​«ПАНДЕМИЯ ҚИЫНДЫҚТАРЫ ШИРАТА ТҮСТІ»

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап елімізде мемлекеттік қызметтің әлемдік стандарттарға сай жүйесін қалыптастыру кезең-кезеңімен іске асып келеді. Cонымен бірге мемлекеттік қызметкерлердің беделі мен мәртебесін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдануда. Бұл жөнінде мемлекеттік қызметкерлердің еңб ек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауды мақсат тұтқан «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Жезқазған аймақтық филиалы төрайымы Раушан ҚОЖАБАЕВА кеңінен әңгімелеп берді.

Раушан Құрмашқызы, кәсіподақ жұмысы Сізге тансық болмағанмен, мүлде жаңа салаға жыл басында келгеніңізді білеміз. Бүгінде үйренсіп те кеткен боларсыз. Ендеше, кәсіподақтың мақсаты мен міндетіне, сондай-ақ, осы уақыт ішінде атқарған шаруаларыңызға тоқталып өтсеңіз.

–Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақстандық кәсіподақтар – тұрақтылық тірегі, әлеуметтік-еңбек қатынастарының базалық элементі» деп баға берсе, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазіргі заманғы кәсіподақ қозғалысы еңбекшілердің жұмыс орындарына, лайықты жалақыға, қауіпсіз еңбек жағдайына құқығын қорғайды» дегені кәсіподақтардың азаматтық қоғамды дамытудағы маңыздылығын айғақтаса керек. Қазақстанның өзге де кәсіподақ қозғалысы секілді біздің қоғамдық бірлестік те бірінші кезекте еңбек адамына деген құрмет сезімін қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан, қазақстандық кәсіподақтардың мақсаты да, мүддесі де бір деуге негіз бар.

Жезқазған аймақтық филиалына келгелі көптеген жаңалықтардың куәсі болдым. Соның бірі – кәсіподақтардың алғаш рет күш біріктіруі. Осы жылдың наурыз айында ҚР Кәсіподақтар Федерациясы Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмысшылардың республикалық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған жаңа Бас келісімнің жобасы қоғамдық талқылауға шығаылрды. Қоғамдық сараптама жүргізу үшін жоба барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдары мен жергілкті кәсіподақтарға жіберілді. Мамырда өткен кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесі отырысында федерациясының жаңа төрағасы сайланды. Кәсіподақ ұйымдары мен кәсіподақтар қозғалысы ардагерлерінен түскен өтініштер негізінде федерацияның төрағалығына бүгінге дейін ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып келген Сатыбалды Дәулеталин ұсынылды. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Бас кеңестің күнтәртібін қарау онлайн режимде өтті. Сонымен қатар, 27 мамырда мемлекеттік қызметкерлердің салалық кәсіподағының онлайн түрде өткен XI съезд жұмысына қатыстық. Съезде соңғы бес жылдың нәтижелері шығарылып, салалық кәсіподақтың дамуын көздеген жоспарларымызды белгіледік.

«Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің тоқсан жылдық тарихы бар. Бүгінгі таңда аймағымыздағы мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағының жұмысы жаңару, жаңғыру үстінде. Кәсіподақ мүшелерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын және заңды мүдделерін қорғауда ҚР Парламентімен, Үкіметімен, атқарушы органдарымен, жұмыс беруші бірлестіктерімен, саяси партиялармен және басқа да қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасаудамыз. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдармен және жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестікті жолға қою, кәсіподақ қызметкерлері мен кәсіподақтар мүшелерін әлеуметтік қорғау мен өзара қолдау үшін күш-жігерді біріктіру мақсатында аймағымызда бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру, кәсіподақ ықпалын нығайту, аймақты дамытудың әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларын іске асыру және мемлекеттік қызметкерлердің кәсіптік одағының, олардың мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Қазіргі таңда біздің және әлеуметтік әріптестеріміздің алдында қызметкерлерді қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету міндеті тұр.

