​ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН ЖАНКЕШТІ ЕҢБЕК

Зауыт Ұлы Отан соғысы жылдарында . 1941 жылы 22 маусымда Германия фашизмі сұрқиялықпен, алдын ала соғыс жарияламастан, тұтқиылдан Кеңес Одағына кең көлемде шабуыл бастады. Кенеттігі сондай, кеңес әскерлерінің қуатты күштері басын қосып жинақталып, қарсы айқасқа шыққанда жау Украинаның, Белоруссияның, кеңестік Балтық елдері аумағының біраз өңірін басып алды. Бірінші күннен басқыншылардың КСРО-ны әлемдік картадан құртып, халықтарын құл етуді көздеген мысық тілеуі жыртқыштық саясаты әшкере болды.

Бүкіл Кеңес елімен қатар қарсақбайлықтар да жұдырықтай тастүйін болып, қаһарына мініп, жауға қарсы көтерілді.

«Фашист басқыншыларының кеңірдегіне от шашқан қара мысты лықылдата құямыз!», «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деп шешті Қарсақбай мыс зауытының металлургтері, балқытушылары, транспортшылары 1941 жылы 22 маусымдағы митингіде.

КСРО түсті металлургия министрлігі жүйесінде соңғы жылдары іске қосылған алып зауыттардың қатарында Қарсақбай шағын кәсіпорын болып көрінетін. Бірақ, оның кісі назар аударарлық байсалды тұлғасы басқалармен салыстырғанда ерекше тұрды. Мәселен, зауыт 1943 жылы бүкіл Португалияның 1940 жылғы өнімінен көп қара мыс берді. Немесе оның жалпы мыс көлемі сол кездегі Болгарияның, Қытайдың барлық мыс балқымасынан 4 есе асып түсті.

Осы сындарлы сәтке Қарсақбай жерінде шеберлігі жоғары, саналы, жауапкершілік жүгін түсінетін отаншыл жұмысшылар мен инженер-техник кадрлары қалыптасқан еді. Бір мысал. Анау ағылшындар уақытында жұмыс істеген Хамза Байзақов мыс қорыту цехында ауысым шеберіне дейін көтерілді. Оның кіші інісі байыту фабрикада машинист, екіншісі – флотатор, үшіншісі – шарпу пешінде горновой, төртіншісі – конвертор цехында фурмовшы болып істейді.

1941 жылы 16 тамызда осы жылдың соңғы ширегі мен 1942 жылды толық қамтитын елдің шығыс аймақтары бойынша әскери-шаруашылық жоспары қабылданды. Жұмыс уақыты ұзартылды, еңбек демалысы кейінге қалдырылды. Зауытта ауысымды өткізудің және қабылдаудың қатаң тәртібі еңгізілді. Металлургтер жұмыстың басталатын уақытынан 20-30 минут ерте жиналады, тізіліп қатарға тұрады, жұмысшыларды түгендеу жүргізіледі. Сонан соң ауысым шебері цех бастығына ауысымдық майдандық өндіріс тапсырмасының орындалысы жөнінде рапорт береді. Істің жайы нақты тексеріледі, аяқталмаған шаруаны жұмыстан тыс қалып бітіру талап етіледі. Жұмысқа түскелі отырған ауысым мүшелері алдына нақты міндеттер қойылады.

Соғыс жағдайында Қарсақбай зауытының 1941 жылғы мыс балқыту жоспары 11 пайызға арттырылды. Зауытты реконструкциялау күрделі қаржысыз, шаруашылық әдіспен жалғастырылатын болды. Өндірісті басқарудың жаңа схемасы енгізілді. Әкімшілік басқару аппараты едәуір қысқарды, әрбір өндіріс жетекшісінің міндеті нақты белгіленді. Мамандықтарды оңтайландыруда көп жұмыс істелді. Жұмыс орнын жиыстырып, келесі ауысымға дайындау негізгі маман жұмысшыларға жүктелді. Жөндеушілер мен электриктердің, паровоз машинисі көмекшісінің, отжағушының, көмір тиеушінің міндеттері біріктірілді. Ауысымдық конвертор шеберлерінің қызметін ауысым бастықтары қоса атқаратын болды. Ағымдағы жөндеуге мамандырылған цех жабылды. Біраз мемлекет қаржысы үнемделіп, өндіріс дамытуға жұмсауға жағдай туды.

Ерлер майданға аттанды. Бір жеті ішінде зауыттың дирекциясы мен партия комитетіне жүзден астам әйел келіп шофер, тракторшы, слесарь, электромонтер мамандығын меңгеруге тілек білдірді. Бірнеше балалар бақшасы ашылды.

