​ТӨРТ ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Соңғы екі-үш жылда Жезқазғанда бұған дейін тұралап тұрған тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Биылдың өзінде қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен республикалық бюджет қаражаты есебінен 4 бірдей көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Бұл жөнінде қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мәруа КЕЛМАҒАНБЕТОВА айтып берді.

–2020 жылы Байқоңыров көшесі 28 «А», Алашахан даңғылы 34 «Е», «И», «К» мекенжайында көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Құрылысты жүргізуге қажетті рұқсаттардың барлығы алынды, – деген Мәруа Келмағанбетова Байқоңыров көшесіндегі тұрғын үй құрылысының бас мердігері «Самға» ЖШС компаниясы екенін жеткізді. Жоба авторы – «КАРЭНТ» ЖШС, техникалық бақылауды «DS&V» ЖШС жүзеге асырады.

Жобаға 232,9 млн теңге жұмсау жоспарланған. Құрылысы алты айға созылатын тұрғын үйдің жалпы ауданы 0,1176 гектарды құрайды. Үш қабатты әрі екі кіреберісі бар 18 пәтерлі үйде ауданы 45,4 шаршы метр болатын 6 бір бөлмелі, 67,3 шаршы метрлік екі бөлмелі 6және 87,4 шаршы метрлік үш бөлмелі 6 пәтер орналасады.

Бүгінде құрылыс орнындағы инженерлік желілерді ауыстыруды аяқтаған жұмыскерлер құрылыс алаңын қоршауға кіріскен. Мердігер «Самға» ЖШС Алашахан даңғылындағы 34 «К» үйін де тұрғызуға жауапты. Құрылысына 730,7 млн теңге жұмсалатын тұрғын үй 2021 жылдың бірінші тоқсанында пайдалунаға беріледі. Мұнда екі және үш бөлмелі 60 пәтер болады. Олардың ауданы –54,4– 80,4 шаршы метрдің аралығында.

2022 жылдың желтоқсанында өз тұрғындарына есігін айқара ашады деп жоспарланған Алашахан даңғылы 34 «Е» мекенжайындағы келесі үй көп құрылымды келбетімен ерекшеленеді. 4-7 қабатты бөліктерден тұратын бұл үй 90 пәтерлік болып салынбақшы. Ауданы 41,2, 57,5 және 67,7 шаршы метр болатын 1-3 бөлмелі пәтерлерден тұратын тұрғын үйдің құрылысына биыл республикадан 175,0 млн теңге бөілінді. Құрылыстың бас мердігері – «Астана-Көктем С» ЖШС.

Дәл осы даңғлында бой көтеретін келесі үйдің құрылысына биыл облыстық бюджеттен 153 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 153 млн. теңге бөлінді. Құрылысы 306 млн. теңгені қажет ететін 30 пәтерлі тұрғын үй жыл соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Байқоңыров 28 «А», Алашахан 34 «К» мекенжайындағы үйлердің пәтерлері «Тұрғын үй құрылыс банкі» арқылы несиеге берілсе, қалғаны үй кезегінде тұрған қала тұрғындарына арендалық баспана ретінде үлестіріледі. Сонымен қатар, құрылысы былтыр басталған Алашахан 34 «Д» және Шевченко көшесіндегі 23 «А» мекенжайындағы екі үй де баспаналы болуды армандап жүргендердің игілігіне беріледі.

Диана ОРАЗАЛИНА

11:16
646

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020