Еселі еңбек ер атандырды

Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін берілетін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз және «Отан» орденін иелену – екінің біріне бұйыра бермейтін биік мәртебе. Тәуелсіздік жылдарында Жезқазған-Ұлытау аймағында алғаш рет осынау заңғар биіктен көрініп,Қазақстанның Еңбек Ері атағын жерлесіміз, «Қазақмыс» корпорациясының филиалы – «Жезқазғантүстіметалл» ӨБ-і 73/75 шахтасының бұрғылаушысы Тұрсынбек Мақышев еліміздің бас мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз қолынан алды.

Елордадан туған жеріне мәртебелі атақпен оралған Еңбек Ерін Жезқазған қаласының әкімі Кайрат Бегімов, Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов,Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы Советбек Медебаев, «Nur Otan» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысов бастаған топ қала кіреберісінен үлкен құрмет-қошеметпен күтіп алды.

«Қазақмыс» корпорациясының кеңсе ғимаратында Еңбек еріне құрмет көрсетуге арналған салтанатты жиын өтті.

– Баршаңызды батыр ата-бабаларымыздың маңдай тері,ерен еңбегімен қол жеткізген мемлекетіміздің басты мерекесі Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осынау ұлы мереке қарсаңында тек Жезқазған-Ұлытау жұртшылығы үшін ғана емес,барша Қарағанды облысы үшін қуанышты жағдай орын алды. Ол – ел өндірісінің негізгі тірегіне айналған «Қазақмыс» корпорациясының қызметкері,бірімізге аяулы әкедей, енді бірімізге қамқоршы ағадай болған білікті әріптесіміз Тұрсынбек Мақышевтың Еңбек Ері атануы. Тұрсынбек Мақышев бұл атақты иеленуімен тек мемлекеттік марапатқа ие болып қана қойған жоқ. Ол барша республика халқына өз ісін шын сүйген қарапайым еңбек адамының жарқын үлгісін көрсетті және,– деді жиында алғашқы болып сөз алған «Қазақмыс» коропрациясы» ЖШС тау-кен байыту кешені бас директорының орынбасары Төлеген Пішенбаев.

Салтанатты жиында Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов те сөз алып, Еңбек Ерін құттықтады.

– Құрметті Тұрсынбек Шамбұлұлы,Тәуелсіздіктің арқасында армандар ақиқатқа айналды. Сіздің Қазақстанның Еңбек Ері атануыңыз бүкіл Қазақстанның мысты астанасының тұрғындарын елең еткізбей қоймады. Бұл – тек сіздің ғана қуанышыңыз емес,аймағымыздың шаттығы. Еліміздің өркендеуіне қосқан елеулі үлесіңіз үшін сізге және барлық кеншілерге зор алғысымды білдіремін. Істеріңізге береке,отбасыларыңызға амандық тілеймін,– деген қала әкімі Тұрсынбек Мақышевтың иығына шапан жауап,ықылас гүлін табыстады.

Шараны одан әрі жалғастырған Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов пен «Кәсіпқорған» салалық кәсіподағының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов те барша жерлестерімізді құттықтап,еңбек ұжымының алдағы істеріне табыс тіледі. Шара соңында Ізтөлеу Түсіп Қазақстанның Еңбек Ері Тұрсынбек Мақышевтің құрметіне арнау жырын айтып, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Мұзараф Ақанов батасын берді.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

15:38
394

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020