Тамыздың бірінші жартысында конверторшы коммунист Абдықадыр Ниязов алты рет қатарынан шапшаң балқыма берді. 1941 жылдың өзінде конверторшы Камен Сейтенов шапшаң ауыр балқыма беру әдісін игерді. Ол соғыстың екінші айында конвертордың жобалық қуатын 15 пайыз, артынша қыркүйекте 40 пайыз арттырған бірінші металлург еді. Ертеңінде Совинформбюро оның бұл еңбек ерлігін бүкіл әлемге әйгі етті. Озат конверторшылардың тәжірибесі көпшіліктің игілігіне айналды.

Тамыз айында зауыт ұжымы айлық жоспарды тұнғыш рет орындап шықты. Сөйтіп, соғыстың алғашқы үш айында оның өндірістік көрсеткіштері шихта балқытудан 46,6 пайыз, кен өндеуден 19 пайыз, концентрат шығарудан 39,5 пайыз, жүк тасымалынан -46,4 пайыз артты.

Қарсақбай металлургтері Ленинградты қорғаушыларға тегеурінді қолдау жасап, жалынды үндеу тастады.

«Қадірлі Ленинградтық жолдастар! Алыстағы Жзезқазғандағы біздер пролетариаттың ревалюция бесігі болған ұлы Ленинградқа жау басып кіруге жанталасып жатқанын естідік.

Фашистер тамаша қала, мәдениет орталығы, ғасырлар жасап келген халқымыздың асыл қаласын қиратып бүлдірмекші. Фашистік қарақшылардың бұл арам ойлары орындалмақшы емес. Фашистер Ленинградқа өте алмайды. Ленин қаласының тұрғындары, Сіздер, жауға қарсы күресте жалғыз емессіздер. Бұл күндері социализм отанының бүкіл еңбекшілері Сіздермен бірге, тайсалмай жауға қарсы алға ұмытылыңыздар.

Біз еңбек өнімділігін арттыруға ант береміз. Біздің күн сайып жоспардан артық өндіретін кеніміз бен металымыз жауға өлтіре соққы беретін айбарлы қару екенін біз жақсы түсінеміз.

Ленин қаласының батыр қорғаушылары жасасын!».

Металлургтер тағы бір шарпу пешін салу керек деп белді буып, тәуекел іске кірісті. Металлконструкциялар, отқа төзімді кірпіштер жоқ болатын, ал істің мәнін білетін құрылысшылар аз еді. Сонда да тартынған жоқ.

Жөндеу-механикалық цехы керекті металл бұйымдарды жасады, сапасы кем емес кірпішті қолдан құйды, апта сайын қалашықтың тайлы-таяғы жаппай қатысқан сенбілік, жексенбіліктер өтіп отырды. Сөйтіп, 13 айдан кейін 1943 жылы 8 қыркүйекте пешті кептіріп, қыздыру үшін от тұтатты, 10 күннен кейін (1928 жылы бір ай қыздырған) 18 қыркүйекте тұңғыш штейн берді. Бұл бүкіл қарсақбайлықтардың ортақ жеңісі болатын.

1941 жылдың қазанында шарпу пешінің көмейі тартпай, шихта қорыту азая берді. Жұмыс өте ауыр еді, қайнаған ыстықта оттықты көсеумен, батпан балғамен қатқан күлдерден тазарту керек болатын. Жұмысты тәжірбиелі ауысымды шебер Дана Қошқарбаев басқарды. Ол пеш жанынан бір минутқа кетпеді, ұтымды кеңес берді, қолғабыс жасады. Жанған отқа бірінші болып конвертор шебері Мұзафар Жүсіпов, Қаржан Байжіков кірді. Аядай жерде балғасы бұрыс кетсе, бірінің басынан тиетін, аңдаусызда денесі жалындаған қабырғаға соқса, сол сәтінде еті мен сүйегі күл болатыны анық еді. Бұған 5 минуттан артық шыдау мүмкін емес-ті. Келесі кезек Мырзағұлов пен тиеуші Әшірбеков келді. Осылай жекпе-жек жалғаса берді. Бір тәулікте пештің көмейі тазартылды, оның жұмысы қалыпқа түсті, мыс бұлағы үздіксіз жалын шашып ағып жатты.

Бұл бір емес, 100 градустан астам от лебі бетті қарыған ыстыққа «Гарбе» бу қазанының оттығына кіріп, күлін тазартып, колосниктері мен зольнигін айырбастаған электростанция жұмысшылары Сары Сүлейменов, Марченколардың ерліктерін ұмытуға болмайды. Бір жетілік жөндеу жұмыстарын олар от құшып жүріп, бірнеше сағатта тындырды.

Жезқазған және Балқаш комбинаттарын қорғасынмен қамтамасыз ету үшін 180 километр қашықта жатқан Қорғасын кенішінде кен өндіріп, қарапайым кен қорытатын пеш іске қосылды.

1941 жылы тамызда «Сибэнергомонтаж» тресі телімінің ұжымы Қарсақбай электр станциясында сағатына 16-22 тонна бу шығаратын қазандық пен 1942 жылы маусымда қуаты 3000 киловатт турбинаны іске қосты.

