ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ

14 МАУСЫМ – ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ

Кез келген мемлекет экономикасының өркен жайып, кеңге құлаш сермеуі мықты құрылымды, білікті мамандарға толы өнеркәсіп кешендерінің мол болуымен тығыз байланысты. Ел әлеуеті мығым болуы үшін жалпы экономиканың 30 пайызын төл жеңіл өнеркәсіп қамтамасыз етуі керек екен. Бүгінде бұл көрсеткіш біздің елімізде 10 пайызға жетер жетпес мөлшерде. Осы күні бағындырған бұл межеде «Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясының алар орны тым бөлек.

Жер қойнауы қазба байлыққа, құшағы несібе мен берекеге толы Жезқазған-Ұлытау аймағы туралы сөз қозғалғанда көптің көз алдына «Қазақмыс» корпорациясы мен «Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясы елестері анық. Бір-біренен ажыратуға болмайтын домбыраның қос ішегіндей жұптасқан осынау екі алпауыт тек аймақтық қана емес жалпы отандық экономиканың қозғаушы күшіне айналғаны біз үшін зор мақтаныш. Бүгін аты жеңіл болғанымен шын мәнінде аса ауыр жүкті көтеріп, маңызды орынға ие жеңіл өнеркәсіп кешендерінің ішіндегі көшбасшылардың бірі «Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясы туралы толығырақ әңгіме қозғайық.

Өзге өнеркәсіп түрлерімен салааралық кешендер негізінде тығыз байланысқан жеңіл өнеркәсіптің 13 түрі бар екен. Олардың барлығы дерлік тыңғылықты еңбек пен таусылмас төзімді қажет ететін салалар. Сайып келгенде олардың барлығы дерлік адам қажетіне аса керекті киім-кешек ісіне келіп сияды. Осы тұста киім-кешек түрлерімен қатар, түрлі қызмет салаларындағы мамандық иелеріне де арнайы киім формасын тігетін «Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясының қызметі қай кезде де сұранысқа ие.

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Мені көріп жүрсіздер ғой, қайда жүрсем де отандық өнімдердің жарнамалаушысымын. Әсіресе, өз еліміздегі ісмерлердің қолынан шыққан костюмдер мен жеңіл өнеркәсіп саласының бұйымдарын барынша тұтынуға тырысамын. Отандастарымды да осындай игі іске белсене қатысуға шақырамын. Бұл – біздің мемлекетіміздің әл-ауқатын арттыру мен болашағымыз үшін қажетті іс. Ал енді «Ютария» сынды кәсіпорын жанынан жеңіл өнеркәсіп саласына аса қажетті тігін машиналары мен құрылғыларының өз елімізде шығара бастауымыз, бұл осы саланы жандана түсуіне тың серпін береді» деп баға берген компанияның нарықта пайда болғанына биыл 18 жыл. Бір адамның кәмелеттік жасына да жетіп қалған өндіріс ошағының осынау жылдар ішінде атқарған жұмыстары да қыруар. 2002 жылы шағын ғана киім тігетін цех ретінде ашылған орталықтың айы оңынан туып, еліміздегі ең алдыңғы қатардағы компаниялар қатарынан орын алатынына сол кездері біреу сенсе, екінші біреулер сенбеген болатын.

«Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясы алғашында шағын бизнес нысаны ретінде құрылды. «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесе атқарған тынымсыз жұмыстар нәтижесінде шағыннан ортаға, одан ірі өнеркәсіп кешеніне айналған компания нысандарының жалпы аумағы бүгінде 17 000 шаршы метрді құрайды. Оның 10 000 шаршы метрі «Астана Ютария ltd-ға» тиесілі болса, қалған 7 000 шаршы метрі Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын қамтыған «Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясының қарамағында. Бүгінде ұжымда жемісті еңбек етіп жатқан 1800-ге жуық қызметкер ел әлеуетінің артуына айтарлықтай үлес қосуда.

