​КЕМЕЛ ТҰЛҒА, КЕЛІСТІ БАСШЫ ЕДІ

Биыл туғанына 70 жыл толып отырған Жұмамәди Ибаділдиннің өмірден өткеніне төрт жылдың жүзі болыпты. «Елдің атын ер шығарады», «Еліне қарап азаматын таны» дейді ғой халқымыз. Сол айтқандайын, ол елге тірек бола білген азамат еді. Қойнауы құт, асты қазына-байлыққа толы Жезқазғанда басшы болған жылдарда Жұмамәдидің аты өңірден асып алысқа жетті, қалың елге танылды. Тұлғалы азаматтың есімі сол тұстарда «Қазақстанның элитасы» атты отандық саңлақтар шоғырланған мәртебелі кітапқа енгізілді. Елбасының ықыласты тілегі мен алғысын естіп, өз қолымен берген «Алтын барыс» белгісін омырауына тақты. Сәтбаев пен Жезқазған қалаларының, сондай-ақ, Түркістанның Құрметті азаматы атанды. Соның барлығына ол лайықты еңбегіне орай қол жеткізді.

Жұмекеңді мен сонау сексенінші жылдарда облыстық халыққа қызмет көрсету басқармасын басқарған кезден білуші едім. Ол талай жылдар бойы облыс орталығы болып тұрған қаланың өсіп-өркендеуінің белортасында жүрді. Сол кездің қисынымен айтар болсақ, партия қайда жұмсаса сонда барды. Жұмамәди – Ұлытау жерінде туып-өсіп, ат жалын осы өңірде тартып мінген азамат. Қарағанды политехникалық институтын 1973 жылы құрылысшы инженер мамандығы бойынша бітірген Ж.Ибаділдин «Қазмысқұрылыс» тресінде инженер, бас инженер, қалалық атқару комитетінде күрделі құрылыс бөлімінің бастығы, қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, қалалық жоспарлау комиссиясының төрағасы сияқты қызмет жолдарынан өтіп, мол тәжірибе жинақтаған. Қаладағы көптеген әлеуметтік-тұрмыстық мекемелердің бой көтеруіне тікелей араласты. Біраз жыл облыстық тұрмыстық қызмет көрсету басқармасын басқарған соң елімізде нарықтық экономикаға бетбұрыс басталғанда қазақ-қытай бірлескен кәсіпорнын құрып, бизнес саласының да тамырын басып көргені бар. Қала әкімі қызметіне ол осы кезеңде шақырылған болатын. Қала тізгіні қолында тұрған кезінде мен «Сарыарқа» газетінің редакторы болып тағайындалдым да Жұмекеңмен тіпті жиі араласуға тура келді. Жұмыс бабында, әрі қолда билік болған соң әртүрлі жағдайлар бола береді ғой. Ол жағын қоя тұрып, бүгінде арамызда жоқ абзал азаматтың еліне жасаған абыройлы істерін еске алуды жөн көріп отырмын.

Жезқазған сияқты өндірісті қаланы экономикалық дағдарыс дендеп тұрған күрделі уақытта қабылдап алып, он жыл бойы абыроймен басқару да айта салуға оңай шаруа емес. Оның үстіне ол әкім болып тағайындалған 1995 жылдың қаңтары жезқазғандықтарға жайсыз тигені көп жұрттың есінде шығар. Қаhарлы қыста 100 мың тұрғыны бар қаланы жылумен, жарықпен қамтамасыз етіп отырған жылу-электр орталығында айтарлықтай апатты жағдай орын алған болатын. Қала тіршілігін қамтамасыз ететін орталықтағы сегіз қазандықтың біреуінің ғана жұмыс істеуі өндірісті айтпағанда, бүкіл тұрғын үйлердің қатып қалу қауіпін туғызды. Сол кездегі Жезқазған облысының әкімі Қажымұрат Нағыманов та іскер, әрі қатаң талап қоя білетін басшы еді. Қала әкімімен бірге өз саласынан басқаға мойын бұра қоймайтын кен-металлургия комбинатының бас директорын осы іске түбегейлі жегіп қойды. Жұмекең сол бір қиын кезең туралы: «Бел шешпей жүріп, үлкен күшпен тығырықтан шықтық қой. Бас-аяғы он айдың ішінде қаланың жүрегі – ЖЭО-дан бастап, 100 шақырымға дейін созылып жатқан жер астындағы жылу құбырларын да дұрыстап ретке келтіріп алдық. Содан бері тұрғындар ыстық су мен жылу болмай қалды деген проблеманы білген емес» деп жиі айтып отыратын.

Басшылық тізгінін нық ұстаған Жұмамәди Ибаділдаұлы қаланың шынайы жанашыры ретінде аянбай еңбек етті. Сол бір кезеңде елімізде жүргізілген жекешелендіруге қатысты игі істер мен реформалар да ең әуелі Жезқазған өңірінен бастау алған-тын. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы өзгерістер, отбасылық дәрігерлік амбулатория сияқты қанатқақты жаңа бастамалар жезқазғандық тәжірибе ретінде біртіндеп басқа өңірлерге ұсынылып жүрді. Жаппай нарықтық экономикаға көшкен кезде, әсіресе жекешеленген тұрғын үйлер мен коммуналдық шаруашылық иесіздікке ұшырай бастаған еді. Қала әкімінің пәрменімен тез арада жаңа құрылым – пәтер иелері кооперативтерін құру қолға алынды. Аптасына екі рет штаб мәжілісін өткізетін әкім жылу беру және электрмен жабдықтау кәсіпорындарының қалыпты жұмыс істеуі үшін негізгі қаржы көзі – коммуналдық төлемақылардың уақытылы жиналуын қадағалайтын. Қызметкерлердің коммуналдық салаға қарызы болған жағдайда мекеме басшыларына штаб үстінде қырғидай шүйлігетіні есімізде. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында тұрмысқа енді ене бастаған ОДА-ларды орнықтыру да оңай болмады. Бұрын тек мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың мойнында болатын қала тазалығы мен абаттандыру мәселесі де әкімнің күнделікті араласуымен ойдағыдай шешімін тапты. Қала басшысының ыждағаттылығы мен берілген тапсырмаларының орындалысын жіті қадағалауы нәтижесінде Жезқазған бірер жылдың ішінде көркейіп, республикадағы көрікті әрі таза қалалардың қатарында аталатын болды.

