​ҚАЙРАТ БЕГIМОВ ТЕМІРТАУДЫҢ ӘКІМІ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Бұған дейін Жезқазғанды басқарған Қайрат Бегiмов Теміртау қаласының әкімі болып тағайындалды. Металлургтер қаласының жаңа басшысын қалалық мәслихат депуттарына Қарағанды облысының басшысы Жеңіс Қасымбек таныстырды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі  хабарлады

— Қайрат Баяндыұлы – тәжірибелі маман. Ол өзінің білімі мен дағдыларын лайықты қолдана алады және Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сәйкес жұмысты ұйымдастырады деп сенемін. Ғалым Әшімовке ерекше алғыс айтқым келеді. Ол қалада бес жыл жұмыс істеді және көптеген мәселелерді шешті, — деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Теміртау қалалық мәслихаттың депуттаттары кезектен тыс сессияда ұсынылған кандидатураға бірауыздан қолдап дауыс берді.

— Сенім артқаныңызға рахмет. Тұңғыш Президент – Елбасы еңбек жолын бастаған қаланың әкімі болу мен үшін үлкен құрмет және жауапкершілік, — деді Қайрат Бегімов.

Жеңіс Қасымбек металлургтер қаласына жаңа басшының алдына экологиялық және жұмыссыздық мәселелерін шешу, құрылысты ұлғайту және инвестиция тарту міндеттерін қойды.

Қайрат Бегiмов 1968 жылы Қарағанды қаласында туған. Екі жоғары білімі бар: 1992 жылы Қарағанды политехникалық институтын, 2004 жылы Алматы экономика және статистика академиясын бітірген. Біліктілігі бойынша: «өнеркәсіптік көлік инженері», «қызметкерлерді басқару, экономист».

Еңбек жолын 1992 жылы «Қарағанды көмір» бірлестігінде жекешелендіру және тұрғын-үй бөлімінің басшысы лауазымында бастады.

1993 жылдан бастап 2006 жылға дейінгі аралықта Қарағанды қаласы аудандары әкімдерінің аппаратында түрлі лауазымдар атқарды.

Содан кейін «Қарағанды қ. ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы лауазымын атқарды.

Қазыбек би ауданы әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары болды.

Октябрь ауданының әкімі, Қарағанды қаласы әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары, Қарағанды облысы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Қарағанды облысының Энергетика және тұрғын-үй — коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды.

2018 жылдан бастап бүгінгі күнгі тағайындауға дейін Жезқазған қаласының әкімі болды. Бүгін Жезқазғанға Қайрат Әбсаттаров әкім болып тағайындалды.

Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов басқа жұмысқа ауысуына байланысты атқарып отырған лауазымынан босатылды.

17:51
304

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020