​ЖЕЗҚАЗҒАНДА КАРАНТИН КҮШЕЙТІЛІП, БЛОК БЕКЕТТЕР ҚАЙТА ҚОЙЫЛАДЫ

Қарағанды облысында COVID-19 аурушаңдығының  көрсеткіші  7%-дан асып кетті. 13 маусымнан бастап кейбір карантиндік шаралар жаңартылады, оның ішінде қоғамдық және сауда объектілерінің жұмыс уақыты шектелмек. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің  баспасөз қызметі .

Қарағанды облысында коронавирустық инфекция жұқтыру жағдайлары көбейіп келеді. Тек соңғы аптада ғана 303 симптомсыз вирус тасымалдаушы анықталған, ал өткен тәулікте 52 ауру тіркелді. Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Саран қалалары, Қарқаралы, Шет, Бұқар Жырау және Абай аудандарында жұқтырғандар саны көп.

Сырқаттанғандардың басым бөлігі жаппай отбасылық іс-шаралардан кейін анықталуда.

— Адамдар өзін-өзі оқшаулау, әлеуметтік қашықтық және басқа да санитарлық ұсыныстарды бұзуды жалғастыруда. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің талаптарына сәйкес, егер өңірде аурушаңдықтың өсімі 7%-дан асса, карантиндік шаралар қайта жандандырылады. Біздің облыста бұл көрсеткіш 7,3%-ды құрайды. Сондықтан 13 маусымнан бастап белгілі бір шектеулер қабылданады, — деді Қарағанды облысының әкімі.

13 маусымнан бастап карантин аймағының периметрлері – Жезқазған, Қарқаралы ауданы, Шет ауданының Жарық кенті қоршалып, блок бекеттер орнатылады.

Мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің 70%-ы қашықтан жұмыс режиміне көшіріледі.

Қоғамдық және сауда объектілерінің жұмыс уақыты шектеледі.

— Құрметті қарағандылықтар! Мен осы күрделі кезеңде өз-өзімізді және жақындарымызды барынша қауіпсіздендіру үшін саналық танытатын және шаралар қолданатын барлық адамдарға алғысымды білдіремін. Барлықтарыңызды сабырлық танытуға шақырамын. Жақын арада үйреншікті өмір салтымызға оралу тек сіз бен біздің әрекеттерімізге байланысты, — деді Жеңіс Қасымбек аймақ тұрғындарына.

18:26
8428

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020