Соғыс жылдарындағы қарсақбайлықтардың келбеті аса кәрлі де, сұсты еді. Ол Отан қорғаушыларға мыстан басқа да қуатты қарулармен көмектесті. Арнаулы №1 әскери цех құрылып, майданды аса қажетті жарылғыш заттармен, мина корпустарымен, басқа да қуатты соғыс материалдарымен үздіксіз жабдықтап тұрды.

Еңбек озаттарының қатары толыға түсті. 1943 жылы стахановшылар саны 305, еңбек екпінділері 254 адамға жетті. Зауыт 1940 жылы 6603 тонна мыс берсе, 1941 жылы 7828 тонна, 1942 жылы 7165 тонна мыс берді. 1940 жылы байыту фабрикасы 158858 тонна кенді өңдесе, 1941 жылы 197453 тонна, 1942 жылы 196660 тонна мыс кенін өңдеді.

1942 жылдың тамызында Қарсақбай металлургтері мен байытушылары Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы болды. Қарсақбай зауытында 1943 жылы орта есеппен жұмыс нормасы 116 пайызға орындалды.

Майдандық еңбек вахтасын металлургтар Ахмет Смаилов, Жакенов Сәмет, Асанбай Сейітов, Шоқай Қантарбаев, Домбай Арыстанов, тағы басқа ондаған, жүздеген отты мамандық иелері ойдағыдай атқарды.

1943 жылы 30 маусымда Түсті металлургия халық комиссары аса үздік көрсеткішке жеткені үшін Қарсақбай мен Байқонырдың 17 стахановшы жұмыскерлері мен инженер-техник қызметкерлерін «Түсті металлургиядағы социалистік жарыстың озаты» төсбелгісімен марапатталды, 17 стахановшыға Наркомның мақтау қағаздар тапсырылды. Марапатталғандардың арасында зауыт директоры И.С.Шитиков, байыту фабрикасының бастығы Овчинников,

металлургиялық цехтың бастығы Ю.К.Победоносцев, паровоз машинистері Н.Танқыбаев, Т.Асанов, конвертор шебері М.Қошанов, Ш.Қаңтарбаев, забойшылар І.Жандарбеков, А.Сеилов т.б. бар еді.

Қарсақбай мыс зауытының металлургтарының байытушыларының, энергетиктерінің, барлық еңбекшілерінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Отанға жан-тәнімен берілгені, жоғары патриоттық сезімі, жанқиярлық ерлік еңбегі тарихта алтын әріптермен жазылып қалды.

Шапшақ, ауыр балқыма алу жолындағы стахановтық қозғалыс

Қарсақбай мыс зауыты жұмысшылар, инженер-техниктер арасында тез таралды. Дереу Стахановтың әдісі курстарда, мектептерде зерттелді, жұмысшылардың жеке топтарымен семинарлар өткізілді. Оны әрбір ұжым мүшесінің өз іс-әрекетіне пайдалану мәселесі бригадалық, ауысымдық және цехтық партия жиналыстарында талқыланды.

Стахановтық әдіс металлургиялық цехында 1936 жылы шарпу пешін жөндеуді бұрынғы 35-40 тәулік орнына барлығы 9 күнде орындауды қамтамасыз етті. Конверторшылардың жөндеу аралығында беретін балқыламаларының саны 65-тен 220-ға жетті. Шарпу пешінің көмейін тазартуға кететін уақыт 3 есеге азайды, немесе 1935 жылдың төртінші тоқсанындағы 18-24 сағаттан 1936 жылдық І-тоқсанында 6-8 сағатқа дейін азайды. Стахановшылар қозғалысы әуелде санаулы еңбек озаттарынан тұрса, енді олар тұтас бригадаларға ұласты.

Металлургиялық цехтың бастығы Е.Д.Гетманның қолдауымен металлургтер Мұзафар Жүсіпов, Әбілқайыр Ниязов, Әбдікәрім Жылқайдаров, Смайыл Ахметов бір тоқсанда шапшақ балқыма алу санын 120-дан 160-қа жеткізді.

Қарсақбайлықтардың ұсынысымен 1935 жылы 19 желтоқсанында Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облысы түсті металлургия стахановшыларының бірінші слеті болды.

Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен металлургтер арасында шапшақ мыс балқымасын беру жолында күрес басталды. Коммунистер М.Көккөзов, Манукян, Питерский, комсомол мүшесі Лобанов мыс балқытушылар ауысымын басқарды, ал байыту фабрикасында Тамара Кривоногова, Петр Матюшин басқаратын ауысымдар майдан вахтасында алғашқы сәттен өндірістік тапсырманы асыра орындап отырды. 1941 жылы тамызда ұзақ артта қалушылықтан шықты, мыс балқыту жоспарын асыра орындады, ал қыркүйекте бұрын ешқашан беріп көрмеген көлемде металл балқытты.

