«РУХАНИЯТТЫ ҚОЛДАУ – КЕЛЕШЕКТІ ОЙЛАУ»

21 МАМЫР – МӘДЕНИЕТ және ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ

Елдің рухани дамуы мен кемелденуі жолында мәдениет саласының алар орны мен атқарар рөлі зор екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас. Алайда, «Біткен іске сыншы көп» деген халық даналығы осы салаға қараталып айтылғандай. Неге десеңіз, дәл осы сала ұдайы орынды да, әрі орынсыз да сынға ұшырып жатады. Сонда да сағы сынбай, бойын тіктеп бізге рухани байлық сыйлап, өмірімізді әуезді әуенге, ырғақты би мен күмбірлеген күйге толтыруды басты міндеті санайтын театр, кітапхана мен филармония қызметкерлерінің еңбегі жоғары бағаға лайық. Қалай дегенде де, қазақылығы бұзылмаған біздің қаланың мәдени саласы бүгінде облыстың алды, руханияттың үлгісі болып отыр. Бұл сөзімізге жезқазғандық сахна тарландарының облыстық, республикалық қана емес сонымен қатар халықаралық дәрежедегі байқаулардан жүлдесіз оралмайтыны дәлел болса керек. Осындай зор табыстар мен оң нәтижелерге толы қала мәдениетінің бүгінгі даму деңгейі қандай, кейбір салалардағы кемшіліктерді қалай дұрыстауға болады? Міне, осындай сауалдарға жауап алу үшін біз Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат НҰРЛЫБАЕВАНЫҢ есігін қақтық.

–Салтанат Сүлейменқызы, кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Өткенге көз жүгіртіп, 2019 жыл қала мәдениеті үшін қандай ерекшеліктерімен есте қалғанын айта отырсаңыз.

2019 жыл қала мәдениеті үшін ерекше жыл болды деп айта аламын. Тарихы тереңге бойлаған мысты өңірдің торқалы тойы кең көлемде аталып өтті. Қаланың 65 жылдық мерейтойы аясында түрлі шаралар бастау алды. Алаш алаңында мерейтойға арналған театрландырылған көрініс, Қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала концерт ұйымдастырылды. Жезқазған қаласының қалыптасуы мен дамуына айрықша үлес қосқан бір топ жерлестерімізге «Жезқазған қаласына 65 жыл» мерекелік медалі табыс етілді. Арнайы шақырылған Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының концерті қала жұртшылығына мерекелік сый болды. Шаралар легі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Ж.Хаджиевтың туғанына 70 жыл толуына орай Ж.Хаджиев атындағы ІІІ Халықаралық театр және «Ұлы Дала мұрасы» атты халықаралық музейлер фестивальдерімен, Кетбұқа би атындағы «Ақсақ құлан» халықаралық күйшілер конкурсымен, Жақсыкелді Сейілов атындағы республикалық ән байқауымен жалғасты. Мысты өлкеде алғашқы рет «Ардагерлер ән салады» атты соғыс және еңбек ардагерлері хор ұжымдарының ХХІХ облыстық фестивалі өткені де жезқазғандықтардың жадында.

Өткен жыл мәдениет және өнер қызметкерлері үшін де жеңіске толы кезең болғанын айтып кетпеске болмас. Атап айтсақ, Қарағанды облысы әкімінің дәстүрлі «Алтын қобыз» сыйлығының «Жыл әртісі» номинациясын С.Қожамқұлов атындағы театрдың актері Ардақ Жарқынбеков еншіледі, Т.Қалмағанбетов атындағы филармонияның 45 жылдық мерейтойына орай «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Т.Қалмағанбетов атындағы филармония әншілері Ләйла Бекболакова, Қайрат Әбеуов және театрдың қуыршақ труппасының актрисасы Гүлнұр Асылбекова иеленді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің Кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төс белгісімен театрдың актрисалары Сәбира Бегайдарова, Зилиха Абдрасылова, реквизиторы Гүлнар Қабылова, гримдеушісі Самал Аристамбекова, музыка бөлімінің меңгерушісі Үмітай Абдулаева марапатталды. «Сахнагер — 2019» сыйлығының «Үміт» номинациясын театрдың әртісі Нұржан Бейісбеков иеленді. Жезқазған қаласы әкімінің дәстүрлі «Үкілі қобыз» сыйлығы Жезқазған қаласының мәдениеті мен өнерін дамытуға үлес қосып, үздік деп танылған 10 қызметкерге табыс етілді.

Біздегі м әдениет ошақтарының хал-ахуалы қалай? Сахналық киіммен, музыкалық құрал- жабдықтарымен толықтай қамтамасыз етілген бе?

