​ЖҰМЫСШЫЛАР ҚАЖЕТ

Жезқазған қаласы жұмыспен қамту орталығының директоры Абай Әзімбаев жергілікті БАҚ өкілдеріне өткізген брифингіге «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасының іске асу барысы арқау болды.

Биыл аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде Жезқазғанда 38 жоба қолға алынды. Оның ішінде мектеп құрылысы, мәдениет және білім ошақтарының жөндеуі, абаттандыру мен инфрақұрлымды дамыту бағытындағы ауқымды жобалар бар. «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасының ерекшелігі – елді-мекендердегі жұмыссыздық дейгейін азайтып, жұмыссыздарды жұмыспен қамту. Жезқазғанның өзінде бұл бағдарлама 1042 жұмыс орнын ашты. Оның 550-і жұмыссыздарға арналды. Бүгінде жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша жол жөндеуге, Жошы хан тарихи-мәдени кешені мен Теректідегі мектеп құрылысын жүргізуге, саябақтардағы су бұрқақтарды, ауылдағы клубты, жолдарды жөндеуге, жарық бағандарын орнату мен орта мектептердің қоршауын, кәріз жүйесін жаңартуға жұмыссыздар санатынан барлығы 251 жезқазғандық тартылған. Оның 74-і жастар, 11-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар және жетеуі аз қамтамасыз етілген отбасы мүшелері. Жұмыскерлердің айлығы ең төменгі жалақының екі мөлшерінен кем емес деңгейде белгіленеді, яғни 85000 теңге.

Қазіргі уақытта жұмыспен қамту орталығы жұмыссыздардың кәсіби біліктілігіне қарай тізімін жасақтап жатыр. Өйткені, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының өзге де жобаларын іске асыруға құрылыстан, техника меңгеруден, электр желісінен хабары болуы шарт. Бүгінгі таңда жұмысқа дәнекерлеуші, «В, С» санаттағы жүргізушілер, сантехник, электрик, кафель салушы, сылақшы, бетон құюшы, тас қалаушы, монтаждаушылар қажет. Осы ретте жұмыспен қамту орталығы екі қолға бір күрек таппай жүрген қала тұрғындарын жұмысқа шақырады. Ол үшін жеке бас куәлігімен жұмыспен қамту орталығына бару жеткілікті.

Диана ОРАЗАЛИНА

10:16
331

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020