Рамазан ҚҰРМАНБАЕВ: АШАРШЫЛЫҚТЫ ГЕНОЦИД ДЕП ТАНУ КЕРЕК

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. ХХ ғасыр басындағы зұлматты жылдарда ұлт қайраткерлері адам төзгісіз, жантүршігерлік азаптардан өтті, «себепсізден-себепсіз ату жазасына кесіліп отырды. Шолақ саясат салдарынан қолдан жасалған аштық қазақ тарихындағы ұлттың генофондына орасан нұқсан келтірген зұлмат болды. Азалы жылдардың ақыретін анықтауға барынша күш салып, ашаршылық тақырыбын республикалық деңгейде көтеріп жүрген «Ашаршылық құрбандары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамазан ҚҰРМАНБАЕВПЕН сұхбатымыз да осы ашаршылық туралы болды.

– Рамазан аға, алдымен ашаршылық тақырыбына қалай келдіңіз, оған не себеп болды? Қандай деректер немесе оқиғалар назарыңызды аудартты?

– 1931-1333 жылдардағы қолдан ұйымдастырылған ашаршылық кезінде ең көп адам шығыны болып, халқының көп бөлігі қырылып қалған қазақтар мен украиндер екен. Әр ел жеке дара кетіп, Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін украиндар бұл мәселені бірден көтерді. Бұл ұлтты қырып, біржолата тұқым-тұяғымен жойып жіберу үшін жасалған қасақана ашаршылық, яғни, геноцид екендігін барынша дәлелдеп бақты. Осы тақырыпта тарихшы ғалымдары зерттеу жүргізді. Түрлі бейнематерилдар әзірленді. Соның нәтижесінде бұл қолдан жасалған геноцид екендігін АҚШ сенаты шындық деп танып, қолдау білдірді. Бұл оқиғадан кейін тағы әлемнің 23 мемлекеті мойындады. Бірақ, әттеген-айы, белгілі бір арнайы талаптардың орындалмауына байланысты БҰҰ бұл ашаршылықты геноцид қиянаты деп таппады. Дегенмен, соның өзінде әлемнің беделді мемлекеттерінің көбі бұны геноцид деп танығанының өзі неге тұрады?!

Ашаршылық туралы бірен-саран естіген-білген боларсыздар. Себебі, қаншама жанның зардап шегуі арқылы, елім деп еміреніп, жерім деп тебіренген сан түрлі боздақтардың басын бәйгеге тігіп, өмірлерін құрбан етуі арқылы келген тәуелсіз кезеңде өздеріңіз секілді жас ұрпақтың тарихты білуі өте маңызды. Себебі өткені ұмытылған ұлттың ертеңі де болмақ емес. Мен бүгінгі Қазақстан тарихын соншалықты мінсіз, мөлдір, анық дей алмас едім. Себебі, біздің тарихымызда әлі де болса су бетіне шықпаған, кезінде жіберілген олқылықтар салдарынан тасада қалып кеткен жұмбақ жайттар өте көп. Әйтсе де, қай жұмбақтың болмасын нақты шешімі болатыны шындық. Тек біз соны жөнді шеше алмай жатырмыз немесе сол бір жұмбақтың жауабы табылғанын қаламаймыз.

1931-1933 жылдардағы ашаршылық көптен ойластырылған іс еді. Яғни, бұл – геноцид. Алдымен «геноцид» ұғымына нақты түсініктеме берейік. Геноцид дегеніміз – адамдардың үлкен тобын, соның ішінде әсіресе белгілі бір ұлт пен этникалық топтың адамдарын қасақана өлтіру. Бұл саясат қазақтар үшін әдейі істелді. Әңгімені басынан бастайық. 1917 жылғы ақпан, қазан төңкерістерінен кейін еліміздің оңтүстік өңірлерінен бастап Кеңес үкіметі орнай бастады. Өнеркәсіп орталықтары мен темір жолға жақын, жұмысшылар басым оңтүстік және солтүстік аймақтарда – бейбіт жолмен, Сібір, Орал, Жетісу казактары мен офицерлер, кулактар біріккен контрреволюциялық күштер басым аудандарда – қарулы күрес жолымен орнаған Кеңес үкіметі көсемі Владимир Илич Лениннің «Нан – ашыққандарға, бейбітшілік – халыққа, жер – шаруаларға, билік – кеңестіктерге!» деген ұраны жай дақпырт түрінде ғана қалды. Себебі, кеңестік билік тұсында да қазақтың соры бес елі болып қала берді.

