​ОЗАТТАР ШЫҢДАЛҒАН «ОҢТҮСТІК»

Оңтүстік Жезқазған кеніші «Қазақмыс» корпорациясының мысты өңірдегі ірі кен өндіру ошағының бірі болып саналады. Кеніш тарихы тереңге салған бұрғыдай жарты ғасырдан асатын екі дәуірге тән кезеңді қамтиды. Әуелде сонау 1965 жылы 3-ші және 44 пен 45-ші шахталардан тұратын кәсіпорын жылына 2,8 млн. тонна кен өндіреді деген жоба бойынша іске қосылған болатын. Арада он жыл өткенде 65-шахта сияқты алып өндірістің бой көтеруі кеніштің жылдық кен өндіру көлемін 5,5 млн. тоннаға дейін ұлғайтты. Ал, 1984 жылы жаңадан салынған 67-ші шахта қатарға қосылды. Құрамында №№ 45,65 және 67-шахталары бар кеніш осы кейінгі онжылдықта шарықтау белесіне жетіп, жылына 8,1 млн. тоннаға дейін қырқаға кен шығарғаны бар. Негізінде орта есеппен жылына 6 млн. тонна кен өндіру мүмкіндігін кемітпей келеді. Міне, осындай алыптардың аршынды қадамымен тыныстаған «Оңтүстік» кенішіне биыл 55 жыл толуы өндірісті өңірдегі елеулі оқиға десек болады.

Жемісті жылдар жеңісті еңбекке толы болды. Уақыт легімен осы кезеңде кеншілердің қаншама буыны алмасқанымен ізгі дәстүр жалғасып келеді. «Оңтүстік кеніші — озаттар мекені» деген қанатты сөз бекер емес. Бұл жерде еңбек етушілер қатарынан мемлекеттік жоғары марапатқа ие болушылар аз шыққан жоқ. Орденділер шоғырын да осы ұжымның саңлақтары бастаған еді. «Кенші даңқы» белгісімен марапатталғандардың өзі қырықтан асып жығылады. Кешегі өткен заманда омырауына «Алтын жұлдыз» тағып, Социалистік Еңбек Ері атанған Әубәкір Құсайынов, Қазымхан Кентаев және Демберген Баймағанбетов сынды өрендер де осы кеніштің мақтанышы болған-тын. Аға буын қалыптастырған өнегелі жол бүгінгі күндері де жарқын жалғасын табуда. Сондай-ақ, көпшілік арасында «Оңтүстік – кадрлар ұстаханасы» деген теңеу де жиі айтылады. Бұл да негізі бар сөз. Кеніштің бір учаскесін басқарған маманның кез келген шахтаның немесе кеніштің басшысы боларлық тәжірибе жинақтап, істі дөңгелетіп кеткені туралы мысал көп. Есімдері елге таныс білікті мамандар көші кеніштің алғашқы директоры Рүстем Дәуітовтен басталады. Содан бергі кезеңнің өзінде ірі-ірі кен өндірісінің ондаған тұлғалары осы «Оңтүстікте» қалыптасып, қанат қақты. Қайролла Қанафин, ағайынды Руслан мен Александр Юн, Талғат Мағзұмов, Махмұт Әліпбергенов, Амангелді Миниғұлов, Рысдәулет Есімов, Жанболат Бөрібаев, Саят Бәкіров және басқа да көптеген азаматтар осы кеніш директорлығынан өсіп шыққан болатын. Менің бір білетінім, кезінде бас шахта аталатын 65-те жерасты кен ұстасы болып еңбек жолын бастаған Талғат Аханов №67-шахтада учаске бастығы, шахтаның бас инженері, «Оңтүстік» кенішінің бас инженері болып шыңдалған соң Анненск кенішінің директоры болды. Кейін «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігінің бас директорлығына дейін көтерілді. Соңғы жылдарда «Қазақмыс» корпорациясы кен басқармасының директоры ретінде жемісті қызметін жалғастыруда.

