​ӘКІМНІҢ АЛҒАШҚЫ БРИФИНГІ КАРАНТИН ШЕКТЕУЛЕРІНЕ АРНАЛДЫ

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров сәрсенбі күні «Дидар» телеарнасының баспасөз орталығында тікелей эфирден брифинг өткізіп, қаладағы эпидемиалогиялық ахуал мен коронавирус инфекциясының таралуына байланысты енгізілген карантин шектеулерін жұмсарту шараларын түсіндірді.

Жергілікті телеарна және әкімдіктің «Instagram» желісіндегі парақшасында өткен тікелей эфирде қала басшысы Қайрат Әбсаттаров карантин шектеулерін кезең-кезеңмен жұмсарту шараларымен қатар, ел аумағында енгізілген Төтенше жағдай режимі, карантин кезіндегі қаланың әлеуметтік-экономикалық өміріндегі өзгерістерге де кеңінен тоқталды. Сөзінің әлқиссасын:

-14 тамызда Жезқазған қаласының әкімі болып тағайындалдым. Бүгінгі күні қаланың хал-ахуалымен танысып, өзекті мәселердің шешілу жолдарын қарастырып жатырмын. Қала әкімі ретіндегі алғашқы тікелей эфирімді «Карантиндік шектеулерді кезең кезеңімен алып тастау және эпидемиялық жағдай» тақырыбында өткізіп отырмын. Тақырып өте маңызды, және көпшілікті толғандырып жүрген сұрақтар да баршылық, — деп бастаған Қайрат Бектайұлы карантин шараларын жеңілдету бізді бұрынғы қателерге ұрындырмауы керек екенін баса айтты.

Әкімнің айтуынша, бүгінгі күні қаламызда індетті жұқтырудың 1633 оқиғасы тіркелген. Жезқазған қаласында соңғы мәлімет бойынша 50 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Үй карантинінде 1421 адам бар. Қазіргі уақытта төсек орын қорының жүктемесі – 92.7 пайызға дейін азайған (жалпы – 680 төсек орын).

-Тәуліктік науқастану көрсеткіші бірнеше күн бойына 0,26 пайыздан аспады, бұл 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш облыс бойынша 0,5 пайыз, республика бойынша 0,76 пайызды құрайтының ескерсек, біздің қаламыздың жағдайы біршама тәуір екенін байқаймыз. Өкінішке орай, аурудың салдарынан біршама азаматтарымыз өмірден өтті. Көптеген отбасылар қара жамылып, қайғыға батты. Қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын, — деді қала әкімі.

Қала басшысы атап өткендей, екі ай бұрын ғана эпидемиологиялық ахуал аса ауыр болды. Жедел жәрдем қызметінде тәулігіне 370-тен астам шақырулар тіркеліп отырды. Бұл көрсеткіш бүгінгі күні 4 есеге азайды, қазіргі уақытта тәулігіне шамамен 87шақырту тіркеледі. Осы індеттен емдеу үшін қала бойынша 3 госпитальдің жұмысы ұйымдастырылды. Соңғы уақытта науқастану деңгейінің төмендеуі себебінен 2 госпитальдің қызметі уақытша тоқтатылған. Бұл нысандар індеттің екінші толқыны орын алған жағдайда қызметтерін қайтадан жандандыратын болады.

-Індеттің екінші толқынына дайындық шаралары аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қаламызда заманауи 1 модульды аурухананың құрылысы басталды. Жоспар бойынша күз айларында бұл аурухана іске қосылады. Қаламызда жедел жәрдем қызметінің бригадалары 7-ден 9-ға дейін жеткізілді. Індетті анықтауға бағытталған тестілеудің көлемі 3 есе өсті, — деді Қайрат Бектайұлы.

Осынау қиын кезеңде біз медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларына ерекше назар аударылып, пандемиямен күресуге тартылған денсаулық сақтау саласының 947 қызметкері ынталандыру үстемеақыларын алған.

-17 тамыздан бастап карантин шектеулері біртіндеп алынып тасталады. Бірақ, біздің босаңсуымызға негіз болмауы керек. Сондықтан, көшеде бетперде тағып жүруге, әлеуметтік қашықтық сақтауға және көпшілік іс-шаралар өткізуден бас тартуға шақырамын. Сарапшылардың бағалауынша, бұл ауру күз-қыс айларында қайта қозуы мүмкін, — деді қала әкімі брифингіде жасаған баяндамасында.

Осы ретте қала басшысы медициналық мекемелерді қажетті құрал-жабдықтармен жасақтау жалғасып жатқанын атап өтті. Бүгінде Жезқазғанда 17 жасанды тыныс алдыру аппараты, 163 оттегі концентраторы, 135 пульсоксиметр бар. Қазанның соңына дейін тағы 150 оттегі концентраторы, 100 пульсоксиметр, 3 жасанды тыныс алдыру аппараты алынбақ. Бұл жерде пандемия басталғанға дейін қалада бар-жоғы 11 жасанды тыныс алдыру аппараты, 15 пульсоксиметр ғана болғанын атап өткен жөн.

Сондай-ақ, індеттен емдеуге арналған екі нысанда орталықтандырылған оттегі беру жүйесі орнатылып жатыр. Екі компьютерлік томография кабинеті жұмыс істеп тұр, қазан айының соңына дейін тағы осындай екі кабинет іске қосылады. Қалаға заманға сай екі цифрлы рентген-аппарат әкелінбек.

-Стационарларды медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету әлі де жалғаса береді. Қазіргі уақытта жыл соңына дейін жеткілікті дәрі-дәрмек қоры бар. Дәріханаларды қамтамасыз ету үшін «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы базасында тұрақтандыру қоры құрылды, онда қазірдің өзінде бір жарым айға жететін дәрілік заттар сақтаулы. Күзше дейін тағы да толықтырылады, — деді қала басшысы.

Қала әкімі брифинг барысында карантин шектеулері мен санитарлық талаптардың орындалысын қамтамасыз ету үшін мобильді топтар жұмыс істейтінін, олар тұрақты түрде рейдтер ұйымдастыратынын ескертті.

Әкім брифингінде сонымен бірге, Жезқазған қаласы бас санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы Ләззәт Қыдыкенова да сөз алып, қаладағы эпидахуал мен карантин шектеулеріне қатысты талаптарды түсіндірді.

-17 тамыздан бастап жеке кіріп-шығатын есіктер қарастырылмаған сауда үйлері, сауда-ойын сауық орталықтарынан басқа осындай нысандар, сұлулық салондары мен шаштараздар, спорт кешендері, балалар үйірмелері мен қосымша білім беру орталықтары, балабақшалардағы кезекші топтар, моншалар жұмысы қайта жанданады. Ал, діни нысандардың жұмысына, көпшілік, тұрмыстық-отбасылық, салтанатты шаралар өткізуге әлі де тыйым салынады. Қызметіне рұқсат етілген нысандардың жұмысына қатаң санитарлық талаптар қойылған, — деді ол.

Сонымен бірге, қызметіне рұқсат берілген нысандар жұмысы демалыс күндері шектелетін болады.

Брифингіде қала басшысы мен санитарлық дәрігердің міндетін атқарушы БАҚ өкілдерінен және желі қолданушыларынан келіп түскен сұрақтарға жауап берді.

Жомарт ТАЙМАС

13:58
261

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020