Азамат соғысынан соң пайда болған қиындықтарды еңсеру мақсатында Кеңес үкіметі 1918 жылы қалалардағы өнеркәсіп жұмысшыларын, қызыл әскерді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында елдегі барлық материалдық астық қорын иемденуге көшті. Бұнысымен тоқтап қалмай қара жұмысқа жекті. Осынау «Әскери коммунизм» саясатымен азық-түлік салығы енгізіліп, біздің халқымызға да басы артық азық қорын үкіметке өткізу міндеттелді. Осылайша халық төрт түлік малынан түгелдей айрылды, оңтүстіктегі егін шаруашылығымен айналысатын тұрғындар да астық өнімін түгелдей өткізуге мәжбүр болды. Міне, осы тұста қазақ даласындағы аштықтың алғашқы кезеңдері көрініс бере бастаған еді. Оны Алаш арыстарының көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 1922 жылы «Қазақ календарына» жазған «Тәні саудың жаны сау» атты мақаласындағы «...Өткен қыста аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті… Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті...» деген сөздерінен оп-оңай ұғынуға болады.

Бұған бір жағынан, шаш ал десе, бас алатын, жағымпаз қазақ жандайшаптары да кәнілі. Бұл аз болғандай одан әрі ұжымдастыру басталды. Романовтар әулетін жоюға атсалысқан жауыз Филипп Исаевич Голощекиннің билікке келуімен басталған қазақ тұрмысындағы өзгеріс салдарынан ел іші ырду-дырду күйге енді. Белгіленген межені асыра орындап, билікке жағуды көздеген жандайшаптар ойларына келгенін істеді. Халықты бір жерге жинағанына қоса, оларды барынан айырды. Тоқыма өндірісіне деген желеумен малдың жүнін көп өткізгісі келген биілік жандайшаптары қақаған қыс кезінде уақ малды қырқып, нәтижесінде бүкіл елдің күн көріп отырған малын қырып алғандығы тарих беттерінен белгілі жайт. Бір жағынан білместіктің нәтижесі көрінгенімен, мұның өзі аңғал қазақ жұртына әдейі жасалған әрекет қой. Ет өнімін арттыру мақсатында қаншама мал сойылды. О.Исаев, І.Құрамысов, Т.Голюдов, Е.Ерназаров қазақ сахарасында «Кіші Октябрьді» жүзеге асыру ниетімен 700-ге жуық байдың бар малын тартып алды. Кезіндегі мыңғырған малы бар қазақ байлары қайыр тілеп, тентіреп кетті.

Тарихи деректерге сүйенсек, Қазақстанда 1929 жылы 40 000 000-ға жуық мал болған. Осыдан 1933 жылы тек 4 000 000-дай ғана басы қалған. Осы жылдары Қазақстаннан Орталыққа жіберу үшін 2 422 105 центнер ет дайындалған. Шындығында сол қазақтың төрт-түлігінің еті жетер жеріне жеткен де жоқ. Қаншама ет босқа сасып қалып жатты. Оның есебі ешкімді де қызықтырмады. Себебі бұның бәрі ойластырылған іс-әрекет еді. Қарсы шыққан қазақ аяусыз жазаланды. Соның бір дәлелі өлкелік партия комитетінің хатшысы Т.Голюдовтің «Ұжымдастыруға қарсы шыққан қазақтарды соттың үкімінсіз атып тастауға рұхсат» деген сөзі болса керек-ті. Міне, осы тұста кез келген сойылған мал мен қапшықтап жиналған астық көлемі жазылып отырған, ал өлім құшқан қазақтар санына ешкім тізім құрмаған. Себебі, бұл мәселе ешкімді де алаңдатпаған. Осындай көзсіз әрекеттің соңы 1931-1933 жылдардағы ашаршылыққа душар етті. Киерге киім, ішерге тамақ таппаған қазақ халқы аштықтан қырыла бастады. Ресей империясында 1897 жылы өткен халық санағының ресми статистикасы бойынша қазақ саны 4 084 139, өзбектер 1 690 000, тәжіктер 350 000 болған. Бұдан тура жүз жыл өткеннен соң өзбектердің саны 25 000 000-ға жуықтап, қазақтар саны 9 000 000-ға әзер жеткен. Ал академик-демограф Ю.Бромлейдің «Этиническая демография народов СССР» атты кітабында 1939 жылы қазақ халқының саны 1926 жылмен салыстырғанда, өсу орнына, керісінше, 26 пайызға кемігендігі туралы айтылған. Қазақ халқы 1926 жылғы санға әупірімдеп 1970 жылы ғана әрең жетті. Орыс ғалымы А.Данилов «1932 жылы астықты шетелге шығармаса, Кеңес Одағында 7 000 000 адамның өмірін сақтап қалуға болатын еді» деп жазды.