Компания жұмысының тасы өрге домалауы үшін бар ерік-жігерін сарп етіп, аянбай еңбек еткен білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Сәуле Шәуенованың есімі мақтауға тұрарлық. 1965 жылы 6 қыркүйекте Қостанай облысы, Қарабалақ ауданың, Приречное елдімекенінде қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген ол 1982 жылы мектеп табалдырығын аяқтайды. Оқу бітірісімен Жезқазған педагогикалық институтына «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1987 жылы бітіріп шыққан ол алғашқы еңбек жолын осындағы Жезқазған оқушылар және пионерлер сарайында қоғамдық-саяси бөлім меңгерушісі болып бастайды. 1989-1991 жылдар аралығында комсомол, яғни, Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы комитетінің ІІІ хатшысы, Мемлекеттік және банк мекемелері қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы, мәдениет бөлімінің бас маманы сынды қызметтерді де атқарды. Зор қайрат пен талмас жігердің нәтижесінде 1998 жылы жаңадан құрылған «Алматықалабезендіру» компаниясының Жезқазған аймақтық филиалының директоры, 2002 жылы вице-президенті қызметтеріне дейін көтерілді. Дәл осы жылы шағын цех ретінде «Ютарияны» құрған Сәуле Бақтайқызы екінің бірінде кездеспейтін дара көшбасшылық қасиетінің арқасында тек Қазақстан аумағына ғана емес, алыс-жақынды шетелдерге өнім шығарып, тауар экспорттайтын нарық сұранысына ие өндірістік-инновациялық компания мәртебесіне жетті. Өлшеусіз еңбегі нәтижесінде Сәуле Шәуенова «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» , «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарын, «Белсенді қызметі үшін», Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Мейірім» төсбелгілерімен және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды.

Бүгінгі таңда «Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясы тігін және тоқыма бұйымдарының 500-ге тарта түрін шығарады. Ол қандай өнім дерсіз?! Күнделікті көз алдыңызда жүрген «Қазақмыс» корпорациясы қызметерлерінің, яғни, кеншілердің, қара және түсті металлургия кешені жұмысшыларының, мыс балқытушылардың, мұнайшылар киімі мен аспаздардың, жаяу әскерден теңіз әскеріне дейінгі барлық әскери және құқық қорғау қызметкерлернің арнайы қызметтік формаларын тігетін он саусағы майысқан шеберлер еңбегіне тамсана таңдай қақпауыңыз әсте мүмкін емес. Оған оқушылар формасы мен күнделікті киюге арналған соңғы үлгідегі киім-кешектердіде қоса отырыңыз. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей шындығында Жезқазған төрінде жоғарыда аталған барлық киім түрінің тігілетіндігін білгенде біздің де көңілімізді ерекше қуаныш пен мақтаныш сезімі кернеді.

Бас директордың жобаларды дамыту жөніндегі орынбасары, өз ісінің нағыз маманы Тұрсынай Ибадатованың жол бастауымен «Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясы жұмысымен кеңірек таныспақ мақсатта, жұмыс үдерісін өз көзімізбен көріп келдік. Алғашқы аялдама бір минутқа да тоқтамастан қызу тірлік орын алып жатқан тігін бөлімі болды. «САПР TETRA CAD» бағдарламасы негізінде 131 орынды алуан түрлі тігін машинасының құлағында ойнаған тігіншелер неше түрлі киім үлгілерін жарыса тігіп жатыр. Сыртынан қарап бақылаған адам олардың аса зор жылдамдықпен киімдерді қарамай-ақ зырғытып жатқандарына қызыға қарары сөзсіз. Он бес тігіншіге бір бригадир жетекшілік етеді. Қарапайым тұтынушы үшін тігін мәшинесінің асып бара жатса 1-2 түрі ғана белгілі. Ал бұл жерден тігін мәшинесінің жалпылама тігетіннен бөлек жиектеме жасайтын, түйме қадайтын, тесуге арналған, мата қалдықтарын қиятын сияқты неше түрлісін кезіктірдік. Сонымен қатар олардың әрқайсысының тілін білетін өз маманы бар. Металлургтер киетін киіз киімнің де дайындалуы барысымен осы жерде таныс болдық. Келесі бөлімде бума-бума қатты мата түрлерін тігуге даярлап кесуге арналған үлкен-үлкен мәшинелер орналасқан. Сәл ағаттық орын алса, адам өміріне қатер төнуі әбден ықтимал. Бір ғана қателік матаны қисық қиып қана қоймай, денсаулығыңызға да орасан зардап тигізуі мүмкін. Осындай жауапкершілігі мол міндетті абыроймен атқарып жүрген бұл бөлім мамандары да өз жұмыстарына дән риза. Келесі бөлімнен әсемдікке жаны құмар, сұлулықтан сыр іздеген киім дизайнерлерін, лекалосын қолына алып, киім өлшемдерін нақты өлшеумен айналыстаын пішуші мамандарды, түрлі ою-өрнектер мен таңбаларды, жазу түрлерін компьютер көмегімен ойлап табатын компьютер дизайнерін де кезіктірдік.