Тамыздың бірінші жартысында конверторшы коммунист Әбдіқадыр Ниязовтың ауысымы 6 рет шапшақ ауыр мыс балқымасын берді. Қыркүйектің 17-күні М.Көккөзовтың ауысымы конверторшыларға 152 т. штейн берді, ертеңіне бұл рекордты 5 тонна асырып жаңғыртты. 150-153 т. штейн алып отырды Манукян, комсомол мүшесі Лобанов басқаратын ауысымдар.

Конверторшы Кәмен Сейтеновтың ауысымы соғыстың екінші айы тамызда конвертордың жобалық қуатын 15 пайыз, қыркүйекте 40 пайыз арттырған бірінші металлург еді.

Конверторшы коммунист К.Сейтеновтың үлгісімен жұмыс істеген А.Ниязов кәсіпорын тарихында бұрын болмаған балқыма алып, оның салмағы мен өңделуі жағынан аса үздік көрсеткішке жетті.

Бірақ, бұл рекорд тек 12 сағат қана өмір сүрді. 30 қыркүйекте коммунист Үдербаев Өсербайдың ауысымы одан барлығы жағынан әлдеқайда биікті алды.

Тамызда Қарсақбай мыс қорыту зауыты айлық жоспарын тұңғыш рет орындап шықты. Сөйтіп, соғыстың алғашқы үш айындағы өндірісті көрсеткіштер шихта балқытуда 46,6 пайыз, кен өңдеуден 19 пайыз, концентрат шығарудан 39,5 пайыз, жүк тасымалынан 46,4 пайыз артты.

№1 әскери цех Қарсақбай мыс зауытында КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің 1941 жылғы 25 желтоқсандағы қауылысына сәйкес құрылды. Жасалатын миналардың техникалық құжаттары ұшақпен жеткізілді. Миналардың корпусын құюға қажетті металл, кокс, лак, сыр, басқа да материал кестеге сәйкес жеткізіліп тұрды. Өнім технологиясын игеру қарсақбайлықтарға оңай болған жоқ. Өндірістің бір бөлігі осыған лайықталды. Цехта 22 станок болды, оның ішіңде әртүрлі маркалы токарь станогы 12, фрезер станогы 3, тескіш станок – 2, нүктелік-дәнекерлеу аппараты – 1, фракциялық пресс – 1, құйманы тазалауға арналған барабан – 1, Геллер құралы – 1, т.б. құрал-саймандар толық технология процесске тартылған. Токарь станоктары 3-9 операция орындайды. Жосалыда, Долинкада 1 операцияны орындауға 3-2 станок қойылған. Қажетті мамандықтар бойынша жұмысшы кадрлары дайындалды. Әуелі цехты Хальзов басқарды. Кейін №1 цехтың бастығы болып Я.С.Бессарабов тағайындалды. Құймалар шығару цехын металлургиялық цехтың бастығы П.А.Лобанов басқарды, әрі технолог міндетін атқарды. 82 мм мина қорабын дайындайтындарға қосымша ыстық тамақ ұйымдастырылды. Мина шығару жөніндегі мәлімет тәулік сайын КСРО Түсті металлургия министрлігінің Свердловск қаласындағы аппаратына және Москваға хабарланып тұрды.

Жоспар бойынша 1942 жылы 82 миллиметрлік 20 мың мина қорабын дайындау белгіленген еді. Жұмысшылардың жоғарғы өнімді еңбегі ісіне берілгендігі, жеңіс күнін таятуға деген ынтасы жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді. 1942 жылы маусымнан бастап 34150 дана мина корпусы шығарылды. Оларды КСРО Қару-жарақ халкоматының өкілі қабылдап алып, №15 зауытқа жедел жөнелтіп тұрды. Осылайша айлық көрсеткішті 8000 дана мина қорабына жеткізу межесі бағындырылды.

Мина қорабтарын жоғары техникалық талапқа сай және сапалы жасап шығаруда өзінің нормаларын 200 пайыздан кем орындамаған токарлар Екатерина Кузнецова, ваграншы Тасберген Жаңабергенов, Оразбек Жұмағұлов, өзегін салушылар Несібелді Өтепова, Ефросинья Галдобина, Смағұл Қошанов, т.б. ерекше көзге түсті.

КСРО түсті металлургия халық комиссары П. Ломако жоспарды асыра орындағаны Қарсақбай мыс қорыту зауытының ұжымына (1943 жыл наурыз), зауыт директоры әскери өнімді шығаруды игергені және мемлекеттік жоспарды асыра орындағаны үшін №1 цехтың ұжымына екі рет алғыс жариялады.

1941 жылы 5 тамызда «Северникель» комбинаты құрал жабдықтарымен, мамандары отбасыларымен Кеңгір қалашығына көшіп келді. Қарсақбайдың мамандары оларға соғысқа керек өнімдерді шығаруға қол ұшын берді.

