​ЖЕЗҚАЗҒАН СПОРТЫ ЖЕТІСТІКСІЗ ЕМЕС

Мемлекеттің байлығы саналатын дені сау ұлт қалыптастыруда спорттың алар орны ерек. Сондықтан да, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізде спортты дамытуға жіті назар аударылып, жетістікке жету жолында нақты міндеттер қойылды. Соның нәтижесінде бүгін бізде түрлі арнайы спорт нысандары бой көтеріп, спортпен жүйелі түрде айналасытындардың саны артты. Сондай-ақ, ұлттық ойындармен қатар олимпиадалық, олимпиадалық емес спорт түрлері қарқынды дамып, әлем аренасында көк байрағымыз желбіреп, қазақстандық спортшылардың есімдері мақтанышпен атала бастады. Ел тұрғындарының денсаулығын жақсартып, ел намысын асқақтататын мықтыларды түлету мақсатында әлі де игі қадамдар жасалып жатыр. Маңызды бастамалар жайында Жезқазған қаласы спорт бөлімінің басшысы Дидар МҮТӘЛІПОВТЕН сұрадық.

– Дидар Мағауияұлы, қалың оқырман сізді спорт бөлімі басшысы екенін білсе-дағы, еңбек жолыңыздан хабарсыз. Сондықтан, әңгімеміздің әлқиссасын әріден бастасақ.

–Иә, Жезқазған қаласының спорт бөліміне басшылық еткеніме бес жылдың жүзі болыпты. Бұл қызметке тағайындалғанға дейін осы саладағы барлық лауазымдық сатылардан өттім деуге әбден болады. Алғаш еңбек жолымды туған жерім Қостанай облысы Аманкелді ауылының Құмкешу ауылының орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастадым. Кейін Жезқазғанға қоныс аударып, №13 орта мектебінде ұстаздықты жалғастырдым. Он жылдан астам балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо күресінен жастарды жаттықтырдым. Мемлекеттік қызметке Жезқазған қаласының білім бөлімінің бас маманы болып кірдім. Осылайша, 2015 жылы басшылық қызметке тағайындалдым.

–Жауапкершілік жүгі ауыр мемлекеттік қызмет атқара жүріп, спорттан қол үзіп қалмадыңыз ба?

–Жоқ! Спортқа уақыт табуға тырысамын. Қолым қалт ете қалғанда үстел теннисі, волейбол ойнап, жаттығу залына барамын.

–Біздегі спорт саласының бүгіні туралы айта отырсаңыз.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» аттыҚазақстан халқына Жолдауында «Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет»деп біздің алдымыза нақты міндет қойды. Бүгінде Елбасының бұл тапсырмасы біздің бағдаршамымызға айналды. Соңғы жылдары қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтауға ден қойылды.

Қала бойынша бізде 5 спорттық мекеме бар. Олар – Мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, Байдарка және каноэда есу бойынша мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, «Таеквондо» федерациясы, Спорттық сауықтыру кешені, «Намыс» спорттық кешені.

Мысты қалада бүгінде барлығы 26 спорт түрі дамыған. Оның ішінде 12-сі олимпиадалық, 3-уі ұлттық спорт түрі. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріндегі спорт секцияларына қатысушы кәмелетке толмағандардың санын арттыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіледі. Осы орайда 2019 жылы қаламызда жастардың спортпен шұғылдану деңгейін жетілдіру, жастарды спортқа баулу мақсатында волейбол, баскетбол, футбол және шахмат спорт түрлерінен екі аула клубы ашылды. Жалпы, қалада 4 аула клубы жұмыс істеуде. Бұл аула клубтарында белбеу күрес, волейбол, футбол, шахмат, тоғықұмалақ, спорт түрлері жұмыс жасауда. Жезқазған қаласындағы 15 жалпы білім беретін мектептің барлығында көп салалы хоккей корттары орнатылды. Ауыл мектептері де назардан тыс қалмағанын айта кеткен жөн. Қазір Талап, Кеңгір және Малшыбай ауылындағы мектеп жанында корттар жұмыс жасап тұр. Спорт кешендері мен футбол алаңдары, теннис және хоккей корттары, сонымен қатар баскетбол және волейбол ойнауға арналған залдар мен басқа да спорт нысандарына мектеп оқушылары мен студенттер тегін кіру мүкіндігіне ие. Әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасы балалары мен мүмкіндігі шектеулі оқушылар кез-келген уақытта ата-аналарымен бірге келіп қалаған спорт түрімен айналыса алады.

