​ӘЛЖУАЗ ТОПТАР ҚОЛДАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Ауыр інденттің салдарынан жарияланған каринтин кім-кімге болсын оңай соқпай тұр. Ал, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін тіпті қиын. Күнделікті ішіп-жеуін әзер тауып, «шықпа, жаным, шықпа» деп отырғандар мемлекет тарапынан қолдау тапқаны қуанышты. Пандемия кезіндегі әлеуметтік қолдау шаралары туралы «Дидар» телеарнасының баспасөз клубында өткен брифингіде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Сәуле Тұтқышова кеңірек баяндап берді.

–ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 03.07.2020 жылғы №268 бұйрығына байланысты 2020 жылдың II тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алған азаматтардың өтініштері III тоқсанға, яғни үш айға автоматты түрде ұзартылды. Сонымен қатар, мүгедектік уақыты біткен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қайта куәландыру мерзімдері, жалпы және кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі, жеке оңалту бағдарламасы автоматты түрде үш айға созылды. 16 және 18 жасқа толған мүгедек балаларға қатысты сырттай қайта куәландыру да қарастырылған. Олардың мүгедектігі қолда бар құжаттар негізінде белгіленеді, – деген Сәуле Мағауқызы мұндай қадам азаматтардың коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупін азайту мақсатында, сондай-ақ мемлекеттік инстанцияларда адамдардың жаппай жиналуына жол бермеуге бағытталғанын жеткізді.

Тәртіп бойынша, бірінші кезекте атаулы әлеуметтік көмек отбасының құрамы, тұрғылықты мекенжайы және табыс деңгейі өзгермеген отбасыларға тағайындалады. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде екінші тоқсанның табыстары негізге алынады. Төтенше жағдай кезеңінде азық-түлік және тұрмыстық жинақтарды сатып алуға берілген 5 567 теңге, коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге арналған 15 000 теңге және тұрғындардың табыс көзін жоғалтуына байланысты төленген 42500 теңге атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде табыс көзі болып есептелмейді.

Жыл басынан Жезқазған қаласы бойынша 1343 мүшесі бар 300 отбасына 74 510,8 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленген. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасының 1-6 жасқа дейінгі балаларына ай сайын кепілдендірілген әлеуметтік пакет және тоқсан сайын қажетті гигиеналық құралдар беріліп отыр. Маусым айының әлеуметтік пакеті және екінші тоқсанның гигиеналық құралдыры осы айдың 15-і мен 20-ның аралығында таратылмақ.

Екінші тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек алмаған отбасылар АӘК алғаш рет тағайындау үшін egov.kz парталы арқылы өтініш берулері қажет. Бұдан әрі жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері құжаттарды мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларында тексереді және нәтижесі туралы хабарлайды. Мүгедектік алғаш рет белгілеген жағдайда egov.kz порталда «Электрондық өтініштер» бөлімінде құжаттардың сканерленген көшірмелерімен қоса өтінім беруі қажет.

Диана ОРАЗАЛИНА

10:03
343

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020