Айту керек, №1 цехта жоспарды орындау инженер-техниктерден, жұмысшылардан жанқиялықпен, барлық ақыл-ойын, ерік жігерін жұмсап, жоғары өнімді еңбек етуді талап етті. Зауыт директорының міндетін атқарушы Шитиков 1942 жылы 17 қарашада Қарағанды облыстық партия комитетіне, Бондаренко жолдасқа жолдаған баян хатында былай деп жазды: «Цех тәртіпке сәйкес бір айда күнтізбелік күндерде толық жұмыс істемеді. Цех қазанда 8 күн, қарашада 13 күн тоқтап тұрды. Өйткені, қажетті материалдар (болат, шойын, кокс) кезінде жеткізілмеді, кейде темір жолда ұзақ-сонар тоқтап, тұтынушыға кешігіп жетті. Мұндай кедергілер болмағанда цех ай сайын 8-9 мың мина корпусын шығара алар еді».

Қарсақбай әйелдері мен қыздары  тылдағы еңбек майданының алдыңғы шебінде қажырлы да нәтижелі жұмыс жасады. Бұл жөнінде «Қазақстанның түсті металлдар өнеркәсібінің жекелеген кәсіпорындардағы еңбек резервтері» тақырыбындағы КСРО Ғылым Академиясының Экономика Институтының ғылыми-зерттеу жұмысында былай деп жазады: «Зауыт жұмысшылары арасында әйелдердің үлес салмағы тым көп өсіп, 40 пайызды құрап отыр. Ал, Ұлы Отан соғысынан бұрын бұл көрсеткіш 7 пайыз болған еді. Мысалы, байыту фабрикасының ұжымында соғысқа дейін небәрі 5 әйел еңбек етсе, қазір олар жұмысшылардың 2/3 бөлегін құрайды. Көп реттерде олар майданға аттанған ерлердің орнын басқан, жұмыс жағдайында ешқандай өзгеріс болмаған. Солай болса да кейбір өндіріс буындарында әйелдердің еңбек жағдайын жеңілдету үшін бірқатар іс атқарылған. Бұрын көмір тәшкемен тасылса, енді оны аттың күшімен тасымалдайтын болған. Құю цехында қысқарылған жұмыс күні еңгізілген». (ОМА, қор-1728, Т-1, іс-8, бет 48).

1945 жылы зауыт өндірісінде 1519 адам жұмыс істесе, оның 507-сі, яғни әрбір үшіншісі әйелдер болды. 1943 жылы қарашада 677 әйел еңбек еткен еді. Соғыстың алғашқы үш жылында 628 әйел жұмысшы мамандығын меңгерді. Олардың 291-і қазақтар болатын. Зауыттың байыту фабрикасында мотор жүргізуші Әсия Белдинова, флотатор Вера Неплохова, теміржолда слесарь Қазбекова Бибісары аз уақытта мамандықтарын ұршықтай үйіріп, озаттарға қосылды.

Бұрын үй шаруашылығымен шұғылданған Заборовская, Мастиленко қысқа мерзімде курста оқып, мамандығына жетік электрик болды. Автокөлік жүргізуші мамандығын Горовая, Гомозова, Махамбетова, Алдабергенова, Қарағожина меңгерді. Көлік жүргізуші күйеуі майданға аттанғанда Қарағожина араға күн салмай көлік баранкасын ұстады. Надежда Пересыпкина 1941 жылы 18 шілдеде күйеуі әскер қатарына шақырылғанда сол күні фрезершы болып, күйеуінің станогын қабылдап алды.

Ағасы қолына қару алып, майданға аттанғанда оның оң жақта отырған қарындасы Аяулым Қожамсейітова оның орнына кран жүргізушілігіне сұранды. Тәжірибелі кран жүргізушісі Байқас Мәмбетовтан бір жеті үйреніп, өз бетімен жұмыс істеу құқығына ие болды. Ісіне риза болған металлургтер Аяулым мысты қазанға құйғанда аққұманнан шәй ағызғандай бір тамшысын шашып жібермей құятынын риза пейілмен ақжарқын көңілмен айтатын.

Кенжетай Қапарова орталық электр станциясының турбина цехының турбина машинисінің көмекшісі болып істеді. 10 жыл табан аударған жоқ. Қарқынды да тындырымды ісімен еңбек бәсекесінде ешкімге дес бермеді.

Әйелдер майданға аттанған күйеулерінің шаңырағын шайқалтпай, ата-анасына, бала-шағасына қамқор болып, жеңіс туы желбіренген күнді сағына күтті. Талайлары майданнан қара қағаз алып, қайғының қанын жұтты. Бірақ, қайыспады. Ел және жер берекесінің шәйегі болды. Қыз-келіншектер майдандағы бауырларына, әкелері мен ағаларына, жарларына, жас сарбаздарға сәлемдемелер, хаттар жолдап жатты. Қарсақбай өңірінен 5840 жылы киім, 37 тонна туған жердің дәмі жіберілді. Онан басқа ел болып, жергілікті өнеркәсіп комбинатын, артельдерді қоса алғанда 6120 қысқа тон, 2007 үйық, 7000 пима, 20000 жала қолғап дайындалды.

