​АУЫЛДАР ҚЫМЫЗ ЖІБЕРДІ

Коронавирус инфекциясын жұқтырып, пневмониямен ауырып жатқан аймақ тұрғындарына Ұлытау, Жаңаарқа аудандары мен қалаға қарасты ауылдардың шаруа қожалықтары қымыз жіберіп, ем-дом шараларына қаржылай да көмек көрсетуде.

Сәрсенбі күні Ұлытау ауданына қарасты Сарысу ауылдық округінің азаматтары Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы провизорлық, инфекциялық ауруханаларға 200 литр қымыз жеткізді. Сондай-ақ, шаруа қожалықтары, ауыл тұрғындарынан жиналған 2 473 000 теңге қаражатты жергілікті белсенділер ашқан «Індетке қарсы күрес» қорына аударды.

-Қиын-қыстау сәтте жанашырлық танытып, ұйымшылдығын көрсеткен ауыл тұрғындарына, шаруа қожалықтарына алғыс білдіреміз. Шын ниетпен ұсынылған бұл қымыз науқастардың дертіне шипа болсын, еліміз індетті жеңіп, қалыпты өмірге қайта оралатын күн тусын деп тілеймін, — дейді Сарысу ауылдық округінің әкімі Сәтжан Құрманбаев.

Сондай-ақ, Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылдық округінен 300 литр қымыз жеткізіліп, Жезқзағандағы көпбейінді аурухана мен Жезқазған университеті жатақханасынан ашылған инфекциялық ауруханада жатқан науқастарға тапсырылды. Түгіскен ауылдық округі әкімдігінің жетекші маманы Ерден Досанның айтуынша, түгіскендіктер осындай көмекті Теміртау қаласына, Нұра ауданына да жолдаған. Бұл игі бастама әлі де жалғасын таппақ.

Осы игі шарадан теректілік жерлестеріміз де шет қалмай, қалаға 350 литр қымыз жеткізді.

-Теректі жұртының тамшыдай болса да осы көмегі науқастарға шипа болсын. Жергілікті ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде насихатталып жатқан осындай игі істер көпке жұғысты болып, жалғасын тапсын, — дейді Теректі ауылының имамы Мизамбай Бірәліұлы. 

16:31
323

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020