​Саналы әрекет – саулық кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты телевизиялық үндеу жасады. Ол қазақстандықтарды екі аптаға белгіленген карантин шараларын қатаң сақтап, саналы түрде әрекет етуге шақырды. Бұл – аса қажетті шешім.

Еліміздің ең үлкен байлығы – адам. Адамнын байлығы – денсаулық, оның өмірі. Әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бəрін жасайды жəне тиісті шараның барлығын атқарады. Ал қауіпті дертті жеңетін – бірлік пен тəртіп. Ия, қазіргі жағдай бәрімізге ортақ ауыртпалық. Оны бірлескенде ғана, ортақ мүддеге күш біріктіргенде ғана жеңе алатынымыз анық. Осындай ауыр күнде ел мен жердің игілігі үшін еңкейген кәріден еңбектеген сәбиге дейін ортақ міндетке үлес қосып, жарияланған карантинге сәйкес жөнсіз жүрісті тыюы керек деп білеміз. Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген қазыналы қарттардың орны ерекше.Орны – төр, қатары – алдыңғы сапта.Біздің халқымыздың ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу, құрмет көрсету. Бұл – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Қаламыздың, аймағымыздың, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне, өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосқан ардақты қарттарымыздың сөзін жерге тастамассыздар. Тәуелсіздік дегенде, алдымен, ардагерлер ойға оралады. Бейбітшілік үшін жан алысып, жан беріскен олар — бүгін бір-бір үйдің аталары. Қазіргі қоғамның бетке ұстар тұлғалары.

Сол тау тұлғаларды бір шаңырақ астына біріктірген қалалақ ардагерлер кеңесі – Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің басын қосатын үлкен ұйым. От пен оқты көріп, небір «тар жолтайғақ кешулерден» өткен біздің ардагерлер қоғамда болып жатқан оқиғаларды қалт жібермей, олар қалада ұйымдастырған маңызды шараларға белсенді қатысады. Қазір қоғамда болып жатқан оқиғаларды қалт жібермейміз. Біз өңірдегі жағдайды ерекше бақылауында ұстайтын боламыз. Батыр бабалардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ та қазіргі қиындыққа төтеп береді деп сенеміз. Бәлкім, бұл біздің бірлігімізді байқау үшін берілген сынақ шығар.Бұл үндеуге біз Жезқазған қаласының ардагерлер кеңесі мен «Қызмет» Жезқазған аймақтық мемлекеттік мекемелер кәсіподағы бірлесіп, шынайы ниетімізбен сындарлы кезеңде жұдырықтай жұмылып, бірлесе қадам басу керектігін ұғындырғымыз келеді.

Біздің ауызбірлігіміз, тығыз ынтымақтастықтың нығайту тұғырында тұр. Президентіміздің үндеуіне өз қолдауымызды білдіре отырып, біз, жағдайды арттыруға бағытталған жарқын болашағы жолында ортақ күш-жігермен игі мақсатқа қол жеткіземіз! Елдің аузы ала болса, айтқаны бір жерден шықпаса, жұрты көсемінің соңынан ермесе, әр үй өз ынтымағын қызғыштай қорғамаса, бірлігі кетіп, берекесі тозған ел содан шығады. Ынтымақ жүрген жерде –ырыс жүреді. Ынтымақ болмай іс оңбас. Соны ұмытпайық, бауырлар! Барлық азаматтарды тағы да карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекетінде. Амандығымыз үшін күресейік! Топтанып ұшқан торғайға, тұрымтай да бата алмас.Ережелерді ескергенде ғана нәтиже болмақ. Басты міндет – карантин ережелерін қатаң сақтау! Жүсіп Баласағұн атамыз: «Сабыр етсең – ісің оңға асады, шүкір қылсаң – жамандық та қашады»,-деген екен.Сабыр сақтайық! Сабыр – ақыл серігі!

Қала ардагерлері мен «Қызмет» Жезқазған аймақтық мемлекеттік мекемелер кәсіподағы атынан:

Рахым Арыстанбаев – ардагерлер кеңесі Атқару комитетінің мүшесі, Жезқазған қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі

Валентин Куприянов – ардагерлер кеңесі Атқару комитетінің мүшесі, Жезқазған қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі,

Айып Байқасынов –  Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Қаташ Ұлданов – ардагерлер кеңесі Атқару комитетінің мүшесі,

Лариса Бутина – Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы,

Валентина Предеина — Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары,

Оразбай Арыстанбаев – Кенгір ауылының бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы,

Виктор Новомлинцев – қалалық ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі,

Раушан Қожабаева – «Қызмет» Жезқазған аймақтық мемлекеттік мекемелер кәсіподағының төрайымы.

11:28
276

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020