Қарсақбайдың комсомол жастары 1926 жылдың 1 қазанына төрт комсомол ұйымына бірікті, олардың біреуі Кеңгір өзені бойындағы №1 ауылда құрылған. Комсомол қатарында 92 қыз-жігіт болса, оның 74-і Қарсақбайда, 12-ісі Байқоңырда, 6-уы Жезқазғанда еңбек етті. Комсомол мүшесі 14 қыздың ішінде тек қана бір ғана қазақ қызы болды. 83 жасөспірімнен тұратын екі пионер отряды жұмыс істеді, оның ішінде қазақтар 32, орыстар 51 адам болған еді.

1926 жылы 28 қазанда Қарсақбай аудандақ партия комитетінің бюросы аудан комсомол ұйымының бірінші конференциясын өткізу жөнінде ұйымдастыру бюросын құрды. Оның құрамына комсомол белсенділері Мотыгин, Симова, Антонов, Серікбаев, Исқақов кірді. Өлкелік партия комитетінің жолдамасымен келген Хаджабаев аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.

Жастардың саналы бөлегі зауыт құрылысында, тұрмыс мәдениетін көтеруде, жаппай сауатсыздықты жоюда үнемі алдыңғылар ішінен табылды. Комсомол ұйымының, әрбір комсомол мүшесінің беделі үлкен болды. 1926 жылдың қазанынан 1927 жылдың наурызына дейін зауыт комсомол комитеті комсомол мүшелігіне 70 қыз-жігітті қабылдады. Қазан төңкерісінің 15 жылдығы қарсаңында өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындарында 953 комсомол мүшесі жұмыс істеді. Зауытта үш екпінді комсомол бригадасы, электромеханикалық цехта бір екпінді жастар бригадасы, бір шаруашылық есептегі комсомол-жастар паровозы, Жезқазған кенішінде 24 комсомол мүшесінің бас қосқан бір оқу-өндірістік шахтасы жоғары өндірістік көрсеткішке жетіп отырды.

Қазан төңкерісінің 15 жылдық мерекесі күні Қарсақбай комсомол жастары жаппай сенбілікке шығып, жігері жалын атқан 250 жас шарпу пешін жөндеуде біраз шаруаны еңсеріп тастады. Комбинаттың негізгі цехтарында (зауыт, Байқоңыр көмір ошағы, байыту фабрикасы, электр станциясы, Жосалы) жастардың үлес салмағы 24 пайызға жетті. Тікелей станокта, агрегатта, машинада, забойда еңбек ететін комсомол мүшелері 300-ге тақады. Электр станциясындағы комсомол ауысымы электр қуатын өндіру жөніндегі тапсырманы 100,25 пайыз асыра орындады, әр киловат-сағатқа 30 гр көмір үнемдеді. Комсомолец Скачков жетекшілік ететін паровоз жөндеушілер бригадасы тапсырманы қазанда 239%, қарашада 259% асыра орындады. 76 га жерге арнайы комсомол егістігі себілді. Жергілікті фабрика-зауыт мектебінде 476 оқушы болса, оның 407-сі комсомол мүшесі екен. Әскери өнерге үйрететін әскери лагерь ұйымдастырылды. Ауданда бар сауатсыз 112, шала сауатты 149 комсомол мүшесінің сауат ашу, бастауыш сынып көлемінде білім алуы ұйымдастырылды. Сауат ашу, шала сауаттылар мектептеріне қаржылай көмектесу үшін комсомолдық сенбіліктер, жексенбіліктер ұйымдастырылды.

Аудандық комсомол комитетінің бастамасымен 1935 жылы 1 маусымда комбинат жастар ұйымымен бірлесіп техникалық емтихан тапсырушылардың үздіктеріне байқау жариялады. 500 рубль сыйлық қорын құрды. Үздіктер Москва, Ленинград қалаларындағы ірі өнеркәсіп орындарына экскурсияға жіберілді. Байқаудың ықпалы күшті болды. Маусымның өзінде техникалық экзамен тапсырған 76 комсомол мүшесінің 42-сі үздік, қалғаны жақсы деген баға алды.

Комсомол ұйымдары тұрмыс мәдениетін көтеруге ерекше маңыз берді. Тұрғын үйлердің санитарлық жай-күйіне байқаулар, сенбіліктер, тұрмыс мәдениетіне байланысты комсомол конференцияларын өткізді. Көркем өнерпаздар үйірмелері, оған қатысушылар саны күрт өсті. Дене шынықтыру және спорт қозғалысының өрісі кеңейе бастады.

