​ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАН ЕДІ

Қатардан қалмай, қаланың қоғамдық жұмыстарының белортасынан көрініп жүретін Әлжаппар Әбрезұлы туралы өткен шақпен естелік жазармын деген үш ұйықтасам ойда жоқ десем болады. Тағдырдың жазуы осылай шығар. Жаны жайсаң ағамыздың арамыздан кеткеніне 40 күн толады екен. «Қандай адам еді» деп қысталаң шақта айтылар бір сауалға «жақсы адам» дегеннен басқа ауызға сөз түспес. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» деген қазақтың сөзі бар ғой. Сол айтқандайын, Әлжекең асылдың көзі, жақсылардың нақ өзі болатын. Әр адамға ізгі ниетпен қарап, жақсылық тілеп отыратын қадірменді қариямыз еді. Жолыққан сайын адамға шынайы адалдық қасиетін танытып, ерекше бір жылылық лебізімен үйіріп тұратын ақжарқын мінезді жан болатын.

Өмір жолына үңілер болсақ, Әлжекең 1947 жылдың 13 маусымында бұрынғы Жезді ауданының «Пионер» колхозында дүниеге келген-тін. Әкесі Әбрез Әлімбайұлы Байқоңырда кенші болған, екінші дүниежүзілік соғысында ауыр жарақат алып оралған майдангер ардагер болды. Анасы Күлшайым Ысқаққызы Байқоңыр кенішінде, кейін ұзақ жылдар «Пионер» колхозында еңбек еткен. Бұған дейін 14 құрсақ көтерсе де нәрестелері бірінен соң бірі шетіней беріп, Алла тағала көз жастарын иіп аман қалғаны осы Әлжаппар еді. Жалғыз ұлды қалада оқытуды ниет қылып, үй-іші 1956 жылы Жезқазғанға көшіп келеді. Мектепте өте жақсы оқыған Әлжаппар еңбекке ерте араласты. Еңбек жолын 1963 жылы Жезқазған кен-металлургия комбинатына қарасты құю-механикалық зауытында станокшы болудан бастады. Жезқазған құрылыс техникумын «Құрылыс материалдары өндірісінің технологы» мамандығы бойынша бітірді. Әртүрлі жолдардан өтіп, 1973 жылға дейін комбинаттың техникалық қауіпсіздік бөлімінде, ғылыми-зерттеу және жобалау институтында инженер-техникалық қызметтерде болды. Комсомол органында істеді. Жезқазған облысы құрылған 1973 жылы облыстық кәсіподақтар кеңесіне нұсқаушылық қызметке шақырылды. Мәскеу қаласындағы Еңбек Академиясында (ВШПД) оқып, экономист мамандығын алды. Сонымен қатар, Мәскеудегі Тимирязев академиясының, ВСХИЗО-ның, Ленинградтағы басшы кадрлардың білімін жетілдіру курстарында оқып, тиісті сертификаттарына ие болды. Бір жылдай баспасөздегі мемлекеттік құпияларды сақтау жөніндегі облыстық басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарғаны да бар. Кәсіподақ саласында біршама жемісті еңбек етіп, 1976 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің хатшылығына, одан кейін құрылысшылар кәсіподағы облыстық комитетінің хатшысы болып сайланды. Облыстық партия комитеті бюросының ұсынысымен Зейнетақы және жәрдемақы төлеу орталығының басшысы болып та біраз уақыт қызмет атқарды.

