ЖЕЗҚАЗҒАНДА ЖЫЛУ мен СУДАН ҚИЫНДЫҚ ТУМАУЫ ТИІС

Бүгін қаламызға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаровпен бірге қала тіршілігін қамтамасыз етуші Жылу энергия орталығы, Үйтас-Айдос жер асты су жинағышы, «Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ-ға қарасты гидроцехта болып, жұмыс барысымен танысты. Сондай-ақ, Жошы хан кесенесі жанынан тұрғызылып жатқан тәрихи-мәдени кешен құрылысы да назардан тыс қалмады.

Мәжіліс депутаты мен қала әкімі ат басын бұрған алғашқы нысан «Kazakhmys Energy» ЖШС-ға қарасты Жезқазған Жылу энергия орталығы болды. Мұндағы жұмыстың барысымен орталық директоры Мадияр Алтыбаев таныстырды.

-Орталық негізінен «Kazakhmys» тобы компанияларының кәсіпорындарын электр және жылу энергиясымен, сондай-ақ Жезқазған қаласын жылумен қамтамасыз етеді. Аймақтағы кәсіпорындар тағы 30-35 МВт электр энергиясын бізден басқа сыртқы көздерден алады. Жалпы орталықтың электр энергиясын өндіру бойынша белгіленген қуаты 252 МВт болса, бүгінде біз орта есеппен 183-190 МВт көлемінде электр энергиясын беріп отырмыз. Біздің алдымызда бірінші кезекте осы белгіленген қуатқа қол жеткізу міндеті тұр, — деген ол бүгінде орталықты жаңғырту бағдарламасы қабылданып, орындалып жатқанын жеткізді.

-2025 жылға дейін жоспарланған ол бағдарлама бойынша жаңа қондырғыларды орнату көзделмеген, бірақ бар қондырғыларды қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Өйткені, станса 1952 жылдан бері жұмыс істеп тұрғанын білесіздер, алпыс жылдан астам уақыт ішінде тек 2016 жылы жаңа турбина қойылды, 2018 жылы №11 қазандық толық жаңартылып, №7, 9 қазандықтар жаңғыртудың бірінші кезеңінен өтті, — деді ЖЭО директоры.

Директордың айтуынша орталық сағатына 564 ГКал жылу энергиясын береді. Қазір мұнда 478 адам жұмыс істейді. 8 қазандық, 5 турбоагрегат бар. Орталықтың электр энергиясын өндіру бөлігі осыған дейін жамап-жасқалғанымен, түбегейлі жаңғырту көрмеген. Соған байланысты стансада жұмыс тоқтап қалған оқиғалар болып тұрады. Қазір мемлекеттік органдардың нұсқамасы бойынша штаттан тыс оқиғалар тәуекелін азайту бойынша шаралар қабылдануда.

Осы ретте қала басшысы Қайрат Әбсаттаров орталықты жаңғырту бағдарламасы тарифке қаншалықты әсер ететінін сұрады. Орталық басшысы электр энергиясы бойынша тариф тек биыл ғана өзіндік құнына теңескенін (8, 42 теңге /КВт), ал, жылу энергиясы бойынша қалаға берілетін жылу тарифі (1954 теңге/ГКал) өзіндік құнынан (2270 теңге/ГКал) төмен екенін, тек өндіріс орындарына берілетін жылу бағасы 1 ГКалл-ға 6 мың теңгеден асатын арнайы тариф белгіленгенін, орталық шығыны сол арқылы жабылып отырғанын айтты.

Жылу энергия орталығының жұмысымен танысу барысында қала басшысы Қайрат Әбсаттаров тек құрылғы, қондырғыларды жаңалаумен шектелмей, заманға сай технологияларды қолдануға, сапа менеджментіне, еңбек қауіпсіздігі мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін стандарттарға мән беруге, халықаралық стандарттарға сай болуға тырысу керектігіне назар аудартты.

Үйтас-Айдос су жинағышында болған қала әкімі Қайрат Әбсаттаров пен Мәжіліс депутаты Арман Қожахметовке су жинағыштың жұмыс процесі, құбырлардың жай-күйі баяндалды. Жезқазған қаласы ауызсудың 60 пайызын Кеңгір су қоймасынан алса, қалған 40 пайыз осы Үйтас-Айдос көзінен тартылған жер асты суымен қамтамасыз етілетіні белгілі. Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны басшылығының айтуынша, қазір су жинағыштан бір насос қана су айдайды. Екінші насосты қосуға қалаға тартылған су құбырларының жағдайы мүмкіндік бермейді. Алайда, құбыр бойындағы ақаулар жойылса, осы бір насоспен-ақ қалаға баратын жер асты суының мөлшерін қалпына келтіруге болатын көрінеді. Қазір осы ақаулардың кесірінен судың шығыны 10 пайызды құрап отыр. Енді сол ақауларды жою жоспарланып отыр. Жөндеу жүріп жатқан уақытта қалада су тапшылығы болмауы үшін Кеңгір су қоймасынан гидроцехке екінші су құбыры тартылып жатыр. Кәсіпорын басшылығы Үйтас-Айдостан қалаға келетін құбыр бойындағы ақауларды жоюға екі апта уақыт жеткілікті екенін айтады.

Кәсіпорын басшысы Ахметулла Мырзалиев бес жылдық жоспар жасалып, су құбырларымен қатар кәсіпорын, гидроцех ғимараттарын жаңғырту жоспарланып отырғанын жеткізді. Ал, қаланы сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үйтас-Айдостан жылына 2,6 шақырым жаңа құбыр тартылып жатқанын, жұмыс қарқыны мен көлемі артатын болса, қалаға берілетін жер асты суының мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндік туатын көрінеді.

Одан әрі әкім мен депутат қаланы ауызсумен қамтамасыз етудегі негізгі құрылым гидроцехте болып, суды тазалау, сапасын тексеру процестерімен, Кеңгір су қоймасынан тартылып жатқан қосымша құбырдың жайымен танысты.

Гидроцехқа Кеңгір су қоймасынан 124 мың текше метр су келеді. Ол су цехта залалсыздандырылып, бірнеше рет хлорлау сатысы мен фильтрлерден өтіп, Үйтас-Айдостан келген таза сумен араластырылады. Содан кейін насос стансасына жіберіліп, ол жерден қалаға жіберіледі. Судың сапасы мен тазалау процесі үнемі зертханалық бақылауда, сондай-ақ, санитарлық қызмет те үнемі су сапасын қадағалап отыратын көрінеді. Цех мамандарының айтуынша, болашақта Кеңгір су қоймасынан келетін су көлемінің артуы бұл процестердің мерзімі мен жұмыс сапасына кері әсер етпейді. 

19:36
515

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020