ТҮЙІТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕРМЕН ТАНЫСТЫ

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысына Жезқазған-Ұлытау аймағына сапарлап жүрген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов те қатысты. Кеңестің күн тәртібінде қозғалған басты мәселе Жезқазған-Сәтбаев қалаларының қоқыс қалдықтарын вакуумді газификация әдісі бойынша өңдеп, электр энергиясын өндіретін жоба болды. Жоба жетекшісі – «Kaz Green Energy» компаниясы.

– Жыл сайын Қазақстанда 6 млн тоннаға дейін қоқыс шығарылады. Қазіргі уақытқа дейін қоқыс полигондарында 100 млн тоннаға жуық қоқыс жиналып отыр. Мұның ішінде тек 4-5 %-ы ғана қайта өңдеу жұмыстарына жіберіледі. Қоқыстың қалған бөлігі бәрімізге белгілі ескі әдістер бойынша өртелінеді және көміледі. Ең өкініштісі, бұлай жасау арқылы атмосфера және оның токсинді қабаттарына, топырақ құрамы мен жерасты суларына орасан зор зиян келеді. Осыған байланысты біз табиғатқа зиян келтірмейтін өз жобамызды ұсынып отырмыз. Бұл – вакуумді газификация тәсілі. Вакуумді газификация әдісі дегеніміз – қалдықтарды ауаның көмегінсіз іштей жану әдісі арқылы өңдеп, газға айналдыру. Вакуумді газификация әдісі негізінде ауа мен топыраққа және су жолдарына зиян келмейді. Себебі, аталмыш әдіс әсерінен түрлі химикаттар мен жағымсыз иіс бөлінбейді, – деді жауапты компания жетекшісі Сексен Әлжанов.

Қазіргі таңда әлемнің дамыған елдерінің көпшілігінде қолданылатын норвеждік бұл технологияның жалпы құны 19 370 000 АҚШ долларын құрайды. Аталмыш соманың 30 %-ын «Қазақмыс» корпорациясы мойнына алса, қалған 70 %-ы Қазақстанның Даму банкінен несие алу арқылы жүзеге аспақ. Зауыт сағатына 120 МВт элекр қуатын береді. Күніне 400 тонна қоқысты өңдеуге қауқарлы газификация процесі кезінде топырақ құнарлылығын арттыратын биокөмір пайда болады. Топырақ құнарлылығын арттыратын биокөмір жүгері дақылдарының өнімділігін арттырып, өсу ұзындығын 55 см-ден 105 см-ге дейін өсіре алады. Соның негізінде жылыжай да тұрғызуға жол ашылады. Аталмыш жоба өз құнын алты жылда ақтап шығады деп күтілуде. Жоба негізінде 39 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жобаның одан әрі де ауқымы кеңейсе жүзден аса адам кәсіппен айналысуға мүмкіндік туады деп күтілуде. Құрылысы наурыз айынан басталатын станция биылғы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Биоэлектр станциясы тікелей «Сәт тазалық» кәсіпорнымен байланыста жұмыс істейді.

– Ел халқының экологиялық таза өңірлерде өмір сүруі біз үшін де маңызды. Шындығында, Қазақстандағы қоқыс полигондарының 5 %-ы ғана негізгі талаптарға сай жұмыс істейді екен. Қалғандары заңсыз тұрғыда, қалай болса солай жұмыстарын атқаруда. Біз осы тұрғыдан бірнеше мәрте Үкіметке хат жолдағанбыз. Қоқыстарға сұрыптау жасайтын зауытардың көбі Қарағанды қаласында. Ал бұл, шалғайдағы Жезқазған қаласы үшін қиындық тудыратыны белгілі, – деді жобамен танысқан Арман Қожахметов.

Кеңес барысында Жезқазған өңірінің экологиялық жағдайына және тағыда бірқатар мәселелер бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

– Барша әлемді алаңдатқан апаттардың бірі – Арал теңізінің тартылуы екені белгілі. Теңіз табанының құрғауы салдарынан теңіз түбіндегі тұздар Антарктидаға дейін ұшып, мұздарды ерітуде. Осының салдарынан Қызылорда облысының Арал, Қазалы және Ақтөбе облысының Шалқар ауданы экологиялық апат аймағына жатқызылады. Сонымен қатар, Қызылорда облысы түгелімен экологиялық дағдарыс аймағы болып есептелінеді. Осыған байланысты, аталмыш статусты Ақтөбе мен Түркістан облысының кейбір аудандары да иеленіп отыр. Соған сай, экологиялық апат және экологиялық дағдарыс аймағының тұрғындарына зейнетке дейін және зейнет жасынан кейінде арнайы белгіленген жүйе бойынша әлеуметтік және медициналық көмек көрсетіледі. Бұрындары Жезқазған өңірі де экологиялық дағдарыс аймағы болып есептелінетін. 1992 жылдан бастап бұл статус алынып тасталды. Мен Қызылорда облысынан Жезқазған қаласы аралығындай қашықтықта орналасқан өзге өңірлер халқына жоғарыда аталған арнаулы мемлекеттік көмектердің көрсетіліп, жезқазғандық тұрғындарға көрсетілмеуін дұрыс деп санамаймын. Осыған сай, біздің қаламызға да бұрынғы экологиялық дағдарыс статусын қайтарып беру мәселесін қайта көтергенді жөн санап, үкіметке жазбаша ұсынысымды білдіргенді жөн көрдім. Бұған қоса, біздің аймағымыз «Байқоңыр» ғарыш айлағына да жақын. Және айлақтан ұшқан зымырандар біздің аймаққа келіп қонады. Бұның да мысты шаһар экологиясына кері әсерін тигізбей қоймайтыны сөзсіз, – деді қоғамдық кеңестің мүшесі Жүрсінбай Лекеров өз сөзінде.

Сондай-ақ, коммуналдық қызмет тарифтерінің жыл сайын өсуін тұрғындарға түсіндірілуін сұраған ол кәсіпорындағы бейбастақтықтың әсерінен тұрғындар қалтасы қағылып жатқандығын баса атап өтті. Қала үйлеріндегі есептегіштердің дұрыс жұмыс істемейтінін де еске салған ол, осы тұрғыдан қоғамдық кеңес атынан облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке хат жолдау керектігін де қозғады.

Жиында басқа да кеңес мүшелері қолданыстағы заңнама, мемлекеттік сатып алу, монополист компаниялардың жұмысына қатысты ұсыныс, пікірлерін жеткізді. Кеңес жұмысымен толыққанды танысқан мәжілісмен қозғалған мәселелер мен ұсыныстарды Үкіметке жеткізетінін айтты. 

15:34
499

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020