ДЕПУТАТ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов Жезқазған қаласында жаңадан салынып жатқан 3 көпқабатты тұрғын үйдің және 200 орындық инфекциялық аурухананың құрылысымен танысты.

Биыл Жезқазғанда Алашахан даңғылының аяқ жағынан 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Алашахан даңғылы 34 «Е», «И», «К» мекенжайында бой көтеретін ол үйлерді «Самға» ЖШС және «Астана-Көктем С» ЖШС компаниялары салып жатыр. Қазір құрылысқа қажет барлық рұқсат құжаттары алынып, жұмыс басталып кеткен.

Алашахан даңғылы 34 «И» мекен жайынан салынып жатқан 30 пәтерлі арендалық тұрғын үй биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл үйдің құрылысына облыстық бюджеттен 153 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 153 млн. теңге бөлінді.

«Самға» ЖШС салып жатқан Алашахан даңғылындағы 34 «К» үйі 2021 жылдың бірінші тоқсанында пайдалунаға беріледі. Мұнда екі және үш бөлмелі 60 пәтер болады. Олардың ауданы –54,4– 80,4 шаршы метрдің аралығында.

2022 жылдың желтоқсанында өз тұрғындарына есігін айқара ашады деп жоспарланған Алашахан даңғылы 34 «Е» мекенжайындағы келесі үй көп құрылымды келбетімен ерекшеленеді. 4-7 қабатты бөліктерден тұратын бұл үй 90 пәтерлік болып салынбақшы. Ауданы 41,2, 57,5 және 67,7 шаршы метр болатын 1-3 бөлмелі пәтерлерден тұратын тұрғын үйдің құрылысына биыл республикадан 175,0 млн теңге бөлінді.

Мәжіліс депутаты сонымен бірге «BI Group» компаниясы салып жатқан 200 орындық инфекциялық аурухана құрылысымен де танысты. Жалпы аумағы 6 мың шаршы метрден асатын құрылыс алаңында қазір жұмыс қызу жүріп жатыр. Төрт блоктан тұратын аурухана инфекциялық ауруларды емдеуге бейімделген, әр блоктың кірер, шығар есіктері бөлек жобаланған. Қажетті құрал-жабдықтар мен құрылыс материалдары жеткізілген.

«BI Group» компаниясы құрылыс аяқталған соң мұнда КТ-рентген, қажетті жабдықтар мен компьютер техникаларын әкелмек. Сондай-ақ, компанияның жоба жетекшісі Әсет Ибраев гемодиализге су дайындау жүйесі мен әр палатаға оттегі каналдары орнатылатынын айтады.

-Бұл – типтік жобадағы аурухана. Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында да осындай ауруханалар салдық. Мына нысанның айырмашылығы медицина қызметкерлеріне демалыс орындары қарастырылған. Құрылыс мерзімі 60 күн, қазанның соңында пайдалануға беру жоспарланған. Күн райы жақсы болса мерзімнен бұрын аяқтауымыз да мүмкін. Қазір аурухана аумағын абаттандыруға дайындық жасап, отырғызатын ағаш түрлерін таңдау үшін қаладағы дендрологтармен жұмыс істеп жатырмыз, — дейді ол.

Қазір нысанда 300 адам жұмыс істеуде. Осы аптада сыртқы жылу, су, кәріз желілері тартыла бастайды. Құрылыс жұмыстарына жергілікті мамандар тартылып, қажетті жабдық, материалдардың да едәуір бөлігі жергілікті нарықтан алынуда. 

20:14
503

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020