–Жезқазған қаласында мәдениет саласының инфрақұрылымы 22 нысанды құрайды. С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театры, Т.Қалмағамбетов атындағы филармония, тарихи-археологиялық мұражай, 11 кітапхана және 7 мәдениет-сауық мекемесі халыққа рухани-мәдени қызмет көрсетеді. Әр түрлі жанрдағы 30-ға тарта шығармашылық ұжым: хор, би, эстрада, вокал ансамбльдері бірлесіп жұмыс істейді. Былтырғы жылы вокал тобына, көркемөнерпаздар ұжымдарына сахналық костюмдер тігілді, мәдениет үйінің үлкен залына сахна киімдері алынды. Жезқазғанның құрылуы мен дамуында қолтаңбасы қалған еңбек ардагерлерін қолдау мақсатында Халықтар достығы мен мәдениеті Үйінде «Асыл қазына» белсенді өмір сүру орталығы ашылды. Орталықта қарияларға компьютерлік сауаттылықты арттыруға, қолөнермен айналысуға, газет-журнал, кітап оқып, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, домино ойындарын ойнауға мүмкіндік жасалған. Жергілікті бюджеттен 4 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл орталық «Жезқазған маржандары» ардагерлер хоры, «Любысток» украин-белорус халықтық ансамблі, «Ақ әжелер» ансамблі қатысушыларының сүйікті орнына айналды.

Мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Әр жылдары Халықтар достығы мен мәдениет үйіне көпшілік іс-шараларды жоғары дәрежеде өткізу мақсатында кәсіби сахна, кәсіби дыбыстандыру аппаратурасы, сыртқа және ішке LED-экрандар алынды. 2019 жылы хореографиялық қойылымдар үшін 100 сахналық киім тіктірілді.

С.Сейфуллин атындағы кітапханада Коворкинг орталығы ашылды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 5 млн 300 мың теңге қаржы бөлінді. Орталық жұмыс жасауға қажетті барлық ыңғайлы жиһаздармен жабдықталып, онда бірлескен және жеке жұмыстарға арналған алаңдар, ақысыз wi-fi, жедел интернет, skype арқылы сұхбаттасу, принтерлер, сканерлер бар. Орталықта қала жастары жиналып, әр түрлі форматта кездесулер өткізіп жүр. Жалпы, мәдениет ошақтарына деген қамқорлық қала, облыс әкімдігі тарапынан жылдан жылға ұлғайып жатыр.

Ауылдық мәдениет үйлері назардан тыс қалып жатқан жоқ па?

Жезқазғанның өзге қалалардан ерекшелігі сол – оның аумақтық құрамында ауылдар бар. Сондықтан, ауылдарда мәдениет ошақтарының болуы әрине заңдылық. Бүгінде Кеңгір, Талап, Малшыбай, Теректі, Қорғанбай елді мекендерінде ауыл клубтары мен кітапхана-филиалдары тұрғындар игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Қала деңгейінде «Ауыл мәдениетін дамыту – 2018-2023» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жұмыс жоспары бекітілді. Осы жоспар аясында 2018 жылы Талап ауылдық клубына қала бюджетінен 7 млн 302 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, клуб қолданысқа берілді. 2019 жылы Малшыбай селосында клуб ашылып, оның есік-терезелері, едені ауыстырылды, толығымен жылыту жүйесі мен электр желісі жаңартылды. Бұл жұмыстарға қалалық бюджеттен 16 млн 604 мың теңге жұмсалды. Олардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында жиһаздар, домбыра аспаптары, сахна киімі, дыбыстандыру аппаратурасы алынды.

Тағы бір ауыз толтырып айтатын жаңалығымыз биыл 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасына сәйкес Теректі стансасындағы ауылдық клубқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі: шатыры, жылу, электр жүйелері, есік, терезе, едені толығымен ауыстырылады. Құрылыс мерзімі маусым айынан бастау алып, тамыз айында аяқталады. Күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 33 млн 427 мың теңге бөлінді. Жұмыспен қамту орталығынан 6 жұмыскер жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Ауыл клубтарының барлығы музыкалық дыбыстандыру техникасымен, домбыра аспаптарымен толықтай қамтылған.

Бізде м әдениет қызметкерлерін, жас таланттарды қолдау шаралары жолға қойылған ба?

Әрине, мәдениет және өнер қызметкерлерін қолдау – біздің басты міндетіміз. Руханиятты қолдау – келешекті ойлау. Жастардың шығармашылығын дамыту мақсатында әр түрлі байқаулар дәстүрлі түрде жас ерекшелігіне қарай өткізіледі. Мысалы, «Күміс қоңырау» байқауы, « Әнші балапан» балалар байқауы мен жөнерлі жастардың басын қосатын «Жұлдыз – 2019» аймақтық эстрадалық ән байқауы мен жас ақындардың жыр мүшәйрасын ұйымдастыру игі дәстүрге айналған. Былтырдың өзінде жезқазғандық көркемөнерпаздар мен ұжымдары, талантты шығармашыл жастар 20-дан астам облыстық, республикалық және халықаралық фестиваль, конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Оған қала бюджетінен 2 млн теңге бөлінді.

