БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

2020 жылды жезқазғандық 19 отбасы жаңа баспанада қарсы алды. Бұған дейін кемі төрт, көбі он баласы бар көп балалы отбасылар пәтер жалдап, туысын паналауға мәжбүр еді. Тұрғын үй кезегіне тіркеліп, күні-түні «баспаналы болсам» деп тілеген олардың арманы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асты.

Қалалық әкімдіктің жиналыс залына жиналған баспаналы болғандардың қуанышын Қайрат Бегімовтің құттықтауы еселей түсті. «Жаңа жылды жаңа баспанада қарсы аласыздар. Құтты болсын»,– деп әр анаға кілт тапсырған Қайрат Баяндыұлына орнынан алғысын жаудырып жатқандар мен мінбеден сөз алғандар да болды.

Солардың бірі «Алтын алқа» иегері Ақыш апай:

— Өркендерің өссін. Аналардың қамын ойлаған еліміздің бірлігіне сызат түспей, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын,- деп ақ батасын берді.

–Алла берген сегіз балам бар. Алды – 23-те. Кенжем екіде. Биыл үлкен қызымды құтты орнына қондырдым. Күні бүгінге дейін пәтер жалдап тұрамыз. Жезқазғанның орталығынан баспаналы боласыз деген сүйінші хабарды естігенімде біразға дейін сенінкіремедім. Міне, кілт қолыма тигенде ғана шын екеніні сезініп отырмын,- деп қуаныштан бөркін аспанға атқан Қарлығаш Искакова берілген пәтерлер жалдамалы болса-дағы көпбалалы отбасыларға үлкен көмек екенін айтады.

Шынымен, мемлекетке үш бөлмелі пәтер үшін шамамен 10-12 мың теңге төлеу арқылы отбасы бюджетін үнемдей алады. Осылайша, отбасы артылған қаржыны жинақтап, екінші деңгейлі банк немесе мемлекеттік бағдарламалар негізінде жұмыс істейтін «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы пәтер сатып алуға мүмкіндікке ие.

Диана ОРАЗАЛИНА 

18:27
552

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020