Кенді өңірде кенішті жаңа деңгейге көтерген Руслан Юн туралы бүгінге дейін жақсы лебіздер көп айтылады. Ол еңбек жолын қатардағы кеншіліктен бастап, өзінің білімі мен тәжірибесінің арқасында үлкен басшылыққа дейін өскен ұстамы мықты азамат. Оңтүстік Жезқазған кенішінің директоры болып тұрған кезінде өндірісті жаңа техникалармен жарақтандыруға айтарлқтай көңіл бөлетін. Жер астында кен өндіруге қатысты көптеген жаңалықтар енгізді. Забойдағы жағдайдан бастап материалдық-техникалық, энергетикалық және қаржылық ахуалдың бұрынғы кеңестік жүйеден арылып, жаңаша жолға қойылуына орай көп еңбек сіңірді. Еңбек пен жалақы мәселесіне қатысты да қатаң тәртіп орнатты. Нарық талабына сай өнімді еңбек еткен бригадалар мен кеншілердің еңбекақысының табысына сай болуын қамтамасыз етіп, кеншілердің зор құрметіне бөленді. «Қазақмыс» корпорациясы құрылған кезде басқарма төрағасы қызметіне тағайындалған Руслан Борисович әлемдік озық тәжірибелерге сүйене отырып, өндірістік бірлестік құрамындағы негізгі 4 жерасты кеніштерінде және 2 ашық карьерде, сондай-ақ байыту фабрикалары мен мыс қорыту зауытында да еңбеккерлерге нарықтық қатынастарға сай жаңаша еңбекақы төлеу жүйесінің енгізілуіне тікелей ықпал жасады. «Тұрмыс көңілді болса еңбек өнімді болады» деген қанатты сөзді қаперінен шығармаған ол ауыр еңбекте жүрген жандардың сапалы тамақтануына, еңбек жағдайларының қауіпсіз әрі қолайлы болуына үнемі бақылау жасап отыратын. Осы дәстүр кейінгі уақытта да жақсы жалғасын тауып, заман талабына сай жетілдіріле түсуде.

ОЖК «Қазақмыс» корпорациясының тау-кен кәсіпорындары арасындағы ерекше орны бар көшбасшы ұжым. Корпорацияға табыс әкеліп жатқан кеннің 30% осы кеніште өндіріледі. Бүгінде 1200 адам еңбек ететін ұйымшыл ұжымда мықты кен инженерлері шоғырланып, тәжірибелі мамандар көптеп қалыптасқан. Ежелгі дәстүрге сай бүгінде кеншілердің жаңа буыны өсіп-жетілді. Мәселен, рельс горизонтының бастығы, «Еңбек даңқының» барлық үш дәрежесінің кавалері Болат Ермаханов табан аудармай осы кеніште еңбек еткеніне 40 жыл болады. Отыз жыл бұрын жас маман ретінде жұмысқа кірген Марина Шаубекова қазірде жастарға тәлім беретін тәжірибелі жандардың бірі. Бас механик Ермек Құмарбеков, бас энергетик Еркебұлан Нұрмұхамбетов, ПВС бөлімшесінің бастығы Ербол Мырзабеков, УВР бастығы Жандос Бөлегенов, өндірістік бөлім бастығы Данияр Жаналинов, кеніштің бас инженері Елдос Бабыров өрімдей жас жігіттер болғанымен өндірістің біршама жолдарынан өткен өз істерінің кәнігі мамандары. Мұндағы еңбек әулеттерінің есімдері де құрметпен аталады. Отарбаевтар, Дәуітбаевтар, Мусиндер, Ерубаевтар, Өксібаевтар отбасының бірнеше мүшелері осында орнығып, озат кеншілер көшін бастауда. Олардың бірі бұрғылаушы, енді бірі проходкашы болса, электровоз машинисі болып жүргендері де бар. Барлығының мақсаты бір. Олар кен өндіру жолындағы өз міндеттерін мүлтіксіз, абыроймен атқаруға бір кісідей жұмылған.

Биыл Оңтүстік Жезқазған кеніші айтарлықтай жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуде. Жыл басынан бері тау-кен жұмыстарының жоспары 122%, металл бойынша 111% орындалды. Көш бастаған іргелі ұжым 55 жылдық белестерін лайықты тартулармен қарсы алып отыр. Кеніш құрамындағы №65 және 45-ші алып шахталар толассыз кен өндіруді қамтамасыз етуде. Жер астында өңкей қуатты техникалар пайдаланылуда. Кеншілермен қатар маркшейдерлер, геологтар, сала инженерлері бірлесіп ортақ істе ырғақты еңбек үлгісін танытып келеді. Кеніштің кен қорын қалыптастыру мақсатында геологиялық барлау жұмыстары қоса-қабат жүргізілуде. Корпорация өндірісті жаңарту бағдарламасы аясында геологиялық барлауға арналған жаңа станокпен қамтамасыз етіпті. Әлі де барланбаған жаңа кен көздері баршылық. Соларды есепке алған кезде кеніштің өндірістік ғұмыры тағы да жарты ғасырдан асып жығыларына мамандар толық сенімді.

Амандық РАХҰЛЫ

18:44
453

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020