Ұлы Отан соғысы жылдары Қарсақбайдың комсомолец-жастары Отанға шексіз берілгендікті шынайы сүйіспеншілік сезімді, кәсіптік біліктілікті көрсетті. Соғыс жылдары 1461 комсомол мүшесі майдаңға аттанып, қиян-кескі айқасқа қатысты. Ұлы Отан соғысы қарсаңында есепте тұрған комсомолдар саны осы шамалас болатын. Осы сындарлы жылдары комсомол қатарына кіруші жастар көп болды. 1942 жылы өндірісте небәрі 4 комсомол-жастар бригадасы жұмыс істесе, соғыстың аяғында олардың саны 35-ке жетіп, 1267 жас қыз-жігіттерді біріктірді, олардың ішінде 779 комсомол мүшесі еңбек нәтижесіне қарай жалақы алатындар (сдельщиктер) болды. Жастар жоспардан тыс айырылған 300 тоннадай мысты сталиндік қорғаныс қорына қосты.

Қарсақбай комбинаты комсомол ұйымының түлегі токарь Базыл Тоқбергенов Қарағанды облыстық комсомол ұйымының бірінші хатшысы, бірінші сайланған ҚазКСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Темір жол жұмыскері Қасым Мырзатов облыстық комсомол комитеті жұмысшы-жастар бөлімінің меңгерушілігіне шақырылды. Байқоңыр көмір ошағының жұмыскері, комсомол мүшесі Шопан Қонысбаев кейін Алматы қалаткомының төрағасы, КСРО Жоғары Кеңесіне депутат болды. Әр кезеңде комсомол қатарында болып, құрыштай шыңдалған қатарының алдында жүрген аға пионер вожатый Нюса Тетюкина, металлургтер Ыбрай Құлжанов, Мұзапар Жүсіпов, Төлеубай Тілемісов, Алданыш Орынбаев, т.б. есімдерін атауға болады.

«Бізге мыс кені, тағы мыс кені керек». Осы тақырыппен Қарсақбай металлургтері 1941 жылы 18 қарашада Жезқазған кеншілеріне ашық хат жолдады. Онда былай деп жазылған:

«Кенші жолдастар! Отан жауына жасын болып жауған мысты бүгінгіден де артық шығару керек болып отыр. Біздің ардақты борышымыз — соғыс кезіндегі стахановшылар қатарының ең алдында болу. Біз əрбір ауысымда, əрбір күнде, əрбір жұмыс орнында жоспарды мүлтіксіз орындау жөнінде аса жауапты міндеттеме қабылдадық. Бұл үшін бізде не керектің бар. Біздің зауыт Сіздердің беріп жатқан мыс кендерінен 1,5-2 есе артык шикізатты өңдеүге мүмкіндігі бар.

Біз Сіздерден өз мүмкіндіктеріңізді қайта салмақтап, көтеріңкі міндеттеме қабылдауларыңызды талап етеміз. Сіздердің кендеріңіз жетпей жатқанын ашық мəлімдейміз. Қазірдің өзінде Сіздер бізді ашқұрақта ұстап отырсыңдар. Əрбір сағат қымбат. Бізге мыс кені, мыс кені жəне мыс кені керек. Егер кентас шығаруды арттыру үшін күш біріктіріп, шұғыл жəне жан-жақты шаралар қолданбасақ, ертең мұның өзі кеш болғалы тұр. Біздің жəне Балқаштың зауыты шегіншекпен терең артта қалады. Бұған жол беру аса дөрекі қателік қана емес, ол мемлекет алдындағы ауыр қылмыс болар еді. Мыс өндіруді көбейту үшін күн сайын əрбір ауысымда, əрбір жұмыс орынында пəрменді жарыс, шын мəнісінде еңбек бəсекесін ұйымдастырайық».

Жезқазғандықтар Отан алдындағы борышын терең сезініп, түсінді. Ішкі мүмкіндіктерді іздеді, өндірісті ұйымдастырудың тиімді жолдарын қолданды, қолдағы техникалардың қуатын толық пайдалануға қөңіл болді.

Жезқазған шикізатпен Балқаштың, Қарсақбайдың мыс зауттарын толық қамтамасыз етті. Ондығы əлжуаз байыту фабрикаларының жеткізілген мыс кенін толық өңдеуге шамалары жетпеді. Сондықтан да балқыту кешенінің жемсауына іріктеп өндірілген, металы аса көп бай көктастар қажетінше құйылып тұрды. Оның сыртында Оралдағы мыс қорытатын кəсіпорындар осы өңірдің кеніне тəуелді еді.

Шұғыл турде ескі шахталар №№ 1, 7, 13, 26, 34 қайта қалпына келтірілді, жаңадан №№ 31-32, «Петро», «Петроцентр» шахталары, екі карьер пайдалануға берілді. Шахталарга кең табанды шойын жолдар тартылып, Балқашқа, Орал зауыттарына кен тікелей шахта бункерлерінен, отвалдардан тиеліп, жедел жөнелтіліп жатты. Жезқазған кеншілері 1941 жылдың екінші жартысында тәулікте беретін кенді бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 128 пайызга тотыққан мыс кенін жіберу жөніндегі тапсырманы 250 пайызга асыра орындады.

