​COVID-19: ЖЕЗҚАЗҒАН ӘКІМІ ҮНДЕУ ЖАСАДЫ

Коронавирус инфекциясының таралу қарқынының артуына байланысты Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов Фейсбуктегі парақшасында қала халқына  үндеу  жасады.

ҚҰРМЕТТІ ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ!

COVID-19 жұқтырғандар санының өсуін және қалыптасқан эпидағдайды ескере отырып, Қарағанды облысында, оның ішінде Жезқазған қаласында карантиндік шаралар күшейтілетін болады.

2020 жылғы 13 маусымнан бастап Жезқазған қаласында мынандай шектеулер қойылады:
1. Қоғамдық көлік таңғы сағат 06.00-ден 10.00-ға дейін және сағат 17.00-ден 21.00-ге дейін жүреді.
2. Құқық қорғау, арнайы қызметте, медициналық мемлекеттік органдар мен ұйымдарды қоспағанда, жеке автокөліктің барлық түрлеріне 23.00-ден 05.00-ге дейін жүруге тыйым салынады.
3. Таксимен тек бір жолаушыны немесе бір ересек адамның ертуімен кәмелетке толмаған екі баланы тасымалдауға болады.
4. Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін карантиндік аймақ периметрі уақытша белгіленеді. Қалаға кіру және шығу жолдарында Жезқазған – Қарағанды және Жезқазған – Қызылорда бағыттарында блок бекеттер орнатылады. Аталған блок бекеттер қалаға кіретін және шығатын автокөліктердің қозғалысына және ондағы жолаушылардың денсаулық жағдайына бақылау жасау функциясын орындайды.
5. Бірқатар нысандар үшін жұмыс кестесіне шектеулер енгізіледі.
— ХҚКО келушілерді сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін қабылдайды.
— Сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері (орталықтары) жаңа кестеге көшеді: жұмыс күндері: 09.00-ден 21.00-ге дейін, демалыс күндері: 09.00-ден 13.00-ге дейін.
— Азық-түлік және азық-түлік емес базарлар жұмыс күндері сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін ашық болады. Демалыс күндері санитарлық күн өткізу үшін жабылуы тиіс.
6. Стационарлы емес қоғамдық тамақтандыру объектілерінің (дүңгіршектер, донерханалар, оның ішінде саябақтарда, гүлзарларда және т. б. жерлерде орналасқан нысандар) қызметіне тыйым салынады.
7. Мемлекеттік органдарда (ұйымдарда), ұлттық компанияларда және олардың филиалдарында, кеңселерде қызметкерлердің кемінде 70%-ы қашықтан жұмыс форматына көшуі тиіс.
8. 65 жастан асқан адамдарға аса қажетсіз көшеге шығу шектеледі.
9. 14 жасқа дейінгі балаларға ересектерсіз жүріп-тұруына, сондай-ақ отбасы мүшелерін қоспағанда, үш адамнан астам топпен жиналуына тыйым салынады.
10. Жезқазғанда саябақтар, балалар аула алаңдары жабылмайды, бірақ онда болған және гүлзарлар мен алаңдарда серуендеуге шыққан кезде жоғарыда көрсетілген талаптарды орындау қажет.

Тек жоғарыда аталған шектеу шаралары ғана енгізілетінін атап өтемін.

Қымбатты жезқазғандықтар!

Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулыларындағы талаптардың сақталуын бақылау күшейтіледі. Тәртіп бұзушыларды қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сәйкес жазалайтын болады.
Сіздерден карантиндік режим талаптарын мүлтіксіз орындауларыңызды сұраймын. Мұның барлығы ортақ игілігіміз үшін жасалуда. Баршаңызды саналылық танытып, жоғары жауапкершілік көрсетуге шақырамын!

10:25
1141

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020