Әлжекең жасынан қоғамдық жұмыстарға бейім болған еді. Осы дағды өмірлік ұстанымына айналды десе болады. Соның кейбіріне тоқталар болсақ, 1975 жылы Орталық кәсіподақтар және халықтық бақылау комитетінің бірлескен қаулысына сәйкес республикалық, облыстық кәсіподақ кеңестері осы сала қызметкерлерін халықтық бақылау комитетіне көмек ретінде жіберуге тиіс болды. Таңдау жас коммунист ретінде Әлжаппар Әбрезовке түседі. Бұл партия тапсырмасы ретінде қоғамдық негізде атқарылатын міндет болатын. Осылайша облыстық халықтық бақылау комитетінің арыз-шағымдар бөлімінің штаттан тыс инспекторы, одан басшысы болып халықпен етене араласып жұмыс істеді. Содан әрбір одақтас республиканың облыстарында Мәскеуге ғана бағынатын құқық қорғау инспекциялары құрылған уақытта Жезқазған облысы бойынша инспектор қызметіне тағайындалды. Бұл қызметті Әлжекең Кеңес одағы ыдырағанша атқарды. Зейнетке шыққан шағында да дағдыға айналған қоғамдық істерден қол үзе қойған жоқ. 2005 жылғы Президент сайлауында президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың қаладағы алғашқы құрылған қоғамдық қабылдауын басқарды. Мекемелер мен жеке адамдардың арыз-шағымдарын жедел қарап, мәселенің әділ әрі дұрыс шешілуіне өз ықпалын тигізді. Кейін «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында қоғамдық қабылдау бөлімі ашылғанда қоғамдық кеңесшілікке шақырылды. Тұрғындардың арыз-шағымдарының уақытылы қаралып, көтерілген мәселелердің оң шешім табуына өз үлесін қоса білді. Осы міндетін өмірінің соңына дейін абыроймен атқарды. Қала әкімінің штаттан тыс кеңесшісі ретінде де түйінді проблемаларға өңір басшысының назарын аударуға күш салатын. Қоғамдық саладағы белсенді еңбегіне орай Әлжаппар Әбрезұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен, «Жезқазған қаласына 60 жыл» мерекелік медалімен, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының Алғыс хатымен марапатталды. Жергілікті, облыстық деңгейдегі Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары да аз емес.

Әлжаппар Әбрезұлын асылдың сынығы, тектінің тұяғы дейтініміз ол Сарыарқа, Сібір және Сыр бойы қазақтарына белгілі би, өз заманының қайраткері Уәйіс Байжанұлының шөбересі еді. Уәйіс Найман руының Бағаналы тармағынан 1831 жылы тұңғыш рет болыс болып сайланған адам. Кенесары хан бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін белсене қолдаушылардың бірі. Сол үшін патша өкіметі тарапынан қуғынға ұшыраған. Уәйіс басқарған ел атамекендерінен қуылып, казак әскерінің иелігіне өтіп кеткен жер тек 1858 жылы Ұлытау станицасы жабылғаннан кейін барып бағанылыларға қайтарылған. Ел басқара жүріп өз заманында талай дауда топқа түсіп, айрықша беделге ие болған қайраткер туралы Баржақсы ақын «Уәйіс ер қара қылды қақ жарғандай» деп жырласа, Қоңыраулы Қарадос би: «Болыс дегенше, Уәйіс десеңші, толқыны тарпаң ағыс десеңші. Атағы Сырға да, Қырға да мәлім, серпіні жойқын барыс десеңші» депті деген сөз қалған адам. Сұрапыл жорықтарда жүргенде де намазын қаза қылмай, ат жалына сәжде жасаған діндар адам болыпты. Сексен жасында дүниеден өткенде сүйегі Түркістандағы Әзірет-Сұлтан кесенесіне жерленген. Міне, Әлжекең осындай қазақтың тектілерінің ұрпағы ретінде өзі де ел мен жердің тарихына, ата-баба дәстүріне зерек болды. Олардың тарихи мұраларын тыңғылықты жинай білді. Белгілі қаламгер Қуаныш Ахметов «Ұлы даланың Ұлытауы» кітабын жазу барысында Әлжекеңмен жиі пікірлесіп, біраз деректер алғанын айтып отыратын. Кіші жүздің Шекті руынан шыққан ақ сауытты Айдарбек батырдың ұрпағы Сары батыр Уәйіс бабасының нағашысы көрінеді. Осы тарихи тұлғалар жайлы да Әлжекең материалдар жинақтап, газетке біраз дүниелер ұсынғаны бар. Сонымен қатар оларға байланысты іс-шараларға қатысып, тарихи орындарға барып тәу етуден сырт қалмайтын. Уәйіс би мәңгілікке дамылдап жатқан «Әзірет-Сұлтан» тарихи мұражайының 20 жылдығына байланысты 1998 жылы өткен Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Қарағанды облысы атынан бір өзі барып қатысып келгені де есте.

