​АЛҒЫ ШЕПТЕГІЛЕР АЛҒЫС АЛДЫ

«Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сәкен Смағұлов «Biz Birgemiz» республикалық акциясына белсене қатысқандарға және төтенше жағдай кезінде ел қиындығын бөліскен бір топ жезқазғандық волонтерға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатын табыстады.

Бүкіл әлемді жайлаған пандемия тұсында қаламызда жанкештілікпен алдыңғы шепте жүрген 250-ге жуық волонтердің арқасында 8000-нан астам маска тігіліп, тегін таратылған. Елбасы тапсырмасына сай «Birgemiz» қоры  4299 отбасына 50 000 теңгеден қаржылай қолдау көрсетіп, азық-түлік дорбаларын үлестірді.

– Жезқазғандық волонтерлар тұрғындарға көмек қолын созып, жанашырлық танытумен қатар, қаламыздағы мәдени нысандарды қалпына келтіру және тазалық жұмыстарымен де айналысты. Полиция департаментімен бірге құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейдтерге қатысты. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне де көмек көрсетіп, қариялардың көңілін аулып, қуанышқа кенелтті. Олардың қатарында «Бірлік», «Алтын жүрек», «Жеңіс», «Серкенің серілері», «Спортты дамыту орталығы», «Мейірім», «Хадия», «Жігер», «Жылы жүрек» «Алтын жүрек», сондай-ақ, «Jas Otan» жастар қанаты жанынан құрылған волонтерлер ұжымдарының еңбегі зор.

Сонымен қатар, волонтерлар жұмысына ізгі лебіздерін білдіріп, төтенше жағдай кезінде бейтараптық танытпаған меценат Бекзат Алтынбеков пен қалалық мәслихат депутаты Свелана Жумкинаға, Талғат Еркебаев, Марғұлан Молдашов, Абай Байділдаев, Ерғазы Құпекулов, Батыр Аметов, Бауыржан Мұқашев есімді кәсіпкерлерге де еліміздің бас партиясы атынан алғысымды білдіремін, – деген Сәкен Смағұлов Елбасы Алғыс хатын тапсырды.

Марапат иеленгендердің қатарында «Дидар» телеарнасының директоры Базарбай Әлеуханұлы, «Saryarqa» газетінің бас редакторы Дархан Мұхан, Жастар ресурстық орталығының директоры Ботакөз Мұхиден, кәсіпкерлер Мейіржан Оразбек пен Тәңірберген Жанатов, «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері Абай Бағчай мен Марал Бегенова және Бибарыс Елеусізов, Айым Күлтаева, Мұханбетрасул Мусин, Айдана Накупова, Мейіржан Райымқұлов, Диас Әбдіғазизов сынды студент жастар бар.

Карантиндік талаптарға сай өткізілген жиында волонтерлар атынан Абай Бағчай сөз алып, Елбасы сенімін ақтау жолында талмай еңбек ететіндігін жеткізді. Шара соңында Базарбай Әлеуханұлы аға буын атынан жастарға ақылын айтып, ақ батасын берді.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

17:14
423

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020