КӨРЕРМЕННІҢ КӨЗАЙЫМЫНА АЙНАЛҒАН

Алпыс жылдық тарихы бар «Дидар» телеарнасы – аймағымыздағы ірі медиа құрылымдардың бірі. Қай кезде де тұрғындар үшін дамылсыз қызметінен танбаған телеарна ақпарат саласында өз биігін әлдеқаша бағындырған. Жаңалық жаршысына айналған аймақ айнасында бүгінгі таңда елуге тарта қызметкер бар. Солардың ішінде аға буын мен кіші буынның дәнекеріне айналған Бақытгүл Акпарованы байқамау әсте мүмкін емес.

1976 жылы жазиралы Жаңаарқа төсінде дүние келген ол алғашқы еңбек жолын сол кездегі санитарлық-эпидемиологиялық стансада хатшы болып бастаған. Кейін Жезқазғанға келіп «Дидар» телеарнасына ЭВМ операторы болып жұмысқа орналасты. Журналистер ойын қағазға түсіретін Бақытгүл Жарылқасынқызы ақпарат айдынында осылайша төселе түсті. Кейіннен барлық бағдарламаларды эфирге шығаратын техник мамандығын меңгеріп алды. Ал 2004 жылы бағдарламалар тізімін жасаушы қызметінің құлағын ұстады. Міне содан бері аталған қызметті абыроймен атқарып келе жатқан оған телеарна басшысы мұрағат жұмысын да сеніп қоса тапсырды.

Таңғы сағат сегізден бастап аймақ халқын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнімен оятатын «Дидар» телеарнасының сағат түнгі 12-ге дейінгі барлық бағдарламаларын секундына дейін есептеп техник мамандарға ұсынады. Монтаж парағын тізімдеп қана қоймай, әрқайсысын көрермендердің жасына, уақытына, апта күндеріне қарай жіктейді. «СТВ» телеарнасымен жасалған келісімшарт негізінде тек аймақтық қана емес, республикалық жаңалықтарды, концерттік бағдарламаларды эфирге ұсынады. Сондай-ақ, арнайы тәжімаланған кинолар мен телесериалдарды да назарға ұсынады.

Бақытгүл Жарылқасынқызы жауапты екінші жұмыс – телеарна мұрағаты. Жарты ғасырдан астам мерзімде бүгінгіге дейінгі тарихтың куәгері болған телеарна мұрағатынан жалпы еліміз үшін маңызды оқиғалар мен қайраткер тұлғалар жайлы таптармас құнды деректерді кезіктіруге болады. 1997 жылы Жезқазған облыс мәртебесінен айрылған соң облыстық телерадио комитеті де тарап, осы уақытқа дейін жиналған барлық телеарна архиві ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете барды. Яғни, әр журналист өзіне қатысты дүниені өз жөнімен алып кете барды. 1999 жылы Базарбай Әлеуханұлының басшылық қызметке тағайындалды. Ол қызметіне кіріскен бір ай ішінде телеарна мұрағатын қайта қалпына келтіру туралы бұйрық шығарды. Соның нәтижесінде бұрынғы талан-таражға түскен бейнематериалдар базасы жинақталып, қайта қалпына келтірілді. Міне, бүгінде осынау күрделі жұмысты өз міндетіне алып отырған Бақытгүл ханым жан-жақтылығымен, қай істе де тиянақтылығымен және мол жауапкершілігімен басшылықты дән риза етіп, әріптестерін таңқалдырудан танған емес. Ол жетекшілік еткен уақыт мерзімінде мұрағаттағы ескі кассеталар цифрландырылып, жаңадан дискіге көшірілді.

Ол ұжымдағы кәсіподақ комитетінің де белсенді мүшесі. Аға буынның алғысын арқалап, жас әріптестерінің жанашырына айналған оны телеарна ұжымының қай-қайсысы да арда көңілмен құрмет тұтып, үлгі етеді.

