​ҚАЛАЛЫҚ ГАЗЕТТІҢ ҚАДАМЫ ҚАРЫШТЫ

4 маусымда Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің шыға бастағанына 30 жыл толды.

Кеңес одағындағы қайта құру кезеңі біршама өзгерістерге мұрындық болғаны белгілі. Бұрынғыдай емес, коммунистік партияның қолы біршама қысқарып, ашықтық, жариялылық қағидалары түбегейлі басымдыққа айналмаса да, бірқатар салаға ақырындап ене бастаған болатын. Бүгінгі Сәтбаев қалалық «Шарайна» газеті заңды мұрагері саналатын «Сары-Арқа» газеті де сол жылымық шақта Никольский қаласы халық депутаттары кеңесінің басылымы ретінде 1990 жылы 4 маусымда жарыққа шықты. Білетіндер бұл бастамаға облыстық партия комитетінің басшылығы барынша наразы болып, қарсылық танытқанын айтады.

Хош, сонымен газет жарыққа шықты. Тұңғыш редакторы Владимир Могилев болды. Көп ұзамай ол Ресейге көшіп, оның орнына Владимир Нудьга тағайындалды. Алып империя тарихындағы тағдыр шешті өзгерістер қарсаңында оқырманға жол тартқан басылым заман ырғағы, уақыт талабына сай өз соқпағын таба білді. Алғашқы кезде 1000 таралыммен шыққан басылымның оқырманы да бірте-бірте оқырманы да арта бастады.

Осы орайда газет атауы 1996 жылдың 22 наурызынан бастап «Шарайна» деп өзгергенін айта кеткен жөн.

Газеттің алғашқы тілшілері қатарында Владимир Липовка, Бекен Абдуллаев, Вячеслав Щеглов, Мәди Әлжаппаров, Қамбар Алашбаев, Жұпар Әлкенова, Айгүл Саринова, және т.б. атауға болады. Кейін олардың қатарын Зулфия Буданова, Татьяна Цай, Әлібек Әбдіраш, Оля Малахова, Айнұр Құлашева, Оксана Шевердиева, Елена Биккерт, Мейрамгүл Алпысбаева, Бағдат Қазкенов, т.б. жалғастырды.

Газеттің алдыңғы толқын қызметкерлері Дастан Ибраев, марқұм Сапархан Исахов, Гүлнәр Жаналиева, Алмагүл Смағұлова, Сәуле Кенжетаева, Юлия Фединаның есімі басылымның байырғы оқырмандарына жақсы таныс.

Әр жылдары газетке Абдолла Дастанов, Бақытжан Аманжолова, Майра Жаппасбаева, Төлеш Асанов, Сабыржан Тембаев, Ізтай Бейсенбаев редакторлық жасады. Құрылымдық өзгерістерге байланысты Бауыржан Бірманов біраз жыл директорлық қызмет атқарды. 2018 жылдан бері газетке Нурия Ильясова басшылық жасап отыр.

Газеттің шығармашылық ұжымы аймақтың тыныс-тіршілігінен жұртшылықты хабардар етіп, қаладағы ірілі-ұсақты өндіріс нысандарының жұмысы туралы ақпарат таратып келеді. Аймақ тарихы, өнері мен мәдениетіне қатысты етжеңді дүниелер де басылым беттерінде тұрақты жарияланып келеді. Осындай ұзақ жылғы шығармашылық жұмысы еленген «Шарайнаның» ардагер журналисі Мәди Әлжаппаров Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаты атанды.

-Басылым барынша заман талабына сай болуға тырысуда. Интернет, әлеуметтік желі сынды жаңа медианың кең қанат жаюы газетке бәсекелестік туғызып, дәстүрлі БАҚ қызметкерлерінің жұмысына жаңа талап қоюда. Соған сай біз де газеттің сыртқы дизайны мен мазмұнына мән беруге тиіспіз. Мен газет редакторлығына келгенге дейін «Шарайнаның» форматы өзгергенін оқырман біледі. Одан бері дизайны біршама өзгеріп жатыр. Оқырман талабына толық сай болу үшін газет мазмұны да барынша бай болуы керек деп санаймыз. Шығармашылық ұжым осы бағытта еңбек етіп жатыр, — дейді газет басшысы Нурия Әнуарбекқызы.

Он адамнан тұратын шағын шығармашылық ұжымның негізгі құрамы – газетте ертеден еңбек етіп келе жатқан қызметкерлер. Олардың қатарында журналистер Әлібек Әбдіраш, Ізтай Бейсенбаев, Айнұр Құлашева, корректор Рашида Орынбаеваны атап өткен жөн. Жауапты хатшы Мейрамгүл Алпысбаева, тілші Нұрлат Қонысбай, іс жүргізуші Алмагүл Мұхамедьянова – «Шарайнаның» шаруасын шыр айналдырып отырған бүгінгі ұжымның еңбекторылары.

«Шарайнада» шыңдалған Оксана Шевердиева бүгінде Елордада, Елена Бикерт Қарағандыда, Бағдат Қазкенов Жезқазған аймақтық «Мысты өңір» газетінде жемісті еңбек етуде.

-Газет ардагерлері – біздің алтын қорымыз. Қашан да жанашырлық танытып, қамқорлық жасап жүреді. Бұл қатарға біз көнекөз оқырмандарымыз бен тұрақты авторларымызды да қосамыз. Олар газетке жазылып, оқып қана қоймай, редакцияға хабарласып, ойларын да айтып жүреді. Бұл бізді жігерлендіріп, жұмысқа деген құлшынысымызды арттырады, — дейді газет редакторы Нурия Ильясова.

Бұл ретте газетке тұрақты қолдау көрсетуді дәстүрге айналдырған қала мекемелеріне басылым басшысының айтар алғысы шексіз.

-Жомарт Аханов басқаратын қалалық орталық аурухананың, Әділхан Аметов басқаратын «Сәт Тазалық» ЖШС, Ержан Тоқымбаев басқаратын Сәтбаев жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны, қаладағы емхана, отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардың, мектептердің ұжымдарына алғыс айтқым келеді, — дейді басылым басшысы.

Орда бұзар жасқа келген қалалық газет ұжымының жұмыс қарқыны осындай. Заман талабына сай журналистер әлеуметтік желі мен интернеттің игілігін де оқырман кәдесіне жаратуды қолға алып жатыр. Бүгінде газеттің өз сайты, әлеуметтік желілерде парақшалары бар. Жаңа технологиялар мен дәстүрлі баспасөз жұмысын шебер үйлестіре білген «шарайналықтар» шағын қалада отырып шартарапқа хабар тарататын іргелі ақпарат құралына айналуға болатынына сенімді.

16:52
156

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2019