Ол бала күнінде тарихшы-археолог болуды армандапты. Соның әсері болар, әдебиет, өнер жолындағы жандарға жақын жүрді. Жас кезінде әкесінің еңбек жетістігіне орай сыйлыққа алған патефонмен қазақтың ән-күйлерін көп тыңдайтын. Үйіне дүние емес, күйтабақтар, тарихи-әдеби кітаптарды көп жинады. Қазақ газеттерін құр жібермей оқып отырумен қатар жергілікті «Сарыарқаның» шынайы жанашыры болды. Балаға жақсы қасиет әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дариды емес пе. Әкесі Әбрез жүрекке иман нұрын ұялатып, өмірден өткенше бес уақыт намазын қаза қылмаған жан екен. Осы қазіргі отырған үйлерін алғашқы мешіт ретінде пайдаланып, ниеттес қариялар жиналып жұма намазын осында оқыған. Осындай салиқалы, сауапты істерді көңілге түйіп өскен Әлжаппар аға да адалдықтың ақ жолынан аттамауға пейіл, көкірек көзі ояу, тарихи жады зерек азамат болып қалыптасты. Би болмаса да би түсетін үй болды. Әкенің қарашаңырағының түтінін түзу ұшырды. Ішін шаттыққа, бақытқа толтырып, балаларын да жақсылыққа баулып, өнегелі тәрбие беріп өсірді. Шүкір, қазірде барлығы да өмірден өз орындарын тауып, бір-бір шаңырақ пен отбасының тұтқасы болып отыр. Қызы Алмаш Сәтбаев қаласындағы АХАЖ бөлімінің басшысы. Абзалы кенші болып еңбек етіп, кейінде 65-шахтада кәсіподақ ұйымын басқарды. Астанадағы ұлы Әділхан инженер, көлік қозғалысын ұйымдастырумен айналысады. Өмірханы заңгер, тау-кен инженері мамандығын алған, мұнай өнімдері мекемесінің директоры. Үлкен шаңырақта отырған Расулы да заңгер, бір ЖШС-де басшылықта. «Орнында бар оңалар» демекші, олардың әке өнегесін абыроймен жалғастырары сөзсіз.

Жастай қосылып, 52 жыл бірге бақытты өмір сүрген Тұмаргүл апай Әлжекеңнің жақсы істері мен жарқын мінездерін егіле отырып айтудан жалығар емес. «Әлжекең көпшіл еді, үйге қонақ келгенін жақсы көретін. Кейде әй, бүгін ешкім келмеді ме деп елегізіп отыратын. Жақсы адамдармен сыйлас болды. Енді біліп жатырмыз, бізге әрбір жағдайды аманат етіп тапсырып кеткен екен ғой» дейді. Әлжекең негізінде ешкімді алаламай, барлық адамдарға бірдей қарайтындай көрінетін. Кімге болсын жақсы тілегін айтып, көңілін демеп, тілеулес болып отыратын. Өзімен сыйласқан жандарды үлкен-кішісіне қарамай үйінің төріне шығарып, қонақ етуге пейіл танытып тұратын. Осындай абзал жан енді мәңгілік мекенінде тыныстап жатыр. «Жақсының аты өлмейді» дегендей, Әлжекеңнің өнегесі мен өрелі істері сыйласқан жандардың көңіл төрінде өшпей сақталары анық. Жатқан жерің жайлы, жаның жәннатта болсын, жақсы аға!

Амандық РАХҰЛЫ

17:03
386

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020