Жезқазған кеніші 1941 жылы тамызда Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы болды. Әрине, бұл жеңіске әріптес кәсіпорындардың бір ырғакты, үйлесімді жұмысы мен кеншілердің жоғары қарқынды еңбегі арқылы қол жетті. Міне, жеке мысалдар. Откатчик Зияда Ысқақов қыркүйек айында нормасын 158,5 пайыз бұрғышы Арыстанбек Ақшалов 173,6 пайыз, бұргышы Базылбек Байкенеев 152 пайыз орындады.

Балқашта өткен республикалық ақындар айтысында Болман Қожабаев Жезқазған кеншілерінің жетістіктерін мақтан етіп, жырға косыпты:

… Жанарың, ақын аға, жетпес шолып,

Бергенім жеңіс үшін жатыр толып,

Өндірген жоспардан тыс рудаммен,

Түп-түгел қаруланады сексен полк,

Қияның қол жетпістей қиясымен,

Дәп бүгін мақтануға сиямын мен,

Тындырған таңырқалық алып ерліқ,

Өйткені, рекордтар ұясымен,

Атағы Алатаудай аскар әлі,

Жетерлік мын-сан жауды жасқарға әлі,

Атқарған қырық адамның қызметін,

Алып жоқ Балмұқанның асқан елі.

Бұрғышы кім білмейді Әйгеловты,

Самғаса, сан жарыста бәйгі ілікті.

Бітірген айлық істі бір тәулікте,

Өнері ерлігіне сай келіпті.

Кімің бар пар келетін Ақшаловқа,

Ерлікпен даңқы шыққан шартарапқа.

Нормасын жиырма адамның жабар еді,

Бір күнгі еңбегінен енші алып та.

Оларға көпшіліктің ұйғарымымен «тыл гвардияшылары» құрметтті атағы берілді. Солардың бірі Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты, № 12 шахтанын бұрғышысы Ахметқали Сафин 1942 жылы 21 ақпанда бұрын көз көріп, құлақ естімеген рекорд жасады. Ол жалғыз перфоратормен 1400 тонна мыс кенін құлатып, ауысымдық нормасын 3800 пайыз орындары. Ол сол күнгі 1200 сом табысын толықтай қорғаныс қорына аударды.

Осы жылдың тамыз айында Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы болған Жезқазған кеншілеріне КСРО Түсті металлургия халық комиссары П.Ф.Ломако мынадай телеграмма ұрды: «Бүкілодақтық Орталық кәсіподақтар кеңесі мен Түсті металлургия халық комиссариаты тамыздағы социалистік жарыстың қорытындысы бойынша кеніш ұжымына үшінші дәрежелі сыйлық беруге ұйғарды. Сіздің ұжымның тау-кен дайындық жұмыстарында артта қалушылықты жеңіп, кеңіштер арасында бірінші орын алуға барлық мүмкіндіктеріңіз бар. Озат шахтерлер К.Әйгелов, Ы.Анарқұловтың және басқалардың тәжірибесін өндіріске кеңінен енгізіңіздер, Отанымызды қорғау ісіне қажетті кенді өндіруді еселеу үшін әрбір минутты, әрбір сағатты ұтымды пайдаланыңыздар».

Қарағанды обллыстық партия комитетінің бюросы 1943 жылы 1 маусымда «Бұрғышы Аймаханов жолдастың жұмыс әдістерін тарату туралы» қаулы қабылдады. Онда бүкіл кеңес халқы сияқты 1 мамыр мерекесіне байланысты И.Сталлиннің бұйрығымен жігерленген №15 шахтаның бұрғышысы Б.Аймаханов 1943 жылы 23 мамырда 1477 тонна мыс кенін өндіріп, нормасын 4000 пайыз орындағаны атап көрсетілген. Ол айлық жоспарды небәрі 8 жұмыс күнінде 228 пайыз асыра іске асырып, қызыл әскердің бас колбасшысының қорына 12930 тонна мыс кенін қосты.

Майдандық вахтаға тұрған Ысқақ Анарқұлов, Оразбек Дүйсембаев және И.Васин басқаратын шахталар рекордты көрсеткіштерге жетті. Бұрғышылар Балмақан Аймахановтың жауынгерлік екенші дәрежелі «Отан соғысы», Ысқақ Анарқұловтың «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталуы көп нәрсені аңғартады.

Жезқазғанда кен өндіру 1940 жылмен салыстырғанда 1942 жылы 4 есе, 1943 жылы 5 есе көбейді. Жезқазған кеншілері Ұлы Отан соғысы жылдары 16 рет Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. 1945 жылы 3 шілдеде бұл ту ұжымда мәңгілік сақтауға қалдырылды

Сағындық ҚОЖАМСЕЙІТОВ

15:50
759

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020