан ер етігімен су кешіп, ат ауыздықпен су ішкен талай нәубетті замандар мен тар жол тайғақ кешулер өтті.

Алғаш Тәуелсіздік алып, көңіліміз бен алақанымыздан азаттықтың ақ көгершінін ұшырғанымызға биыл – 29 жыл. Тәңірі қолдап, тұғырымыз бекіген егемендіктің 30 жылдығын тойлайтын күнде алыс емес. Жаратқан ием барша халқымызды сол мерейлі күнді аман-есен көруге жеткізсін. 30 жылда керегеміз кеңіп, іргеміз бекіді. Алдыңғы қатарлы озық экономикалы алпауыт елдермен иық тірестіре алатындай дәрежеге жеттік. Ұландарымыз ұлтымыз бен елімізді биікке шығарды. Қай додада болсын еліміздің әнұраны айтылып, көк байрағы асқақтады. Міне, нағыз бақыт деген осы емес пе?!

Бүкіл әлемді әуре-сарсаңға салған ауыр дерт біздің елімізді де елемей өтпеді. Экономикадағы әлсіреуді дүниежүзі мемлекеттері сезініп жатыр. Осындай сынды шақтарда жұдырықтай жұмылған ел ғана жеңіп шығары ақиқат. Осынау жылуы мен шуағы жанды елітер жайдары мезгілде еліміз үшін айрықша айтулы күн бар. Ол – 1 мамыр, Қазақстан халқының бірлігі күні. Алтай мен атырауға дейінгі ұлан-ғайыр, тауы мен тасы, шөлейті мен шөлі, теңізі мен көлі көп, жер асты қазба байлыққа, үсті ырыс-ынтымаққа толған қасиетті де киелі алқабымызда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі татулықта күн кешіп жатыр. Биылғы жыл тіптен ерекше. Себебі, биыл – Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтқан болатын. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. 2007 жылы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты. Ал, 2008 жылғы 20 қаңтарда Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. ҚХА еліміздің саяси жүйесінің толыққанды субьектісіне айналып, талай тарихи маңызды істердің басы-қасынан табылды.

Қарт та­рихтың кер жолына қай­талай үңіл­сек, біздің эра­мыз­ға дейін де, одан бергі ғасырлар бе­дерінде де асыл ба­­ба­­ларымыз пенде атаулыны түр-түсіне, діни се­­німіне, мә­дениетіне қа­рай бөл­мепті. Және солай етем деу­ші­лер­­ге көнбепті. Жазира жеріміздің тө­­сінен дәс­түр­лі өз ді­німізбен қатар, будданың да пра­вос­ла­вие­­нің де ар­хео­­логиялық ар­те­фак­ті­ле­рінің арагідік та­бы­лып жа­туы соның бір кө­рі­нісі. Демек, адам­зат­тың бә­­рін бауы­рым деп кеудесіне қысқан кешегі әлем­­ге өр­ке­­­ниет жай­ған еңселі жұрт ұрпағының мынау зы­мы­ран дү­ниеде дәл осы ауанда да елдің алдына шығуы та­­­­биғи да желісті дүние.

Тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назар­баев­­тың ті­келей бастамасымен 2013 жылдан бері өткізіліп ке­ле жат­қан Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің съез­де­рі жалпы жарық дүниеге ша­па­ғатты сәулесін молынан тү­сі­ретін ғаламдық жиынға ай­нал­ды. Мұндай бағаны беріп отыр­ғандардың өзі сол әлемдік деңгейдегі саясаткерлер мен ірі дінбасылары. Адамзаттық ру­ха­ни-адамгершілік құн­ды­лық­тар­ды одан әрі нығайтуға, дін­дер мен мәдениеттер ара­сын­дағы өзара түсіністік пен ке­лі­сім­ге деген қажеттіліктің бү­гін­гідей тіптен артып тұрған шағында Аста­на­дағы Бей­біт­шілік пен Келісім са­ра­йын­да Әлемдік және дәс­түр­лі дін­дер көшбасшыларының съезінің өтуі маңызы асқан шаруа. Өйткені, оның жұмысына төрткүл дү­ниенің 42 елінен 80-нен ас­там делегациямен бірге небір атынан ат үркетін ше­тел­дік және халықаралық ұйым­ өкіл­дерінің, оның ішінде Бі­рік­кен Ұлттар Ұйы­мының Бас хат­шысы мен өкілдерінің қа­ты­суы да біздің қа­дірімізді арт­ты­ра түссе керек.

Ырыстың тек ынтымағы жарасқан жерге тұрақтайтыны белгілі. Ендеше, айбынымыз бен байлығымызға айналған қазақ атты қара шаңырақтың шаттығы шалқып, несібесі тасып-төгіле бергей. Мереке құтты болсын!

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі

09:59
437

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020