Мемлекеттік қызмет атқару – т ұтас қоғам мен мемлекет тарапынан білдірілген ерекше сенім. Осы ретте сенімге селкеу түсірмей, қызметте абыройлы болу үшін мемлекеттік қызметшілерге қойылар талап қандай?

–Шынында, мемлекеттік қызметтің артар жүгі ауыр. Мемлекеттік қызметшіге қойылар талап та қатаң, оған сыншы да көп. Сондықтан, мемлекеттік қызметке орналасу іріктеу арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызметкерлер заңнаманы жетік білуімен қатар, жан-жақты болуы шарт. Этикалық ұстанымы мен ішкі мәдениетінің жоғары болуына, кәсіпке бейімділігі мен икемділігіне де аса мән беріледі. Оған қоса, қызметкердің жұмыспен қатар, тұрмыстағы жүріс-тұрысы да таразыға салынады.

Бүгінгі таңда арамызда жоғарыда аталған талаптар тезінен шыға алатын, халқына жақын мемлекеттік қызметшілердің барын жоққа шығара алмаспыз. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тассын» демекші осы сәтті пайдалана отырып, бірқатар жезқазғандық мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ризашылығымды білдірсем. Елімізге ғана емес күллі әлемге қауіп төндірген пандемия кезіндегі біздің қызметкерлердің қазақстандықтардың мүддесі жолында бірлесе әрекет еткенін көрдік. Жұдырықтай жұмылғанына риза болыстық. Бірлігіміз сыналған тұста қалалық әкімдік пен мемлекеттік мекемелердің барлығы абыройлы қызмет етті. Осы ретте тәулік бойы індетпен күрестің тізгінін ұстап жүрген мемлекеттік қызметшілерді атап өтпесем, сын болар. Қазір бәз біреулер бұл олардың қызметі дер. Дегенмен, бірі блок-бекетте, екіншісі қала ішінде карантиндік тәртіпті күзеткен әрбір қызметкердің табандылығы мен төзімділігік танытты. Мекеме басшыларының төтенше жағдай кезіндегі қиындықтарға қарамай, асқан жауапкершілікті сезіне отырып, бірде-бір жұмыскерін табыссыз қалмауына үлкен септігін тигізгенін тағы айтпасқа болмас. Олар заңды негізге алып, ұжымдық шарттың барлық талаптарын орындау арқылы кәсіподақ мүшелерінің барлық құқықтарын сақтауда орасан еңбек атқарды. Бұл қиындықтардан мемлекеттік мекемелердің қызметшілері шыңдалып, зор тәжірибе жинап шығады деп ойлаймын. Төтенше жағдай кезінде мемлекеттік қызмет саласының кәсіподақ мүшелері әрі әлеуметтік әріптестер Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Баяндыұлы бастаған әкімшілік аппарат ұжымына, бөлім басшыларына, оның ішінде қалылық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ләйлә Батырқызына, өмірлік қиын жағдайдағы тұлғаларды қайтадан әлеуметтендіру орталығының басшысы Жақып Балықбайұлына ұжымдағы қызметкерлердің әрқайсысына еңбек етуге қолайлы жағдай жасағаны және әлеуметтік әріптес ретінде бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметкерлерінің жарғылық мақсат-міндеттерін жүзеге асыру барысындағы қызметі, кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан зор үлесі үшін кәсіподақ ұйымы атынан алғыс білдіреміз.Сонымен қатар, кәсіподақ жанындағы «Келешек» жастар ұйымына мүшелік ететін қалалық жастар ресурстық орталығы қызметкерлері мен мемлекеттік қызметтің жас мамандарын елемей кету мүмкін емес. Олар сүрінгенді сүйеуге, құлағанды демеуге асығып, еріктілердің қатарынан табылғанын көрдіңіздер.

Кәсіподақ мүшелерін ынталандыруға қаншалықты көңіл бөлінген?