Назарымызды ерекще аудартқаны – киімге өрнек салатын бөлім. Бұл жерде компьютер дизайнерлері жасап шығарған өрнектерді арнайы мәшине өзі матаға тігіп шығады. «BI- Group», «Kazakhaltyn», «Ұлттық ұлан», « Euro Veritas», «Қазақстан телеарнасы» сынды көпке белгілі ірі кәсіпорындар мен мекемлердің, спорт клубтарының барлығының логотиптері – дәл осы жерде жасалып шыққан. Алғашқы онжылдықта компания бастамасымен 3 ірі жоба жүзе асырылды. Оның алғашқысы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында моноқалалармен байланыс орнатылды. Ал екінші жоба бойынша «Қазақмыс» корпорациясының кеніштері орналасқан Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Өскемен қалаларындағы өндіріс орындарымен серіктестік жасалып, оларда жұмыс істейтін барлық қызметкерлердің арнайы киімдерін тігу, жөндеу, жуу, химиялық тазалық жұмыстарына тапсырыстар қабылданды. Ал, аса маңызға ие үшінші жоба 2013 жылы жүзеге асты. Бұл жолы да «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы көмегімен іске асырылған жоба нәтижесінде «KazTexExpo» автоматтандырылған өндірістік кешені бой көтерді. Жобаға қосымша « Даму » кәсіпкерлікті дамыту қоры ның» қолдау көрсетуімен «Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясы әйелдер, ерлер, балалар киімімен қатар күнделікті тұрмысқа қажетті дастарқан, сүлгі, төсек-жабдық бұйымдарын шығаруды да қолға алды.

Сәуле Шәуенова жетекшілік ететін «Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясы адам капиталын басты орынға қояды. Осы бағытта зейнеткерлерге, көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға түрлі жеңілдіктер де қарастырған. Соның бір дәлелі компания 2016 жылы 150 млн теңге көлемінде инвестиция таратқан. Жезқазғандық өрендердің алаңсыз білім алып, өз қабілеттерін жетілдіруі үшін 2018 ашылған «Жарқын ақыл» білім және даму орталығы да осындай игі істердің бір парасы іспетті. Бұл жерде 3 пен 16 жас аралығындағы балалар келіп, түрлі үйірмелер мен заманауи білім алу курстарына қатысу мүмкіндігіне ие. Орталық оқытушыларына Сәуле Бақтайқызы «ЕХРО-2017» көрмесіне жолдама сыйлады. Бұдан бөлек қала мектептеріне де оқушылар үшін спорттық-сауықтыру кешендері мен ІТ-сыныптары ұйымдастырды.

Осынау алпауыт компанияның негізгі тірегі – жұмысшылар. Маңдай тер, адал еңбек нәтижесінде тек компанияның ғана емес, еліміздің аты көпке танылуына қызмет етіп жатқан білікті мамандар Жезқазғанда да жетерлік. Бүгін көп көзіне жиі түспей, тасада ғана отырып, өз ісін биік дәрежеде атқаратын компания тігіншілерімен танысудың сәті енді түсті.

