​ТЕРЕКТІДЕ МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Жезқазған қаласында биыл қолға алынатын ең ірі жобалардың бірі – Теректі стансасында 80 оқушыға шақталған мектеп құрылысы. Жобаға тапсырыс беруші – «Жезқазған қаласының құрылыс бөлімі» ММ.

– Қалалық бюджет қаражаты есебінен Жезқазған қаласының Кеңгір ауылдық округіне қарасты Теректі стансасының 80 орындық мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Дизайнер — «Астана-Проект» ЖШС. 20.05.2020 жылы ведомстволық емес сараптаманың оң қорытындысы алынды, — деген қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мәруа Келмағанбетова жаңа мектептің жалпы сметалық құны 892,1 млн теңге екенін айтады.

Мектептің құрылысы екі жылға жоспарланып отыр. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша бастапқы құрылысқа 500,0 млн теңге қарастырылған. Қазіргі таңда жобаны жүзеге асыратын мердігерді анықтау бойынша конкурс жарияланған. Оның қорытындысы 3 маусымда белгілі болады. Құрылысқа жергілікті жұмыссыздар санатынан 63 жұмыскер жұмылдырылады.

Жобалық құжатқа сай білім ошағы екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта вестибюль, гардероб, ем-шар бөлмесі бар медициналық кабинет пен күзет бөлмесі, қабылдау, директор мен оның оқу, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының кабинеттері және технология сабағының кабинеттері орналасады. Ұлдарға арналған технология кабинеттерінде сыртқа шығатын бөлек есік қарастырылған.

Сонымен бірге әр кабинетте мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ыңғайлы орындар да болады. Ал, екінші қабатта химия, биология, физика, информатика, алғашқы әскери дайындық пәндерінің кабинеттері мен мультимедиалық класс, мұғалімдердің әдістемелік кабинеті, сондай-ақ, логопед пен психологтың кабинеті мен бухгалтерия орналасады. Мектептің ауласы абаттандырылып, жасыл желектендіріледі. Бастауыш сынып оқушыларына арналған ойын алаңқайымен бірге жекелеген футбол, волейбол мен баскетбол алаңдары салынады. 72 орынға арналған асхана, әншілік мен актерлік шеберлікке баулитын үйірме сыныптары да мектеп жобасында бар.

Жаңа мектеп 2021-2022 оқу жылында теректілік оқушыларға есігін айқара ашады деп жоспарлануда.

14:08
663

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020