Жұмекеңнің алысты барлап, тереңнен ойлайтын қасиеті мол болатын. Соның арқасында ел арасында шоқтығы ерекшеленіп, кемел тұлға ретінде танылды. Рухани-мәдени өмірге де айрықша көңіл бөлетін. Сарыарқаның сауырындағы Жезқазған-Ұлытау өңірінің көшпенділер өркениетінің көне ошағы болғанын ұдайы алға тартып отыратын. Ежелгі Жошы ұлысының Алтын орда, Көк ордасынан бастап қазақ хандарының мемлекеттігіне дейінгі талай шежіреге арқау болған қасиетті даланың тарихына үңілуді де ұмытпай, ізгі жобаларға қолдау көрсете білді. Үш жүздің басын қосқан Ұлытау өңіріндегі оқиғалар мен ерекше тұлғалардың ұмыт бола бастаған тұстарын архив деректері арқылы жаңғыртуды мақсат тұтып, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында нақты шаралар атқарды. Жергілікті қаламгерлердің қалтасына қаржы салып арнайы тапсырмамен Омбыға жіберді. Белгілі қаламгер Қуаныш Ахметовтің «Ұлы Даланың Ұлытауы» атты екі томдық құнды кітабы осындай қамқорлықтың арқасында дүниеге келген еді. Көп басшылардың бойынан табыла бермейтін ел мен жер тарихын зерделеу, әдебиет пен өнерді бір кісідей пайымдап, рухани сала адамдарына жанашырлық таныту ол кісіге тән қасиет болатын. Бүгінгі әкімдер арасында газет оқитындары жоққа тән ғой. Ал, мен бес жылдай «Сарыарқаның редакторы болғанда газетте жарияланған өзекті мәселелердің Жұмекеңнің назарынан тыс қалғанын көрмеппін. Кейде бір тақырыпқа байланысты арнайы шақырып алып, әр сөйлемнің астарынан «бірдеңе» іздегендей болғанда келіспей қалатын кезіміз де болушы еді. Турасын айтқанда Жұмекең кезінде тура осындай бар салаға байыппен қарайтын әкім болды. Оның Астанадағы баспалардың бірінен шығарған «Жер кіндігі Жезқазған – Еуразия жүрегі» деген тарихи-танымдық кітабы да азаматты жаңа бір қырынан танытқаны анық. Қасиетті Ұлытау мен Жезқазған өңірінің терең тарихынан бастап бүгініне дейін толғана сыр шертетін бұл кітап шынтуайтында құнды еңбек.

Бүгінде біреу біледі, біреу білмейді, Жезқазған облысы таратылып Қарағандыға қосылғанда бұрынғы облыстық деңгейдегі мәдени мекемелерді ықшамдау ұстанымы болды. Қала бюджетіне салмақ салады деген желеумен театр, филармония сияқты мәдени мекемелердің жабылу қауіпі туындады. Осындай сындарлы шақта Жұмамәди Ибаділдаұлы айтарлықтай қайраткерлік танытып, қаладағы мәдени-өнер мекемелерін сақтап қалудың жолын тапты. Міне, сол кезеңнен аман өткен Халықтар достығы мен мәдениеті үйі мен ондағы Т.Қалмағанбетов атындағы филармония, С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театры және тарихи-археологиялық музей бүгінге дейін қала жұртшылығының өнердегі тәу етер сүйікті ұясына айналып келеді. Жезқазған өнерінің даңқын шығарған сол тұстағы «Ұлытау үні» фестивалі мен оның аясындағы халқымыздың мақтанышына айналған тұлғалардың шығармашылық кештеріне, сондай-ақ, бірнеше жыл қатарынан қанат жайған республикалық театрлар фестиваліне де қала әкімі тарапынан үлкен қолдау жасалғаны есте. Он жыл бойы орныққан орнын абыроймен тапсырған Жұмекең 2005 жылдың қазан айында Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі болып ауысты. Бір жылдан кейін облыстық Азаматтық қорғаныс, апаттың алдын алу мен оны жоюды ұйымдастыру басқармасының басшылығына тағайындалып зейнетке шыққанша жеті жыл жемісті еңбек етті. Ол сол уақыттардың өзінде туған өңірдегі елдік істерге жиі араласып, тиісті жерлерде қолдауы мен көмегін аямайтын.

Иә, білікті басшы халықтың қолдауымен ел ішінде еркін жүріп, кемел тұлғаға айналды. Ең бастысы, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Айтулы азаматтың артында бедерлі де берекелі істері қалды. Жезқазғанның Жұмамәдиін қалың жұрты қашанда ұмытпайды. Жатқан жері жайлы болсын, жайсаң жанның!

Амандық РАХҰЛЫ

17:01
866

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020