БІРҚАТАР НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов бірқатар құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарына ат басын бұрып, кезекті көшпелі кеңес өткізді.

Қала басшысы алғаш барған нысан «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылысы басталған 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені болды. Жалпы құны – 1 млрд. 719 млн теңгені құрайтын жаңа нысанның құрылысына биыл 1,1 млрд теңге бөлінген. Оның 500 млн-ы республикалық, 300 млн-ы облыстық және 300 млн-ы қалалық бюджеттен қарастырылған. 2019 жылы құрылысты бастауға облыстық бюджеттен 100 миллион теңге бөлінді.

Сот процестеріне байланысты қаражат 2020 жылға шегіріліп, екінші қайтара конкурстық процедуралар жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша «Орион LTD» ЖШС жеңімпаз атанды. Мердігер 1 638,6 млн теңгеге спорт кешенін салып беруді өзіне міндеттеп отыр. Келісім шарт жасалып, міндеттемелер қабылданған мамырдан бастап, құрылыс жұмыстары қарқын алды. 63 жұмыссыз жезқазғандық жұмылдырылған құрылыс кестеге сай іркіліссіз жүріп жатқанын көрген Қайрат Баяндыұлы мердігер мен жауапты мекеме мамандарына спорт нысанының салауатты ұрпақ қалыптастырудағы рөлін еске салып, жұмысты барынша жауапкершілікпен атаруды тапсырды.

Одан кейін қала әкімі бастаған жұмыс тобы қаланың жылу желілерін қайта құру бойынша жүзеге асырылып жатқан екі жобаның барысымен танысты. Атап айтқанда, қазір «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында магистралды жылу желілерін №3 және 9 негізгі сорғы станцияларына дейін қайта құру жұмыстары және «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде №3, 9 және 11 сорғы станцияларынан жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні 9-шы жылу магистралі бойынша жұмыстар 90% орындалды. Жезқазған ЖЭО-нан №9 сорғы стансасына дейін отандық өндірістің алдын ала оқшауланған құбырлары пайдаланылды, олар жылу энергиясының шығынын қысқартуға мүмкіндік береді, сол арқылы осы тармақтың тұтынушыларын жылумен жабдықтау сапасын жақсартады. Сондай-ақ, Жезқазған ЖЭО-ның ЖМ-3от жылу магистралін №3 сорғыға дейін қайта құру жұмыстары аяқталу сатысында. Мұнымен қатар №3 сорғы станциясынан ЖМ-3 жылу магистралін демонтаждау жалғасуда. №11 сорғы станциясынан жылу желілерін қайта құру мәселесі де қала басшылығының назарынан тыс қалмаған. Бүгінгі күні ең апатты деген учаскелер таңдалып, алдағы күндері жөндеу жұмыстары басталады.

Бұл жұмыстар халықтың әл-ауқатын жақсартуға, сондай-ақ, жезқазғандықтардың жылу мен ластанған ыстық суға байланысты көп жылғы мәселелерін шешуге бағытталғанын алға тартқан Қайрат Бегімов жобалардың жүзеге асуы оның қатаң бақылауында екенін ескертті.

Диана ОРАЗАЛИНА

11:08
257

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020