ҰСЫНЫСТАР ТЫҢДАЛЫП, БАСТАМАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депуттары Сергей Ершов пен Арман Қожахметов Қарағанды облысына келген жұмыс сапары аясында Жезқазған қаласының әлеуметтік-экономикалық даму ахуалымен танысуды да ұмытпады. Халық қалаулыраның мысты қаладағы алғашқы кездесуі Жезқазған қалалық мәслихат депутаттарымен өтті. Кездесуге қала басшылығы атынан әкім орынбасары Зина Ақылбекова қатысты.

Жиынды ашқан сенатор Сергей Ершов Жезқазған қаласының тұрмыс-тіршілігі оңалып, өңірдің дамыунда серпін байқалатынын тілге тиек етіп, қуанышын жасырмады.

–Қала әкімімен жүздескенде Жезқазғанда тұрғын үй құрылысы қарқын алғанынан хабардар болдық. Бүгінннің өзінде көпбалалы отбасыларға арналып 40 баспана сатып алыныпты. Сонымен қатар, мемлекет қолдауымен төрт баспана құрылысы жоспарланыпты. Одан бөлек тағы төрт үй коммерциялық негізде салынып жатқан көрінеді. Осылайша, бір жылдың ішінде тұрғын үй кезегіне тіркелгендердің саны 30 пайызға қысқармақ. Бұл – үлкен жетістік. Жезқазғандықтар үшін тағы бір сүйінші хабар бар. Бәрімізді көптен бері алаңдатқан ауыз су мәселесін шешетін күн де алыс емес. Жезқазғандық тұрғындардың Есқұладан таза су ішуін қамтамасыз ету үшін көп күш салынды. Бұл жобаны өміршең ету 7 млрд 800 млн теңгені қажет етеді. Қарағанды облысының әкімі бұл қаражатты мақсатқа республикалық қазынадан қарастыруды өтініп, Премьер-министрге хат жолдапты. Ол өз кезігінде жауапты министрлікке тапсырылды. Бұған дейін республикадан осы мақсатқа 1,9 млрд бөлінеді деп жоспарланған еді, – деді сенатор.

Былтырғы жылы Парламентте қабылданған заңдар және заң шығаруға қатысты жаңа бастамалар туралы сөз қозғаған Арман Төлешұлы:

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғанын білесіздер. Осы ретте депутаттар корпусы ұдайы өз сайлаушыларының мүдделерін қорғауға дайын. Қарағанды облысы, оның ішінде Жезқазған-Ұлытау аймағының өркендеуі хақында жоғары мінберлерден жиі айтылады. Биыл да біздің аймаққа бөлінетін қаржы қомақты екенін айта кеткен жөн болар. Мысалы, Қарағанды облысында лифт зауытын салу жоспарланып отыр. Нәтижесінде екі жылдың ішінде облыс көлемінде жарамсыз күйге түскен 360 жеделсаты жаңартылмақ. Сондықтан, Жезқазған қаласының әкімдігі де ескі жеделсатылар бойынша облысқа ақпар беріп, бұл игі бастамадан қапы қалмауы керек. Аймақтың тұрғын үй құрылысында да болашақта ілгерілеу байқалатынына семімдімін. Өйткені, енді осы аймақта тұрғын үйдің шаршы метрі 120 мың теңгенің орнына 180 мың теңгеден сатылатыны республика деңгейінде келісілді. Еліміз бойынша төрт жыл ішінде 53 елді-мекенде голландық технология бойынша жұмыс істейтін тазарту қондырғыларын орнату көзделген. Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш пен Қарағанды сол тізімге енгені қуантарлық жағдай, – дей келе, ұстаздардың беделін арттыруды мақсат еткен «Педагог мәртебесі туралы» заңға, тұрғын үйлердің жағдайын жақсартуға бастайтын меншік иелерінің қауымдастығына кеңірек тоқталды.