Жыл сайын бізде 100-ге тарта түрлі дәрежедегі спорттық турнир мен жарыстар ұйымдастырылады. Мұндай шараларды ұйымдастыру барысында жасын да, жасамысын да, кәсіпқой, әуесқой спортшыны да қамтуға баса назар аударамыз. Жезқазған қаласында республикалық қана емес халықаралық дәрежедегі байрақты бәсекелер өтіп жүргенінен хабардарсыздар. Спортшылар мен жаттықтырушы-бапкерлерді ынталандыру мәселесінде жол қойдық. Жыл сайын оларға қала әкімінің номинациясы тағайындалады. Балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу үшін біз қалалық білім бөлімімен бірлесіп жос­парлы түрде жұмыс істеудеміз. Оқушылары мен студенттерді спортқа тартып, бәсекелестік қабілетін қалыптастыру мақсатында дәстүр бойынша қалалық лига өткіземіз. Биылғы мектеп лигасының №13 орта мектебі озса, колледждер арасында Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжі командасы жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

– Жалпы, халықтың бұқаралық спортқа қызығушылығы жылдан жылға артып келе жатқаны байқалады. Осы ретте жезқазғандықтарға қандай жағдайлар жасалып жатыр?

–2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға қарай Қазақстан халқының 30 пайызы спортпен тұрақты айналысуы тиіс деп міндет қойғаны естеріңізде болар. Бүгін біз аталған межені іркіліссіз орындадық.

Қаламызда тегін де, ақылы түрде де қызмет ұсынатын спорт кешендері, жаттығу залдары көбеюде. Сонымен қоса, аулаларда жаттығу құралдары орнатылып, жалпы бұқараның дене тәрбиесімен айналысуына жағдай жасауға баса мән берілуде. Атап айтсақ, «Бірлік», «Чемпион», «ММ-фит» және «Олимп» қызығушылық спорт клубтары мен халықтың көп шоғырланатын мекен-жайларға орнатылған бес «StreetWorkOut» көше тренажерлеріне баратындардың қарасы қалың. Қазіргі таңда көше тренажерлерінде қала тұрғындарымен қатар «Спорт тарландары» аула клубының спортшылары жаттығады. Оларды дайындап, шынықтыратын арнайы спорт нұсқаушылары барын да айта кеткен жөн. «Жастар» саябағындағы скейтборд, баскетбол және футбол ойын алаңдары, «Ғарышкерлер» бульварында орнатылған көше тренажеры мен скейтборд алаңы, веложолақтар да бұқаралық спорттың дамуына өзіндік үлесін қосуда.

–Құрлысы қызу жүріп жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені жезқазғандықтарға қандай спорт түрлерін ұсынатын болады?

–Сыйымдылығы 320 адамға шақталған дене-шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталғанда спорт сүйер қауым бөркін аспанға атқанын қалай жасырайын. Өйткені, бізде мұндай заманға сай әрі көп салалы спорт нысаны болған жоқ. Аталған кешенде спортшы жастар мен жасөспірімдерге заманауи құрылғылармен жабдықталған бассейн, спорттық және ойын залдары қызмет ететін болады. Спорт кешеніндегі футбол, волейбол, баскетбол сынды бұқаралық спорт секциялары және бокс, күрес залдары жаңа үлгіде жарақтандырылады. Дәл осы спорт түрлері бойынша халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі жарыстар өткізуді жоспарлап отырған жайымыз тағы бар. Бассейндерде су спорты түрлерінен турнирлер, балалар мен ересектерге арналған кешенді сауықтыру шаралары өткізіледі.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге ғана емес денсаулығын жақсартып, жан-жақты физикалық дамуына септеседі деп күтілуде. Аталған спорт нысаны кәсіпқой спортшылар үшін де, салауатты өмір салтын ұнататындар үшін де денсаулықты нығайтуға мол мүмкіндіктер ұсынбақ.

–Өткен жылды қорытындылап, жезқазғандық спортшылардың жеткен жетістіктерін айта отырсаңыз.

2019 жылы біздің екі спортшымыз ҚР спорт шебері атанса, тағы 15-і ҚР Спорт шеберінің кандидаты орындады. Мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері ҚР Чемпионатында қола медалді қанжығалап, қала мерейін асырды. Дамир Байпақов ҚР чемпионы атанса, Дінмұхамед Сейітбек, Айболат Аманкелдиев ҚР чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Айболат Аманкелдиев жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері атанды. Болгарияда өткен Әлем Чемпионатына қатысқан Еламан Аманкелді ҚР чемпионының күміс жүлдегері атанды. Қызылорда қаласында өткен белбеу күресінен ІІ орынды жеңіп алған Бекзат Ермеков пен самбодан ҚР чемпионатында қола жүлдеге ие болған Төлеу Қайроллаевтың, Үндістанда өткен Азия чемпионатында қола жүлдегері Жандос Бейсенбаевтың да есімін мақтанышпен атап өткім келеді. Спорттық-сауықтыру кешенінің тәрбиеленушісі Ерасыл Дәулетбек кадеттер арасындағы Азия Чемпионатының күміс жүлдегері атанғаны да үлкен жетістік. 2019-2020 оқу жылының қорытындысы бойынша аталған мектептің екі спортшысы облыстық стипендияға ие болды.

–Сұхбатыңызға рахмет. Спорт күні құтты болсын!

Диана ОРАЗАЛИНА

15:19
276

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020