–Еңбеккерлерді ынталандыру мен көтермелеу бағытындағы қолдау шаралары жолға қойылған. Кәсіподақ мү­шелерінің еңбекақы қарыздарын жою, заңсыз жұмыстан босату, орынсыз жаза қолдану, әлеу­мет­тік қорғау жұмысын жетілдіру, басқа да өмірлік маңызы бар мәселелерді шешумен қатар бастауыш ұйымдар деңгейінде еңбекшілер және олардың отба­сыларының демалысы мен сауықтыру жұмыстарын ұйым­дастыру қарастырылған. Жеңілдіктердің әлеуметтік пакеті еліміздің ем-жайларында, дем­алыс базаларында және жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалу мүмкіндігін береді.

Сонымен қатар, биылдан бастап ынталандырудың жаңа түрі іске қосылмақшы. Жуырда «Транстелеком» АҚ мен «YNTYMAQ» Қазақстандық орта және шағын бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ арасында «SMART YNTYMAQ» қосымшасын дайындау туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бүгінгі таңда әр қызметкер өз еңбекақысын банк карталары арқылы алатыны анық. Күнделікті өмірде олар өз қажеттіліктерін өтеу үшін түрлі құралдарды, қондырғыларды, сандық сервистерді қолданады. Дегенмен, кейбір кәсіпкерлердің банк кәртішкелері, интернет-банкинг немесе қолма-қол төлейтін терминалдар арқылы төлем қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Сондай-ақ, әр жұмысшы тауар, қызметті алған кезде, қандай да бір жеңілдіктердің, бонустардың болғанын қалайды. Осы орайда салалық кәсіподақтардың ішінде тұңғыш рет біздің кәсіподақ «PROFCARD-100% CASHBACK» жүйесін іске қосуда. Яғни, біздің сала кәсіподағының әр мүшесі электронды кәсіподақ картасының иегері атанады. Кәсіподақ мүшелері серіктес кәсіпорындарында тауар немесе қызмет сатып алу кезінде 1 теңге = 1 бонус жүйесі бойынша бонустар жинақтайды. Кәсіподақ мүшесіне серіктес кәсіпорынға бонус картасын ұсыну үшін ғаламтор желісі қосылған смартфон болса, жеткілікті. Бұл бонус жүйесінің басты тиімділігіне келер болсақ, кәсіподақ мүшесі қандай да бір нақты кәсіпорында тауар алуға ниетті болмайды. Осыған орай, ҚРКФ кәсіподақ мүшелеріне жинау мүмкіндігі беріледі, яғни кейін жиналған бонустарды қажетті тауарға немесе қызметке жұмсай алады. Бұл жүйе республика бойынша жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан филиалы бұл жүйені тәжірибеде қолдануда. Біз де қалыс қалмай, ұйымшылдық танытып, өткен жетіде аймағымыздағы кәсіподақ ұйымына кіретін мүшелерімізді тіркеуден өткіздік. Қолдау шаралары мұнымен тоқтап қалмасы анық. Өйткені, біздің басты мақсатымыз – қызметкерлердің мүддесі.

Кәсіби мереке қарсаңында мемлекеттік қызметшілерге деген ізгі тілектеріңіз болса, мархаббат!

–Құрметті мемлекеттік қызметшілер!Қадірлі мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері! ««Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Жезқазған аймақтық филиалы атынан Сіздерді еліміздің мемлекеттік қызметшіле­рінің кәсіби мерекесімен құттықтаймыз.

Халыққа қызмет ету – абыройы биік, жауапкершілігі зор қызмет. Мемлекеттік қызметші – халықтың сенім артқан тұлғасы. Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы, мемлекет басшысының жергілікті жердегі өкілдері.Мемлекеттік қызметші болу – құрмет. Әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытуға, ынтымақтастық орнатып, оны нығайтуға, мемлекеттік қызметкерлердің кәсіптік одағының дамуына сүбелі үлес қосып, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауда бірлескен еңбегіміз өз нәтижесін бере берсін демекпін. Ардагерлерім, әріптестерім, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға жеміс, елімізге бақ-береке тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын!

–Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.

Диана ОРАЗАЛИНА

15:38
565

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020