«Дидар» телеарнасы ұжымы жыл сайын жас журналистермен толығып келеді. «Журналист болу – мамандық емес, ол – өнер» деген телеарнаның бас редакторы Елдос Кәкенов бізді өз қызметіне берілген, талапты жас журналист Маржан Ғабдысаттармен жүздестірді. Күнделікті жаңалықтар тізгінін ұстаушы Маржанды арнаның кез келген көрермені бірден таныры сөзсіз. Бүгінде әдемі дауыс ырғағы мен тартымды сөйлеу мәнері арқасында көптің ықыласына бөленіп жүрген Маржан – Байқоңыр ауылының тумасы. Арғы атасы Аманкелді Имановтың туған нағашысы, ел арасында зор құрметке ие қажы, «Дулығалы» мешітін салдырған Құлмұханбет ишанның ұрпағы. 1993 жылы дүниеге келген ол бала күнінен гуманитарлық пәндерге жақын болды. Жазу-сызуға, өлең шығарып, ән салғанды да жақсы көретін ол әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін филология мамандығы бойынша тәмәмдады. Сөйтіп 2015 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің баспасөз хатшысы болып жұмысқа орналасты. Осы арада қосымша «Kazakh TV» телеарнасының «Киелі жерлер» бағдарламасында редактор болып та жұмыс істеп жүрді.

2017 жылы кезекті еңбек демалысына шығып ауылына келген ол жергілікті «Дидар» телеарнасында жаңалықтар бағдарламасына іріктеу жарияланып жатқанын естіп, бақ сынап көруге шешім қабылдады. Телеарнаға барып әңгімелесуден өтті. Бір аптадан соң Маржанның телефонына қоңырау шалынып, «Дидар» телеарнасына тілші болуға ұсыныс түсті. Бұл кезде оның еңбек демалысы бітіп, Алматы шаһарына қайтып кеткен еді. Дереу анасына хабарласып, мән-жайды айтқан Маржан жақын жандарының тілегін қош көріп, бір күн ішінде барлық жүгін жинап Арқа төсіндегі ақпарат айдынына қарай тартып отырды. Міне, содан бері «Дидар» телеарнасының тілшісі. Кейіннен дикторлыққа да бейімделді. Алғашқы жаңалықтар бағдарламасына арналған бейнематериалы – қаржы саласы қызметкерлеріне арналды. Тырнақалды туындысының түсірілімінде тосылып тұрған Маржанға тәжірибелі оператор маман Нұрлан Исмайловтың көмегі көп тиді. Өзге де әріптес аға-апаларының жол сілтеуі арқасында шыңдала түскен Маржан бүгінде өзі де кейіннен қатарға қосылған жас журналистерге тәлімгерлік етіп жүр.

Жас журналистің көпті сүйсіндірер тағы бір қасиеті – ақындық қыры. Қарсы алды қолын бұлғап сағымдары,

Қыстың тоңын шешпепті ауыл маңы.

Самарқанның көк тасы жібігенде

Жібемейді-ау Арқаның қалың қары.

Еркелігін қызының сөкпейді тек,

Самал желі маңдайдан өкпейді кеп.

Кейде ойлаймын, шыңдары Алатаудың

Қырына Ұлытаудың жетпейді деп.

Бұл – Маржан қыздың туған жерін қимай, жанарына жас тола Алматыға қарай аттанып бара жатқан кезінде шығарған өлеңі екен. Кіндік қаны тамған жерге деген адалдық осындай-ақ болсын. Қанша жерден үлкен, көпке белгілі алмалы өлкені жезді өлке Жезқазғанға айырбастап келгеніне еш өкінген емес. Тек журналистика емес, түрлі қоғамдық іс-шаралардың басы-қасынан табылып жүретін ол 2018 жылы – «Ұлытау аруы» атанып, облыстық «Арқа аруы» байқауына жолдама алды. Аталған байқаудан Аманжол Әлтайдың «Шабыт» номинациясын қанжығасына байлады. Маржан бағындырар асулар әлі де алда екені анық.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

17:35
1576

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020