Отбасы – ұлттың тірегі

15 МАМЫР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОТБАСЫ КҮНІ

Мемлекет ішіндегі мемлекет саналатын отбасы ұғымы кім кімге болса да ең қымбат, ең бағалы, ең аяулы сөз екендігі ақиқат. Тағдыр қосып өз өмірлерін мәңгілікке бірге өткізбек ниетте шаңырақ көтерген қос жастың ыстық сезімдері мен жарасымды сыйластығының арқасында отбасы ұжымы қалыптасады. Одан әрі екі жастың мақсат-міндеттері 180 градусқа өзгеріп, жауапкершіліктері де арта түседі. Себебі өмірге бала келеді. Міне, бұдан былай кеше ғана өздері ата-аналарына еркелеп, алаңсызда ғұмыр кешкен жастар, балалықты ысырып тастап, өмір кітабының жаңа парақтарын ашуды бастап кетеді. Осыған дейін тыныштықта, алаңсыз күн кешкен олар үшін өздері мүлде бейхабар отбасы атты жаңа кеңістікке қаймықпай сіңісу оңайлыққа түспесі белгілі. Бұрындары тек өз дегендерімен жүріп-тұрып үйреніп қалған жастар енді жаңа тіршілікке дағдылана бастайды. Бұрынғыдай жеке дара емес ортақ арман мен мақсатты түзіп, соны орындау жолында тырбана еңбек етеді. Енді олардың ішкі «Мені» «Бізге» алмасады. Міне, отбасы ұғымының құдіреті де осында болса керек.

Мамыр айы – мына жарық дүниеде сіз үшін бәрінен биік, бәрінен қымбат, барша жанға ортақ мерекенің мерзімі. Себебі, 15 мамыр – халықаралық отбасы күні. Бұл күнді төрткіл дүние жұрты аса зор қуанышпен қарсы алады. Аталмыш мереке 1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының шешімімен қабылданған болатын. 1994 жылдан бастап мамыр айының алғашқы жартысы аяқталған күні дәстүрлі түрде аталып өтілетін болды.

Адам өмірінің негізгі қорғанышы, негізгі қолдаушысына айналған берік отбасы институтын қалыптастыру оңайға түспейтіні анық. Ер мен әйелінің бір-бірінің мінез-құлқына, жаңа түскен келіннің қайынжұртына үйренісіп кетуі үшін де біршама уақыт керек. Психолог мамандардың айтуынша, көбіне жастар отбасы құрғаннан кейін кездесетін қаржылық қиындықтарға да төтеп бере алмау себебінен күрделі проблемалық жайттарға тап болып жатады екен. Отбасы мәселелерін зерттеумен айналысатын «Қоғамдық пікір» қорының мәліметтерінше, азаматтар отбасында дау-жанжалды мәселелерге қаржылық қиындықтарды, баспананың жоқтығын және қалған себептеріне жұмыссыздық пен денсаулықтың нашарлығын себеп еткен. Аталған себептердің көп жағдайда екі жастың жолы қақ бөлінеді. «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» дегендей дәм-тұзы жараспаған жанұялар шырмаулы мәселеден ажырасу арқылы құтылуға шешім қабылдайды. Әлем бойынша әрбір 13 секунд сайын бір отбасы жойылып отырады екен. Бұрынғыдай ата-ана сөзін қатаң жарғыдай қабылдап, аттап өтпейтін, дәстүрге берік қазақ менталитеті бәсеңдеген заманда біздің еліміз ажырасу фактісі бойынша жоғарғы орындарды бермей тұрған мемлекеттердің қатарында. Көбіне отағасы табысының ішіп-жеуден артылмауы, маскүнемдікке салыну, әйеліне қол көтеру жағдайлары – негізгі түйткілдердің бірі. Гендерлік саясат сайрап тұрған заманда әйел адамдарда күйеусіз далада қалмайтынын біледі. Соның нәтижесі – бүгінде қазақстандық әрбір үшінші отбасының тарқап тынуы. Жұбайлардың өзара жараспауы бірінші кезекте ортадағы балаға әсер етеді. Мамандар сөзінше толыққанды отбасыда өмір сүрмеген балалар өздерін кінәлі сезініп, қоғаммен араласуы төмендеп, тұйықтала бастайды екен. Жастайынан психологиялық соққы алған баланың өз-өзіне деген сенімсіздігі де азаяды, ешкімге сенбейтін болады және олардың теріс жолға түсіп кету жағдайлары да жиі ұшырасады. Осындай қателіктен аулақ болу үшін көпке құрметті анадан кеңес сұрадық.

– Бүгінгі жағдай біздің жас кезімізден мүлде бөлек. Қазір жастар жігіт пен қыз болып достасып жүреді. Әңгімесі түзу, тепсе темір үзетін жігіт пен түр-сымбаты келіскен ай жүзді ару. Сезімдері оттай лапылдап тұрған ғашықтар отбасын құруға бел байлайды. Шындығында, олар екеуіде бір-бірін толық танымайды ғой. Алғашында теріс мінездерін шығармайтыны сөзсіз. Осылай отбасын құрады. Уақыт өте бірінен соң бірі қылтиып жақпайтын жат қылықтары бой көрсете бастайды. Міне, осындай кезде ашу-ызаға, қызбалыққа берілмей сабыр етіп, түсіністік таныта білу қажет. Ер адам отбасының тірегі, қорғаушысы, асыраушысы. Ал әйел сол үйдің отанасы, жарығы мен жылуын шашар шамшырағы іспетті. Бірінің бірінсіз күні жоқ. Серігіңнің ұнамаған жағын түсіндіруге тырысу керек. Әйелі ер адамға деген назын жайменен, майдалап, қарнын тойдырырып, жақсы көңіл күйде отырған сәтінде түсіндіргені абзал. Жақсы әйел өз кінәсін ерінің қабағынан-ақ ұғып алады. Жұбайын құрметтеп, шын жақсы көретін отанасы өз қателігін екінші мәрте қайталамайды. Міне, осылай өзара үндестікте, түсіністікте өмір сүрсе ғана отбасы сақталады. Бастысы – махаббатты сыйластықпен жалғай білу керек. Мен мұны өз балаларыма да айтып отырамын. Отбасы күні деген – ең бір ерекші күндердің бірі ғой. Бұл күнді біреу білсе, келесі біреулер онша біле бермейді. Жылы ұяның қадірін ұғындырар халықарылық отбасы күні құтты болсын. Қадір-құрметтерің артып, сезіңдерің сөнбесін. Бейбіт аспан астында балаларың бақытты өмір сүріп, қызық-қуанышқа кенелтсін! – деген ақ жаулықты Күлтән ана жезқазғандық отбасыларды осынау айтулы күнмен құттықтады.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН 

17:20
393

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020