Перзентін әулетін жалғастырушы ретінде санаған қазақ халқының отбасы бақытын сәби іңгәсімен есептегенін білеміз. Бұл туралы Әлихан Бөкейханов «Қазақ қанша?» атты мақаласында: «… Қазақ өсімі жалпы адам баласының өсімінен артық көрінеді. Қазақта бір жылда екі жүз үш адам қосылып өседі десек, 1914 жылғы қазақтың саны 6 470 000 болған болады» деп, кейіннен «Әлхамдулилла, алты миллионбыз» деп қуанғаны ұзаққа бармағаны тым өкінішті. Ия, қазақ даласында әр 4 жыл сайын жұт қайталанып отыратын болған. Бірақ, қанша жерден мал қырғынға ұшараса да, адам өлмеген. Бұның жай ашаршылық емес қолдан қазақ халқын жойып жіберу үшін жасалған қастандық екені мені ашындырады.

Шындығында, осынау 1931-1933 жылдардағы аштықтың қиындығына тап болмаған ешқандай қазақ отбасысы болмады. Бұған, Міржақып Дулатовтың «Ақжол» газетіне жазған мына мақаласы да дәлел. Аталған мақаладан «Торғай үйезінде мал қырылып жатыр. Жазғы салым ашаршылық күтіп отырмыз. Алыстан азық таситын көлік қалған жоқ. Қарқаралы үйезінде шаруа күйзелді. Мал өліп жатыр. Жұрт жаяу, аш, жалаңаш… Темір үйезінде жұт. Ауру қалың, күнде жаназа… Бөкей ордасының қазақтары томыршық деген шөптің дәнін қағып жеп жатыр… Ырғыз үйезінің қазақтары саршұнақ тышқанды жеп жатыр. Күздігүні өлген малдардың өлексесін қар астынан қазып алып жеп жатыр. Өлексе әрі ас болмай, бишаралар қырылып жатыр» деген жолдарды кездестіреміз. Ал Ғабит Мүсірепов жазбаларынан «Ер кісілер ізбен жүріп отырып киіз үйге қарай беттедік. Есікті аштық. Күтпеген жерден қаңырап бос тұрған киіз үйдің ішінен адамның жүрегін шымыр еткізетін жіңішке ысқырық естілді. Бәріміздің денеміз мұздап кетті. Әлде иттің ырылы ма дерсің, әлде мысықтың ызаланып айбын көрсетуіне ұқсас па, бір дыбыс шығады. Жаман шошаланың саңылауынан кішкентай адамға ұқсас бір сүлбе адамдарға тұра ұмтылды. Үсті басы қанға боялған. Ұзын шаштары қанға бітіп мұз қырау сияқты түйдектелген, қап-қара екі аяғы сидиған, қара қарғаның мүйіз аяқтарына ұқсайды. Екі көзі есі жоқ бейнені танытады, екі беті қанға боялған, ернінен жас қанның ағып тұрған ізі көрінеді» деген естеліктерді оқығанда көңіліңізді өксік кернері ақиқат.

Балаларын «Сыртқа шықпа, шықсаң жеп қояды» деген сөзбен ұстаған қазақтың сол кездегі қасіреті қанша ғасыр өтсе де өшпейтіні, қазақпен бірге жасап, Ұлы Даланы кезе беретіні сөзсіз. Өз балаларын өздері асып жеу, көш соңында іздеусіз қалып кету сынды аса ауыр оқиғалар қазақ зиялылыларының жазбаларында көптеп кездеседі. Міне, менің мақсатым – осынау ауыр трагедиялық сұмдық жайтты ұрпағымыз ұмытпаса екен деген ой.

Өзіңіз басшылық ететін бірлестік туралы айта өтсеңіз.

«Ашаршылық құрбандары» қоғамдық бірлестігі 2014 жылы құрылды. Бұл ұйымды құруға басты себеп – ашаршылық ақиқаты ашылса деген ойдан туды. Бүгінде біздің құрамымызда жазушы Кәмел Жүнісов, тарих ғылымдарының докторлары Талас Омарбеков, Болатбек Нәсенов, кино ресжиссері Еркін Рақышев, ақын Сара Смағұл, ақын, өнертанушы Құсмілия Нұрқасым тағы да басқа көпке үлгілі ұлт жанашырлары бар.