Мәдениет саласы қызметкерлерін, оның ішінде жас мамандарды қолдаун «Дипломмен-ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында да жүзеге асырылады. Өткен жылы Кеңгір ауыл клубының домбыра үйірмесінің жетекшісі Асқар Дәулет жұмысқа қабылданып, мемлекет тарапынан көтермеақы алып, үйлі болды. Алдағы уақытта да мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қолдау шаралары өз жалғасын табатын болады.

Мысты өлкеде айтыс өнерінің кенже қалып жатқаны көпшілікті алаңдататынын білесіз. Бұл бағытта қандай жоспарларыңыз бар ?

Халықтың пікір-ұсынысын ескере отырып, 2020 жылы «Ұлытау үні» фестивалінің 30-жылдығы аясында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған республикалық айтыс өткізу жоспарланды. Қолдау тауып, қалалық бюджеттен 10 млн теңге қаржы бөлінді. Конкурстық шаралары өткізіліп, жеңімпазы анықталып, өткізуге дайындық жұмыстары жүріп жатқан кезде, өздеріңізге белгілі, пандемияға байланысты төтенше жағдай режимі жарияланды. Сол себептен айтысты келесі жылға шегердік.

–2020 жыл – мерейлі даталар жылы. Осы ретте қала жұртшылығын немен таң қалдырмақсыздар?

–Жыл басынан әр мерейтойға арналып, көптеген ісшаралар жоспарланған болатын. Белгілі жағдайларға байланысты жоспарымызға көптеген өзгерістер енгізуге тура келіп отыр. Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойына орай Жошы хан мавзолейі жанында тарихи-мәдени кешен салынады. Сол кешенде «Жошы хан» ескерткіші де қойылады. Бөлімнің тарапынан Жошы ханға орнатылатын ескерткіштің республикалық гезеттерде ашық конкурсы жарияланды, конкурсқа 6 автор қатысып, үздік жоба анықталды. Қазіргі таңда ескерткіш дайындалуда. Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына орай ісшаралар легі қыркүйек айында жоспарланып отыр, оның ішінде, Абай көшесі мерекесі, Абай өлеңдеріне жасалған көрме, мәнерлеп оқу сайысы т.б. Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150-жылдығына республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарланып отыр.

–Мереке қарсаңында жыл сайын мәдениет және өнер қызметкерлерінің еңбегі еленіп, марапатталып жататын еді. Карантинге байланысты өнер иелері ұмыт қалмады ма?

–Қуаныштысы сол – әріптестерімнің еңбегі биыл да лайықты бағасын алады. Мәдениет және өнер қызметкерлерін қолдау және ынталандыру мақсатында табысталатын Қарағанды облысы әкімінің жыл сайынға «Алтын қобыз» сыйлығы биыл да біздің жерлестерге бұйырыпты. Конкурстың қорытындысы енді шықты. Сондықтан, жақсы жаңалықты сүйіншілеп, әріптестерімді құттықтаймын. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен С.Қожамқұлов атындағы музыкалы драма театрының әртісі әрі режиссері Мируана Жанботаева, ҚР мәдениет және спорт Министрлігінің Құрмет грамотасымен тарихи-археологиялық музейінің бөлім басшысы Қабдол Әуезов марапатталмақ. «Алтын қобыз» сыйлығының «Жылдың үздік эпизодтық рөлі» номинациясы С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалы драма театрының әртісі Құрман Игібаевтың, «Жылдың үздік театр режиссері» номинациясы С.Қожамқұлов атындағы музыкалы драма театрының әртісі және режиссері Мируана Жанботаеваның, «Көркемөнерпаздар ұжымының үздік жетекшісі» аталымы «Диндалле» кәріс халық ансамблінің көркемдік жетекшісі Валентина Кимнің еншісінде. Ақын, сценарист, драматург, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығының директоры Ғазиз Ештанаев «Алтын жолақ» номинацияның иегері атанды.

Осы сәтті пайдалана отырып, барша Жезқазған қаласының мәдениет және өнер қызметкерлерін, әріптестерімді, кәсіби мерекелерімен құттықтап, дендеріңе саулық, бастарыңа амандық, шығармашылық табыс тілеймін.

–Салтанат Сүлейменқызы, уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рақмет. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Диана ОРАЗАЛИНА

14:59
560

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020