​COVID-19 АНЫҚТАЙТЫН ЗЕРТХАНА ЖЕЗҚАЗҒАНДА ДА АШЫЛДЫ

COVID-19 коронавирустық инфекциясының белең алуы Жезқазғанда полимеразды тізбекті  реакция  зертханасының ашылуын қажет етті.

Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен, «Қазақмыс» корпорациясының қаржылай қолдауымен медициналық орталықтың базасында небәрі төрт сағаттың ішінде тәулігіне 270-ке жуық тұрғыннан коронавирустық инфекцияның бар-жоғын анықтауға қауқарлы заманауи зертхана ашылды.

Медициналық орталықтың жеке блогында орналасқан ПТР зертханасы сараптамасының барлық циклын жүргізу құралдарымен толық жабдықталған. Жалпы кешенде жоғары технологиялы және биологиялық материалды алатын, сақтайтын әрі белгілейтін ПТР әдісімен зеттеу жүргізетін жоғары технологиялы құрал-жабдықтар орнатылған. Зертхананы жабдықтау халықаралық нарықта 50 жылдан астам зертханалық-диагностикалық жабдықтарын ұсынып жүрген Оңтүстік Корея елінің «YD Diagnostics» компаниясына жүктелген. Аталған компанияның бас менеджері Чон Хо Пак зертхананы іске қосып қана қоймай, сынамаларға зерттеу жүргізетін медициналық орталықтың мамандарына бір апта бойы дәріс берген.

–Шын мәнінде бұл – қауіпті вирус. Коронавирустың қашан және қайдан, қалай басталды маңызды емес. Күллі әлем елдері мен дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күресіп жатқан пандамиядан аман қалудың жолдарын қарастыру керек. Вирусты жұқтыру оңай. Ал одан жазылып шығу өте қиын. Сондықтан, барша тұрғындарды сақтық шараларын ұмытпауға шақырамын. Оқшаулану арқылы Сіз өзіңізді де, өзіңізге жақын адамдарды да ажал құштырып жатқан дерттен қорғайсыз, — деп ашылу салтанатында сөз алған Чон Хо Пак ПТР зертханасы талдауды 95 процент дәлдікпен көрсететінін жеткізді.

Арнайы зертхана медициналық орталық базасында ашылғанына қарамастан аймақтың кез кеген тұрғыны коронавирустық инфекцияға сынама тапсыра алады. Дегенмен, қазіргі таңда жұқтыру қаупі жоғары «Қазақмыс» корпорациясына қарасты өндіріс ошақтарында вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерге басымдық берілмек. Екінші кезекте денсаулық сақтау министрлігінің жарлығына сәйкес отбасылық денсаулық амбулаториясында тіркеуде тұрған адамдар өтеді. Отбасылық денсаулық амбулаториясындағы учаскелік дәрігер пациенттен коронавирусты тексерудің қажеттілігін анықтайды. Бұл санаттағылардың сынама зерттеулеріне қаржы аудару мемлекеттің ойнында. Ал, өз еркімен коронавирусқа тест тапсыратын адамдар 16 240 теңге төлеуі қажет.

Тест тапсырушыларға арнайы уақыт белгіленеді. Себебі, карантин талаптарына сәйкес зертханада көп адам жиналуға болмайды. Сонымен қатар, пациенттер міндетті түрде маска киіп келуі шарт.

COVID-19 коронавирустық инфекциясына сараптама мұрын немесе ауыз қуысынан жағынды алу арқылы жүзеге асырылады. Сараптама тапсыруға аш қарынға немесе тамақ ішкеннен кейін 3 сағаттан соң бару қажет. Тексеруге дейін 3 сағаттің ішінде тісті жууға, ауыз қуысын шаюға, сусын ішуге, сағыз шайнауға тыйым салынады.

Бүгінгі таңда еліміз бойынша аурушаңдықтың өсу жағдайы тұрақсыз болып тұр. Осыған байланысты 13 маусымнан бастап Қарағанды облысында, оның ішінде Жезқазғанда кейбір шектеу шаралары қайта енгізілді. Қоғамдық көлік қозғалысы мен азық-түлік және азық-түлік емес дүкендердің жұмыс кестесі өзгерді. Осы ретте жезқазғандықтарды бейқамдыққа салынбай, «сақтықта қорлық жоқ» екенін ұмытпауға үндейміз.

10:17
758

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020