Қазақстанда өмір сүріп жатқан қазақтардың барлығы дерлік ашаршылық құрбандарының ұрпақтары. Осыны сөзге тиек ете алғаш рет 2014 жылы 30 сәуірде 2014 жылы бір топ қоғам белсенділері ҚР Парламенті Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева мен ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке хат жолдадық. Хатта «...31 мамырда атап өтілетін «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күнін, жазықсыз жапа шегіп жоқтаусыз кеткен ашаршылық, қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым ететін «Қасірет күні» деп белгілеуді ұсынамыз. Осы күні мемлекетімізде көңіл көтеретін ойын-сауықтар тоқтатылып, туымыз төмен түсіріліп, барлық жерде қаралы музыка ойналып, бүкіл халық аза тұтып, құрбандарға арнап ас беріліп, рухтарына бағышталып Құран оқылып, тағы да басқа игілікті іс-шаралар өткізілуі тиіс. «Өлігін құрметтесе, бабасын қастерлесе, халықтың қасиеті бұрынғы қалпына түседі» деп Ұлы Конфуций айтқандай, ұлтымыздың рухын көтеруге талпыныс жасаған осы қадамымыз Сіздердің тараптарыңыздан қолдау табатынына сенеміз» делінген. Бұл хатымызға ҚР Мәдениет вице-министрлері А.Бөрібаев пен Ж.Омаровтан «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» ҚР Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтарындағы №327 Жарлығымен 31 мамыр-Саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын еске алу күні деп бекітілгенін мәлімдейміз»деген ресми жауап алдық. Бұдан кейін де билік басындағыларға бірнеше мәрте хат жолданды. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа да үндеу жариялап, бейнематериал түріндегі қаратпа хатымызды арнадық. Ұлттық сенім кеңесіне де хат жолданды. Бұл хатқа әрең дегенде электронды форматта жауап алдық. Мәселе әлі де қаралу үстінде. Нақты шешім қабылданбады. Біздің ұлтымыз әлі де тарихты мойындаудан тайсақтайды.

Тәуелсіздік рухани тұрғыдан да жүзеге асуы керек. Мәселені дұрыс түсіну керек. Бұл жерде қазақ жеріндегі аштық салдарына орыс ұлты, я басқа халықтар кінәләніп отырған жоқ. Бұл – сол кездегі Кеңес билігіндегі басшылардың солақай саясатының әсерінен орын алған қателік. Қателік те емес, арнайы жасалған саясат. Соған қарамастан бұған әлі саяси тұрғыдан нақты баға берілмеді Меніңше, бұны республикалық деңгейде геноцид деп тапсақ, Ресей тарапы да мойындайтыны анық.

– Сценариін өзіңіз жаззған «Ашаршылық» деректі фильмі туралы да айта отырсаңыз.

Бұл деректі фильмді түсіруге «Қазақфильм» киностудиясы тапсырыс берді. Осылайша мен сценариін жаздым. Фильмнің режиссері – Еркін Рақышев. Түсірілім жұмыстары 2014 жылы Алматы қаласында басталды. Фильмге жарты жылдай уақыт кетті. 500-ге тарта актер жұмылдырылды. Ақпан, қазан төңкерісі оқиғаларымен басталатын фильмде Кеңес Одағының қазақ жеріне орнауы, ұжымдастыру, аштық көріністері орын алды. Сондай-ақ, сол кездердегі Алаш ардақтыларының жұмыстары барысынан да кадрлар түсірілді. Актерлар құрамы өте мықты болды. Соның нәтижесінде деректі фильм жүрекке жететіндей, бойды шымырлататып, ой салатындай болып шықты. Өкініштісі – «Ашаршылық» қазір теледидар бетінде көп берілмейді.

– Ел арасында, тарихшы ғалымдардың кей пікірлерінде ашаршылықты бөлек, репрессия құрбандарын бөлек қарастыру керек деген ойлар айтылады. Сіз бұған не дейсіз? Жалпы тарихтағы ақтаңдақтарды еске алғанда нені ескеру қажет?

Күніне қазақ мыңдап өліп жатыр,

Тұқымы сағат сайын кеміп жатыр.

Өз баласын өзі үйітіп, сирағын жеп,

Көр азабын тірідей көріп жатыр, деп келетін Ілияс Жансүгіровтің өлең жолдарын оқыған боларсыз. Міне, осындай жырлары үшін Ілиястың басы оққа байланды. Одан бөлек қаншама қазақ зиялысы қаһарлы саясаттың жазықсыз құрбаны болды. «Бесеудің хатын» жазған қазақ оқығандары да қудалауға ұшырады. Айта берсек өте көп. Осы кезеңде өмір сүрген кез-келген әдебиет өкілінің өлімі кеңестік саясаттан болды. Билік басындағы қазақ оқығандары да І думадан келесісіне өте алмады. Міне, олардың барлығы осынау аштықты, сол нәубетті жылдардағы қазақ халқының жай-күйін тосырқамай айта алғандықтарынан мерт болды. Сол себепті де мен бұл екі тақырыпты екі бөлек қарастыруға қарсымын. Бұл екеуі ет пен сүйек секілді бір-бірінен ажыратуға болмайтын дүниелер деп ойлаймын.

– Сұхатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

16:56
871

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020