ЖУРНАЛИСТЕР – МАРАПАТ БИІГІНДЕ

Ақпарат майданындағы аяқталмайтын арпалыстың иелері атанған журналист жұмысы қызығы мен шыжығы қатарласқан, жан-жақтылық пен жеделдікті, шыншылдық пен шығармашылық ізденісті талап ететін мол жауапкершілікке ие сала. Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында мысты шаһардың сөзден мүсін соғып, қоғам жүгін арқалаған бір топ қалам иелері марапатқа ие болды.

Телеарна тарландары мен газет шеберлерін кәсіби мерекелерімен қала әкімі Қайрат Бегімов өзі құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, бүкіл әлемді шарпып, біздің елімізді де тасада қалдырмаған пандемия тұсында тұрғындарды соңғы жаңалықтармен қамтамасыз етуді тоқтатпаған бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне айрықша алғысын білдірді.

Шара барысында қала әкімінің Алғыс хатымен «Дидар» телеарнасының тілшілері Маржан Ғабдысаттар мен Гүлім Қуанышова, «Жезказганский вестник» және «Saryarqa» газетінің тілшілері Салтанат Қожахметова мен Ізтөлеу Түсіп және «Подробности» және «Saryarqa» газеттерінің фототілшілері Полина Кузнецова мен Ғалия Әбдіғаппарова марапатталды. «Ortalyq Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі Әлібек Әбдіраш пен «Индустриальная Караганда» газетінің меншікті тілшісі Юлия Пулина да аталған марапаттан құр қалмады.

Жылдағы дәстүрге сай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін ынталандыру мақсатында қала әкімінің арнайы сыйлығы табысталды. Биыл «Мамандық майталманы» номинациясын «Ұлытау және Ұлт» журналының редакторы Сара Смағұл алса, «Насихат» номинациясы «Дидар» телеарнасының орыс редакциясының меңгерушісі Петр Севастьяновқа бұйырды. Ал «Белсенді өмірлік ұстанымы үшін» номинациясымен «Дидар» телеарнасының бас редакторы міндетін атқарушы Елдос Какенов пен «Обьектив шебері» номинациясын «Жезқазған ТV» телеарнасының директоры Шынғыс Әлеухан иеленді. «Өндірістік тақырыпты үздік жариялау» номинациясына «Подробности» газетінің тілшісі Людмила Ульрих, «Еңбек адамын насихаттау» номинациясына «Жезказганский вестник» газетінің тілшісі Әсем Тілеміс және «Әлеуметтік тақырыптарды үздік жариялау» номинациясына «Мысты өңір» газетінің жауапты хатшысы Күлбағдат Қасымова лайық деп танылды. «Жас қалам» номинациясын Жезқазған аймақтық «Saryarqa» газетінің тілшісі Ақниет Тағыберген қанжығалады.

Осы ретте Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының «Мамандығына адалдығы үшін» аталымын Ұлытау ауданының журналистика ардагері, ҚР құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Батырбек Мырзабеков, «Әлеуметтік тақырыпты үздік жариялау» аталымын «Дидар» телеарнасы директорының кеңесшісі, бас продюсер Мақпал Орынбетова иеленгенін де атап өткен жөн.

Ай СҮГІР

10:01
447

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020