​КЕҢГІРДІҢ СУЫН КІДІРІССІЗ ІШЕМІЗ

Жезқазғанда су мәселесі – ең өзекті проблеманың бірі. Жергілікті билік пен сумен қамтамасыз етуші кәсіпорын бұл мәселені шешудің тағы бір жолын қарастырып, Кеңгір су қоймасынан қосымша су құбырының құрылысын бастаған еді. Қаламызға жұмыс сапарымен келген облыс басшысы Жеңіс Қасымбек аталған құрылыс нысанына да ат басын бұрды.

Жоба авторларының айтуынша, оның іске қосылуы қала халқын сапалы және үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аймақтағы қосымша су құбырын салу бойынша міндеттемелерді «Қазақмыс» корпорациясы өз мойнына алған. Қазір қосымша құбырдың едәуір бөлігі тартылған, бір ай көлемінде жұмыс толық аяқталып, құбыр пайдалануға беріледі.

— Өткен жылы суға қатысты проблемалар болды, тұрғындар бір аптадан аса сусыз отырды. Сол кезде біз «Қазақмыспен» Кеңгір су қоймасынан резервтік су құбырын салу қажет деген ортақ шешімге келдік. Бүгінде құрылысшылар соңғы учаскені аяқтауда, оларға 3-4 апта уақыт қажет. Енді қалада үздіксіз су таратуға қатысты қиындықтар болмайды, — деді облыс әкімі.

Мұнымен қоса, қазір Жезқазғанда Есқұла су құбырының жобасы қатар жүргізілуде. Ол жүзеге асса Жезқазған мен Сәтбаевты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуі тиіс. Бірнеше жыл бұрын жаңарту жұмысын аяқтау жоспарланған бұл құбыр қаражат жетпей аяқсыз қалған еді. Биыл Үкіметтің қолдауымен және «Қазақмыстың» белсенді қатысуымен қаржы мәселесі шешіліпті.

Сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясының күшімен Үйтас-Айдос су құбырын 2024 жылға дейін қайта жаңарту бойынша жобалау жұмыстары басталды.

Облыс әкімі Жезқзағанға сапары барысында басқа да бірқатар нысандарды аралады. Оның ішінде «TrikSat» тігін-тоқу цехын көріп, көпірді жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Бұл нысан «Өңірлерді дамыту 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуда.

Сонымен қатар, облыс әкімі болашақ дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына да барып қайтты. Жеңіс Қасымбек құрылысшыларға жұмыс сапасына мән беріп, кестеден ауытқымауды тапсырды. Жаңа спорттық нысан келушілерге өз есігін келесі жылы ашады. Мұнда бассейн, күрес залы, хореография залы, спорт залы болады.

15:25
824

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020