МАҚСАТЫ – ОТБАСЫ САУЛЫҒЫ

Еміне шипа іздеген науқастардың бірінші бас сұғар мекені отбасылық-дәрігерлік амбулатория. Жылы жүзді, мейірбан ақ халаттылардан құралған осындай орталықтың бірі – «Бексейітова» отбасылық-дәрігерлік амбулаториясы. Амблутаорияның қала тұрғындары арасында абырой-беделі айрықша. 1997 жылы Несібелді Бексейітованың ұйымдастыруымен құрылып , 1998 жылы жекеменшік формаға өткен ОДА мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейді. Бүгінде 4 бөлімшесі бар « Бексейітова » ОДА-сы қаламыздағы ірі ем көрсету орталықтарының қатарында. Отбасылық амбулатория 6475 адамға қызмет көрсетеді. Білікті мамандардан құралған орталықта алғашында 20 шақты дәрігер болса, қазір отыз бес маман қызмет етеді.

Солардың арасында Несібелді Бексейітова есімін мақтанышпен атап, сенім артатын бір дәрігер бар. Ол – Феруза Егінбаева. Бала күнінен ақ халаттағы мамандық иелеріне қызығып өскен Феруза ханымның ең үлкен арманы дәрігер болып, ауруға тап болған адамдарды емдеп-жазу еді. Осынау арман жолында ол көп еңбектенді. Оқуда озат, қатарластарының алды болуға тырысты. Сөйтіп денсаулық сақтау саласына аяқ басты. 1982-1988 жылдары Қарағанды Мемлекеттік медицина институтында жалпы медицина мамандығы бойынша білім алған ол алғашқы еңбек жолын Жезқазған қаласына келіп, облыстық ауруханадан бастады. Кейіннен «Бексейітова» ОДА-на ауысты. Бүгінде орталық басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқаруда. Биылғы жыл ол үшін табысты басталды. І санатты дәрігер атанды.

– Қандай қызметте болсын әрбір басшының оң қолы іспеттес сенім артар жанашыр адамы болады. Ол адамға 100 пайыз сенуге, кез келген істі қорықпастан тапсыруға, шынайы сырыңмен бөлісуге болады. Міне, мен үшін дәрігер Феруза Егінбаева дәл сондай адам. Ол, ең алдымен, маман ретінде емес адам ретінде өте жақсы жан. Оның жер қозғалса да қозғалмайтын сабырлылығына, қандай жағдайда да берік ұстамдылығына таң қалмау һәм риза болмау мүмкін емес. Дәрігер ретінде тәжірибесі мол әрі өте еңбекқор. Таңертең жұмыс уақыты басталмастан келетін ол кешкі сағат сегізге дейін, тіпті одан кейін де ешкіммен санаспай жұмыс істей беруге даяр. Жұмысын бәрінен биік қояды. Мен тек Феруза Егінбаеваға ғана маңызды істерді қорықпастан сеніп тапсырамын. Ол атқарған істе ағаттық пен шалалық орын алған емес. Сол себепті де мен оның барлық ісіне бірден сенемін, атқарған істеріне ешқашан күмән келтірген емеспін. Фируза менімен осы ОДА құрылғалы бірге. Сырлас сіңілімдей, адал құрбымдай болған оған менің айтар алғысым шексіз, – деген амбулатория басшысы зейнет жасына шықса да жұмыс істеп жүрген Несібелді Бексейітова Феруза ханымды өзінің орнына басшылық қызметке дайындап жатқанын жеткізді.

Алдыңғы қатарлы сауатты мамандық қызметті ғана емес, әйелдік, аналық парызын абыроймен қатар алып келе жатқан Фируза ханым екі ұл мен бір қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тәрбиелеп өсірді. Міне бүгінде үш немересіне әжелік мейірімін де төгіп отыр. ОДА-да жұмыс істеу оңай шаруа емес екендігі белгілі. Күніне кем дегенде 25, кейде 50-ге дейін науқастарды қабылдап, олардың ауру белгілерін дәл анықтап, ем-дом шараларын жүргізу – бұл Феруза ханымның күнделікті көз үйренген тірлігі. Осынау еңбегі арқасында аймақтық ақ халаттылар байқауында «Жылдың үздік жалпы медицина дәрігері» номинациясын жеңіп алған еді. Ерекше байыбы мен әсем нәзіктікке толы Феруза ханым бағындырар белестер әлі де алда екендігі ақиқат.

Аталған ОДА-да тұрғындар әрдайым тұрғындар алғысына бөленіп жүретін, ақ көңіл, елгезек нәзік жандылардың бірі – Наталья Миколайчук. Қай жерде болсын мейірбикелер атқаратын жұмыс оңай емес екендігі белгілі. Науқастарды қабылдап, олардың денсаулық жағдайы мен шағымдарын базаға енгізу, бойы мен салмағын, дене қысымын өлшеу, олардан анализ алу, скринг, кардиограмма жасау, тағайындалған дәрі-дәрмектерді беріп, екпелер салу – міне осы жұмыстардың барлығы дерлік Натальяның мойнында. Ол қазіргі Жезқазған жоғарғы медициналық колледжінің түлегі. Жұмысының қиындығына қарамастан науқастарға жан-тәнімен құлшына қызмет көрсететін оны тұрғындар әрдайым мақтап жүреді. Натальяны өзге қызметкерлерден ерекшелеп тұратын қасиеті – тез тілтабысқыштығында болса керек. Әріптестері оны құдды психолог маман сияқты деп суреттеді. Бұлары бекерден-бекер болмаса керек-ті. Себебі Наталья Миколайчук кез келген науқаспен бірден тіл табысып кетеді. «Мен олардың тек тәніне ғана ем көрсетіп қоймай, жан-дүниесінде емдеп жіберуге тырысамын» деген ол көпке үлгі осынау қасиеті жылдық тәжірибе әрбір науқасты жіте тани білудің арқасында келді дейді. Бүгінде ұл мен қыз тәрбиелеп отырған ол балалары дәрігерлік кәсіпті таңдаса қуана қолдау көрсететіндігін айтты.

«Бексейітова» ОДА жылдан жылға жас мамандармен де толығуда. Жас та болса біраз істің басы-қасынан табылатын Аяулым Ахметбек, Назерке Тілекей, Айзат Жанбаева сынды мейірбикелердің ісі кім-кімді де сүйсіндірмей қоймайды. ОДА басшысы бүкіл әлемді жаулап, біздің елімізді де тыс қалдырмаған коронавирус дертіне байланысты төтенше жағдай уақытында бір ауыз қарсы келмей, шын көңілден қиындықты бірге жеңіп, туған жерімізге көмегіміз тисе екен деген адал ниеттерімен блокбекеттерге барып, қалаға кіріп-шыққан адамдардың денсаулықтарын тексерген, қайтып келе салысымен бір мезет те дем алмай амбулатория кезекшілігіне кіріскен арулардың еңбегіне алғысын білдіріп, үлкендік батасын беретінін жеткізді. Ия, қашаннан да ақжарма тілек, ақ батаның арқасында биіктерден көрінген елдің ұрпағы екендігіміз рас. Осы тұста көп алғысын көтерген дәрігерлер жұмысына біз де сәттілік тіледік.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

11:37
380

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020