​БІЛІКТІ ДӘРІГЕРЛЕР ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСПЕК

Жезқазған қаласы әкімдігінің ғимаратында Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гамаль Тоқсанбаев бастап келген бір топ дәрігер қаламыздағы көпбейінді аурухананы дамытуға арналған 2020-2022 жылдардағы стратегиялық жоспармен таныстырып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

– Ел дәрігерлері алғаш СOVID-19 індеті тараған сәттен бастап қызу жұмысқа кірісті. Оладың ішінде төтенше жағдай кезінде өзі мен отбасы мүшелерінің басын бәйгеге тігіп, аурумен күрескен барша қарағандылық дәрігерлерге алғысым шексіз. Баршаңызға мәлім, күз айында аурудың жаңа толқыны пайда болуы мүмкін. Өткенде кеткен олқылықтардың қайтадан орын алмауы үшін барынша жағдай жасалуда. Ай сайын жоспарлы дәрі-дәрмек түсірілімінен бөлек қосымша дәрі қоры және жаңа төсек орын жабдықтары жеткізілуде. Таяу күндері аурухана тағы 6 ӨЖТ аппаратымен толықты. Сондай-ақ, 200 орынға шақталған модульді госпиталь құрылысы басталып кетті, – деді Гамаль Тоқсанбаев өз сөзінде.

Індеттің алдын-алу мақсатында Жезқазған қаласы көпбейінді ауруханасының басшысы Орал Мазитовтың ұсынысымен облыс орталығынан дәрігерлер шақырылды. Олардың қатарында профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың директорынан бастап нейрохирургия, неврология бөлімдерінің меңгерушілері, ситуациялық орталығының басшысы және облыстық клиникалық аурухананың урология, хирургия бөлімдерінің меңгерушілері, Қарағанды қаласы балалар ауруханасының директоры, Қарағанды қаласы перинаталдық орталығы директорының орынбасары, Саран қаласы орталық ауруханасы директорының орынбасары бар. Олар барлық көрген-білгендерін жезқазғандық дәрігерлерге үйрететін болады.

Жиын барысында Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Ләззат Ранова жақын күндері «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен жезқазғандық дәрігерлерге берілетін 20 пәтерден бөлек тағы 28 пәтердің құжаттары дайындалып жатқанын жеткізді. Биыл Жезқазған қаласы жоғарғы медициналық колледжінің бітіруші түлектері жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, 2-3-курс студенттері санитарлық жұмысқа тартылды.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

15:12
161

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020