–Мұғалімдерді ұлт тәрбиешісіне балаймыз. Ел болашағы саналатын жастарды білім әлеміне жетелейтін қадірлі мамандық иелерінің мәртебесін анықтайтын заң жобасы ұзақ талқыға салынып, әзірленді. Біз барлық аймақтағы ұсыныс-тілектерді ескеруге тырыстық. Дегенмен, олардың бәрі бірдей заңда көрініс таппағанмен, педагогтердің мерейін асыруды көздейтін шаралар жетерлік. 2020 жылдың қаңтарынан мұғалімдердің айлығы 25 пайызға артпақ. Алғашқыда жалақыны өсіру қыркүйек айына межеленді. Алайда, қаржы көзі табылып, жоспарды жыл басынан іске асыру қолға алынды. Онымен қоса, ауылдық жерлердегі педагогтерге үй құрылысы үшін жер телімін ұсыну, денсаулығын сауықтыру мен балаларын кезексіз мектепке дейінгі білім және тәрбие мекемелеріне орналастыру сынды қолдау шаралары қамтылған. Білім бәйгелерінде шәкірттері оза шапқан ұстаздарға сыйақы беру көзделген. Білім беру ошағы мен мұғалімдерді тексеру мәселесіне де шектеулер қойылды. 2018 жылдың өзінде еліміз бойынша 500 тексеру жұмысары мұғалімдердің еңбек демалысы кезінде жүргізілген. Тексеру жұмыстарының 80 пайызында ешбір олқылықтар анықталмаған, — деген мәжіліс депутаты жылдан жылға қатары көбейіп келе жатқан апатты үйлер мәселесін шешудің оңтайлы жолы ретінде « ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын ұсынды.

–Күні бүгінге дейін пәтер иелері коперативі тұрғындардан қаржы жинап, тұрғын-үй мен оның коммуникацияларын күтіп ұстайтын. ПИК өзі тапсырыс беруші әрі орындаушы ретінде қызмет ұсынғанда тиімсіздігін аңғартты. Енді тұрғындардың жалпы жиналысында адамдар басқару формаларын таңдайды. Яғни, олар сенімді серіктес ретінде қарапайым серіктестік құрады немесе басқарушы компанияны таңдайды, тіпті болмаса меншік иелерінің қауымдастығын құрып, өздері басқарады. Бұл тұрғындарға үйін басқаруға көптеген мүмкіндіктер береді. Бұған дейін тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан коммерциялық ұйымдар мен жеке кәсіпкерлер ПИК қызметін төлемейтін болса, қазір олар екі есе көлемде аударым жасайды. Қорға жинақталған қаржы есебінен тұрғындар жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Жоғарыда аты аталған заңның тағы бір артықшылығы ретінде жергілікті атқарушы биліктің тұрғын үйдің жөндеуіне қатыса алу мүмкіндігін айтуға болады. Тұрғын үйдің іргетасын жөндеп, шатырын ауыстыруға тұрғындар жинақтаған қордағы қаржы жетпесе, әкімдік көмектеседі. Бұндай бұрын соңды болмады, – деген Арман Төлешұлы үш жылдың ішінде ПИК-тер толық тарайтынын айтты.

Арман Қожахметов пен Сергей Ершов жергілікті депутаттарды алаңдатқан мәселелерге кезек бергенде облыстық мәслихаттың депутаты Бауыржан Шыңғысов қалылық автокөлік жолдары басқармасын бәсекелестік ортаға беру мәселесін көтерді.

–Қала көшелері мен жолдарының тазалығына жауап беретін бірден-бір кәсіпорыннан айрылып қалу қаупі бар. Жекенің қолына өткен соң әрине жұмыс ақсап, адал еңбекпен нанын тауып отырған еңбеккерлер жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұған мысал келтірудің де қажеті жоқ. Біздер мен сіздер жекешелендірудің құрбаны болған талай кәсіпорынды көрдік. Сондықтан, бұл мәселеге басқа қырынан келу қажет, – деген облыстық мәслихат депутатының ұсынысы қолдау тауып, жезқазғандық коммуналдық кәсіпорынның мәселесін Үкімет деңгейінде қарастыруға шешім қабылданды.

«Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылданғаны ұстаздар қауымын серпілтіп тастағанын тілге тиек еткен қалалық мәслихаттың депутаты Әбдірахман Досанов санитарлық нормаларды сақтамады деген желеумен мектеп басшылығына салынатын айыппұлдардың мөлшерін төмендетуді ұсынып, оқушының көптігіне байланысты бір сыныпта 25 оқушыдан артық оқытуға рұқсат беруді сұрады.

Орынды ұсыныстардың барлығын Үкіметке жеткізуге сөз берген қос депутат жезқазғандық әріптестеріне сәттілік тіледі.

Диана ОРАЗАЛИНА

17:55
372

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020