КІНДІК ШЕШЕ

Ана атану оңай емес. Тар құрсақты кеңейтіп, тоғыз ай, тоғыз күн жүрегіңнің түбінде көтерген сәбиіңді аман-есен бауырыңа басу бірінші Жаратқанның жазуына, екінші ақ халаттыларға байланысты. Сондықтан, әр ана дүниеге шыр етіп туған сәбиінің кіндігін кесіп, жөрдекке ораған акушердің есімі мен бейнесін мәңгі жадына сақтайды. Арысы Байқоңыр, берісі Жаңаарқадағы аналардың біразы танитын сондай акушердің бірі – жезқазғандық Алмагүл Шамұратқызы Айбасова. Еңбек өтілінің 34 жылында жүздеген нәрестенің «кіндік шешесі» атанған ол қазір «кіндік әже» мәртебесіне де ие болды. Өйткені, ол туғызған балалардың өзі бүгінде ата-ана.

–Мен көп балалы отбасында дүнеге келдім. 11 баланың алды болған соң әкем мен шешем маған үміт артып, медициналық жолға түсуімді қалады. №8 қазақ мектебін бітірген соң, құжаттарымды алып Жезқазған медициналық училищесіне бардым. Құжат қабылдап отырған келіншек «Сені акушерлікке» жазамын деді. Мен үнсіз басымды шұлғи бердім. Ішімнен: «Акушер деген кім?» деп ойлап қоямын (күледі). Ол заманда біз қазіргі балалардай бәрін біле бермедік қой. Сөйтіп, акушер болып кеттім, -деп әңгімесін әріден бастаған біздің кейіпкер күні бүгінге дейін осы мамандықтың тізгінінен ұстағанына еш өкінген емес. Қайта қуанады.

Училищені бітірген өрімдей қыз жолдамаман Байқоңырға бет алды. Бойын үміт пен үрей қатар билеген жас маман небәрі бір-екі айдың ішінде ширап, өз ісіне әбден төселіп алады. Ауылдың ғана емес маңайдағы қыстақ пен жайлаудағы әйелдерге қызмет көрсетіп жүрді. Талай «Боранбай» мен «Жолдыгүл» өмірге аман-есен келуіне септігін тигізген Алмагүл Шамұратқызы бір жылдан кейін қалалық перзентханаға ауысады. Онда білікті гинеколог Ғайнура Әбішева, Ұлдай Жұмабекова мен Серік Тілеубаевтың жанында жүрді. Білмегенін үйренді. Көзі қанықты.

Жас та болса толғағы қысқан келіншектерді бабын тауып, жылы сөзбен демеді. Біліктілігі мен ашық-жарқын мінезінің арқасында босанған аналармен апалы-сіңлідей араласып-құраласып кетті.

–Туғандарымның бәрі еліміздің түпкір-түпкірінде. Жезқазғанда бір өзім қалдым. Дегенмен, жалғыз қалдым деп бір жабырқап көрмеппін. Перзентханада танысқан қанша әйелмен қазір сырласпыз. Бір-біріміздің қуанышымызға ортақпыз, – дейді.

Алмагүл апай 1994 жылы «Мәкенбаева» отбасылық-дәрігерлік амбулаториясына жұмысқа қабылданды. Міне, содан бері табан аудармастан медициналық мекеменің қарамағындағы қыз-келіншектерге бас-көз болып жүр. Бүгінгі таңда бала туу жасындағы 3500 әйелден бөлек 200-ден астам жүкті келіншекке қарайласуда.Одан бөлек жасына қарай скринингтен өткізу, отбасын жоспарлау сынды шаруалардың басы-қасында жүретін ол отбасылық амбулаторяның жанындағы «Болашақ аналар» мектебінде жас аналарға аптасына екі рет сабақ береді. Аналарға жеке гигиенадан бастап, дұрыс тамақтану, таза ауада серуендеудің пайдасы жөнінде айтып, жөрдек ауыстыру, баланы шомылдыру, емізу, сылап-сипауды үйретеді.

–Өкінішке қарай, кейбір аналарымыз, жас келіншектер өз денсаулықтарын күте білмейді. Үй шаруасы, бала-шаға деп өздерін әбден зорықтырады. Бір жері ауырса, сол қашан асқынғанша жүре береді..Скринингтік тексерулердің де маңыздылығын көп жағдайда ұғына бермейді. Асқынған ауруды емдеу қиын. Қазір жас аналар арасында қан аздығы, қан қысымы, бүйрек аурулары жиі ұшырысады, — деп алаңдаушылық білдірген акушер болашақ аналар жаман әдеттерден аулақ болып, дұрыс тамақтанып, уақтылы демалып, жүйкені сақтап, көтеріңкі көңіл-күйде жүрсе ешқандай індет жоламайтынын айтады.

Жоғары санатты акушер жолдасы Дәулетпен бірге Жалғас есімді ұлды тәрбиелеп өсірді. Жалғас та ана жолын жалғап, қазір елордадағы республикалық диагностикалық орталықта анестезист қызметін абыроймен атқаруда. Айналасына қамқор, пациенттеріне жанашыр Алмагүл Айбасова әріптестері ортасында сыйлы. Көп жылғы еңбегі лайықты бағаланып, әр жылдары басшылықтың Құрмет грамоталарымен марапатталды.

«Жүкті келіншектердің жанында жүрген 34 жылдың ішінде өзіңіз үшін түйгеніңіз бар ма?» деген сұрағымызға біздің кейіпкер жымия: «Іштегі бөпенің жүрек қағысы арқылы ұл не қыз екенін анықтайтын болдық қой»,- деп жауап берді. Тартпақтап едік, қыздардың жүрегі жиі әрі әлсін қақса, ұлдардікі керісінше болатынын айтты. «Кім туса да, аман болсын» деген тілегі бар шипалы қолы, аузы дуалы Алмагүл Шамұратқызы барша әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, басты байлық – денсаулықты тіледі.

Диана ОРАЗАЛИНА

11:42
381

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020