Ұлтымыздың «Еңбекпен тапқан нан – тәтті» деген қатаң қағидатын өмірінің алғышарттарының бірі санайтын Қаракөз Жалғасбаева ұжымға қадірлі мамандардың бірі. Қаламыздағы № 6 училищені тәмамдаған соң алғашқы еңбек жолын «Жұлдыз» ательесінен бастаған ол сол кезде комбинат қарамағында болған бүгінгі «Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясына жұмысқа орналасуды арман еткен. Осылайша бақ сынап көргісі келген ол бүгінгі жұмыс орнына жұмысқа қабылдауға өтініш береді. Киім ательесінде көрген-білгендері бойынша бұл жердегі жұмысты аса күрделі деп есептемеген Қаракөздің алдынан түрлі кедергілер кезікті. Ол өндірістегі тігін жұмысы мен ателье жұмысының арасындағы айырмашылық жер мен көктей екеіе алға тартты. Жұмыс барысында ұшырасқан түрлі қиындықтарға қарамастан берілмей алға талпынған ол осы жолда қол ұшын созып, бар ақыл-кеңестері мен көрген-білгендерін үйретіп қолдау көрсеткен Алма Науша, Жанна Сексенбаева, Әсем Түлкібаева сында әпкелеріне шексіз алғысын білдірді. Қамқор әріптестерінің арқасында 2-3 айда тігін жұмысының қыр-сырына әбден қаныққан ол осы сыйласымы мол ұжымға сіңсіп кетті. Бүгінде мұнда жұмыс істеп жүргеніне 11 жыл болған Қаракөз Қабділдәқызы киімдерді тесуге арналған мәшиненің құлағында ойнайды. Өзі де кейінгі сіңілілеріне бар білгенін үйретуден танған емес.

«Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясында еңбек ете жүріп компанияның түрлі рухани және материалдық игілігін көрген жұмыскерлердің бірі – тігінші, бес баланың анасы Гүлмира Арыстанбаева. Кезінде №15-училищеден алған білімі жерде қалмай еліміздегі аса ірі жетекші тігін өндірісі базасында еңбек ету бақыты бұйырған. Бүгінде 2 ұл мен үш қыз тәрбиелеп отырған оған былтыр жазда Сәуле Шәуенова 4 бөлмелі пәтер сыйлады. Жұмысшыларға бұндай көмек жиі көрсетілетінін, түрлі қосымша сыйақыларда табысталатынын жеткізген ол өз балаларының да тігіншілік кәсіптен несібесін тауып, осынау құтты шаңыраққа келіп қызмет еткендерін қалайды.

Көбіне нәзікжандылар еңбек ететін тігін бөлімінде қолы қолына жұқпай киім тігіп отырған тігінші жігіт Бауыржан Смағұлов көзімізге оттай басылды. 2007-2011 жылдары Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша білім алған Бауыржан тігіншілік кәсіпке әбден машықтанып алғанын жеткізді. Бүгінде бір ұлдың әкесі атанып отырған ол ісіне шын беріліп, бар жүрегімен жақсы көріп істейтін жан ғана биік шыңдардан көрініп, табысқа жете алады дейді. Суретті де жақсы салатын, мінезі де сабырлы, байсалды әрі тиянақты, тігін ісінде бірден меңгеріп кеткен Бауыржанды әріптестері де мақтан тұтатындықтарын айтып, оның алар асулары алда екендігіне кәміл сенетіндіктерін білдірді.

Әлемді жайлаған ауыр індет біраз жайттарды нақтылап берді. Соның нәтижесінде ел экономикасы өнеркәсіп кешендеріне тікелей байланысты екендігі анықталды. Осыған орай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі компанияларға мемлекеттік қолдау жасалатынын мәлімдеді. Қаншама адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің зор үлгісін көрсетіп отырған ірі жеңіл өнеркәсіп кешенінің біздің аймағымызда орналасуы аймақ халқы үшін де – ерекше мүмкіндік. Ұтымды менеджментті жолға қоя білген іргелі компания жасампаз істерімен әлі талай ел мақтанышына айналары сөзсіз.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

11:56
536

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020