​МАМАНДЫҒЫН МАҚТАН ЕТЕДІ

«Науқастарға зиян келтіру мен қиянаттан бойымды аулақ ұстай отырып, бар шама-шарқымша оларға пайдасы тиетіндей ота жасаймын» деген Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жандардың бірі – хирург Тілеген ӘЛЕУХАНОВ.

Жезқазған қалалық көпсалалы ауруханасына жұмысқа орналаса салысымен бірер жыл көлемінде «Жылдың үздік жас хирургі» атағына ие болған ол адам өміріне жауапты мамандықтың иесі атанудың асқақ абырой ғана емес, артар жүгі де тым ауыр болатынын анық түсінді. Мектепті бітіре салысымен үлкендердің сөзін жерге тастамай дәрігерлік жолды таңдаған ол Жезқазғандағы медициналық колледжді бітіріп, артынан Қарағанды медициналық академиясына оқуға құжат тапсырды. Аталған оқу орнындағы жеті жылдың Тілеген үшін берері көп болды. Қолына жоғары білім туралы диплом тиісімен Жезқазғанды бетке алды. Осылайша көп ойланбастан қазіргі көпбейінді ауруханаға жұмысқа орналасты. Алғашында науқастармен әңгімелескеннің өзіне қобалжитын жас маман ұстаздары үйреткен ілім-білім мен тәжірибенің арқасында ота үстеліне тез-ақ үйренді. Соқырішек, яғни, аппендицит болған науқасқа жасаған алғашқы отасын күле есіне жиі алатын оның Абыл Кәриев, Ғабиден Аханов сынды жолбасшы ұстаздарына алғысы шексіз.

Аурухананың хирургия бөлімінде бүгінде онға жуық дәрігер жұмыс істеуде. Жедел және жоспарлы түрде өтетін оталардың қай-қайсысының да оңай емесі анық. Солардың ішінде жиі кездесетіні – соқырішек, жол апатынан орын алған және іш қуысы жарақаттары. Көбіне ота процесіне бір хирург, бір мейірбике және кіші медициналық қызметкер қатысады. Міне, біздің қаламызда да хирург Тілеген Әлеуханов бастаған осындай шағын топтың арқасында қаншама адам өлім аузынан аман қалды. Науқасқа ота жасау барысында оның негізгі аспаптары – скальпель, лапароскопиялық және анестезиологиялық құрылғылар. Бұрыннан хиругтардың «жан досына» айналған «KARL STORZ» құрылғысы осыдан 1 жыл бұрын бүгінгі медицина талаптарына сай «COMEG» құрылғысымен ауыстырылды. Құрылғыға жалғанған камералы шнур арқылы науқастың іш-құрылысын анық көрсететін құрылғы хирургтар жұмысын біраз жеңілдетті. Кейіпкеріміз де сәт сайын жаңа құралдар мен технологиялар еніп жатқан осы мамандығын мақтан етеді.

– Біздің заманымыздан бірнеше мыңдаған жылдар бұрын пайда болған хирургияның медицинаның басқа салаларынан үлкен айырмашылығы бар. Кезінде адам ішінде ет, қан және сүйектен басқа ештеңе жоқ деп есептелінсе, замандар легімен емшілік кәсіп жедел түрде қарқын жайды. Адамның ішкі құрылысы анықталды. Соған сай хирургия саласы да жеке ғылым ретінде қалыптасып, оның онкология, нейрохирургия, ортопедия, пластикалық хирургия, микрохирургия сынды көптеген жаңа түрлері пайда болды. Бүгінгі таңда, экологиялық себептерге және адамдардың салауатты өмір салты ұстанбайтындықтарына байланысты іш құрылысы аурулары жиі кездеседі. Оларды дәрі-дәрмек көмегімен емдеу мүмкін болмайтын жағдайлар да өте көп. Міне, сондай сәттерде науқастың хирург көмегіне жүгінуден басқа амалы қалмайды. Әрине, пышаққа түсу кім-кімге де оңай түспесі анық. Десе де, білікті хирург кез келген отаны сәтті жасап шығары анық, – дейді ол.

Тілеген Әлеухановтың жары да медицина саласының маманы. Эндокринолог маманмен бас қосқан ол бүгінде бір баланың әкесі. Кезең-кезеңімен Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларында өтетін тәжірибелік семинарларға қатысып, біліктілігін жүйелі түрде арттырып жүретін хирург Тілеген Әлеухановқа аурухана басшылығы мен әріптестері зор сенім артады.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

11:46
414

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020