​ТАЛАПТЫ ОРЫНДАУ – МІНДЕТ

Жезқазған қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Аманжол Кәрімов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Кездесуде сөз болған негізгі мәселе –коронавирус кезіндегі қала тыныс-тіршілігі.

– Елімізде кеселді індеттің беті қайтқанымен, мүлде жойылып кетпегенін бәріміз де білеміз. Сақтық шараларын қамтамасыз ету үшін аурудан сақтану ережелерін орындамаған ел азаматтарына әкімшілік жаза қарастырылған. Қала бойынша жергілікті басқару мекемесі өкілдері мен құқық қорғау қызметкерлері және тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандарын құралған мобильді бақылау тобы өз жұмысын жалғастыруда. Олар күнделікті қала көшелері мен саябақтарға, жеке мекемелерге тексеріс жүргізіп отырады. Әкімшілік кодекстің 425, 462, 476-баптарына сәйкес жеке кәсіпкерлер үстінен 44 хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Олардың 7-еуі – 22:00-ден кейін қызмет көрсеткен азық-түлік дүкені. Көбіне алдын-алу шараларын сақтамау әрекеті осы дүкендерде кездеседі. Оларда антисептик қойылмаған, не тұтынушының қолдануына қолайсыз жерлерде орналасқан. Залалсыздандыруға арналған кілемшелерді де уақытылы ауыстырып, тазалап отырмайды. Сол себепті оларға 600 000 теңгеге дейін айыппұл салынды. Кәсіпкер белгіленген айыппұлды бір апта ішінде төлейтін болса, тек жартысын ғана төлеуге құқылы, –дейді Аманжол Кәрімов.

Тұрғындар арасында жиі кездесетін құқықбұзушылықтардың қатарында үш адамнан артық жиналу, әлеуметтік арақашықтықты сақтамау, 23:00-ден кейін себепсіз көлікпен қала ішінде жүру және маскалық режімді сақтамау жиі қайталанады екен. Күнделікті қала көшелерінде арнайы дауыстық құрылғымен ескерту жұмыстары жүргізіледі. Аманжол Кәрімов тұрғындардың карантинге байланысты басым көпшілігінің табыссыз қалғанын ескере отырып, маска кимеген тұрғындарға әзірге айыппұл салынбағанын айтты. Әзірге ескерту жұмыстарын жүргізіп жүрген жезқазғандық полицилер оқиға қайталанатын болса айыппұл салудан басқа амалымыз қалмайды дейді.

Жиын барысында қозғалған келесі мәселе – кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқық бұзушылық. Аталған санатта былтыр 5 оқиға тіркелсе, биыл жыл басынан бері олардың саны 4-ке жетіп үлгеріпті. Карантин жағдайына байланысты ювеналды полиция қызметкерлері арнайы тізімге енген балалардың үйлеріне барып, әңгімелесу жұмыстарын жүргізуде. Жасөспірімдер арасында суицид фактлері де тіркелген. Бүгінде ондай оқиғалар саны 3-ке жетіп отыр. Дәрі ішіп өлмек болған жасөспірімдердің бүгінгі жағдайы қалыпты. Олармен психологтар жұмыс істеуде. Сонымен қатар, жаз айында ата-ана қарауынсыз су жағалауларына барған, тыйым салынған жүзу аймағынан өтіп кеткен жастар да жетерлік. Осыған байланысты ата-аналарға ескерту жасаған Аманжол мырза бейқамдыққа салынған әке мен анаға алғашында 10 АЕК негізінде айыппұл салынатынын немесе 127 бап бойынша қатаң шара қолданылатынын ескертті.

Бүгінгі таңда қаладағы жағдай тұрақты. 200-ден аса бейнебақылау камерасы істеп тұр. Сонымен қатар, Қарағандыдан тағы бір «ЕКІN» патрульдік көлігі алынып, жалпы саны екі көлікке жетті. Олардың біреуі – облысаралық, екіншісі – қалаішілік жол тыныштығын бақылайды.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

15:15
340

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020