​РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ТАРИХТЫ ТАНУДАН БАСТАЛАДЫ

«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен бірқатар игі іс-шаралар атқарылып жатқаны белгілі. Солардың бірі – «Төрт босаға» басқару жүйесіне қатысты ұйымдастырылған іс-шаралар тізбегі. Аталған шара туралы кеңінен білмек мақсатта «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіровті сөзге тарттық.

– Төлеген аға, «Қазақтың кетбұқасы» қоғамдық бірлесітігіне 2013 жылдан бері жетекшілік етіп келесіз. Содан бері біраз шаруаның басын қайырып, әр түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырдыңыздар. Соларды шолып өтсеңіз.

– Менің мамандығым – металлург. Жастық шағым тұтастай осы салаға арналды. Өндіріс ошағында еңбек еткен жігіттің бойында батылдықпен бірге айрықша ерік-жігер мен қайсарлық қоса қалыптасады. Бала күнімнен ел аузындағы аңыз-әңгімелерге құмартып өстім. Мына сендер бақытты ұрпақсыңдар. Себебі, не істеймін, қайда оқимын десеңдер де өз еріктеріңде. Адам баласы ұлты мен ата-анасын таңдамайды. Қалғанының бәрі өзінің қолында. Біздің жастық шағымыз кеңестік кезеңмен тұспа-тұс келді. Біздің буынға тарихымызды тұншықтырып түсіндірді. Шынайы тарихтан ада болдық. Бүгінгі құрмет тұтатын ұлыларымыздың барлығын жабайы, есерсоқ, білімсіз, надан ретінде көрсетті. Шыңғыс хан, Жошы ханды қатыгез, адамзат өркениетінің дұшпандары ретінде таныдық. Осыған ұқсас әңгімелер қозғаған ұстаздарыммен институт қабырғасында жүргенде жиі сөз таластырып қалатынбыз. Мәдениетке, өнерге, әдебиетке бай асыл ұлтымыздың тарихын қараңғылап, болашығымызды бұлыңғыр етіп көрсететін қолдан жасалған тарихты мойындағым келмеді. Кейіннен, тәубе, еркін егемендікке қолымыз жетіп, Тәуелсіз ел атанған соң тарихымыз түгенделе бастады. Етек-жеңімізді жинап, түп-тамырымызды білдік. Десе де, тасада қалып кеткен елге еңбегі сіңген ерен азаматтар әлі де жетерлік. Жас кезімізде Жезқазғандағы үш музейдің ашылуына себепкер болған және оларға басшылық жасаған ағам Сүтемген Бүкіровтің үйінде көп жүретінмін. Сол ағамның арқасында талай зиялы қауым өкілдерімен дәмдес, дастарқандас болдым. Сондай кездерде олардың тарихқа тұжырым жасап, кеңестік жүйенің ұлт тарихына жасаған қастығына кіжініп отыратын сәттеріне мен де куә болдым. Содан болар әрдайым тарихқа құмар болып өстім. Көп жұрт біле бермейтін бізге беймәлім тұлғалар мен оқиғаларды жаңғыртып, өзгелерге ұсынғым келді. Сол мақсатпен осынау қоғамдық бірлестікке басшы болып тағайындалдым. Алдыңғы буын ағалар мен замандастардың ақылы мен қолдауының арқасында түрлі конференциялар, тарихи-танымдық бағдарламалар ұйымдастырылды. Ғарышкерлер бульварының төрінен Кетбұқа бабамызға арнап еңселі ескерткіш орнаттық. Расында адам баласы әрдайым білуге құштар болуы керек және сол көргені мен білгендерінен өзгелердің хабардар болуына да ықпал еткені абзал.

– Ауқымды іс-шараға негіз болып отырған «Төрт босаға» басқару жүйесі туралы айтсаңыз.

– «Төрт босаға» басқару жүйесі тек Жезқазған-Ұлытау аймағындағы Найман руы, оның ішінде Бағаналы жұртымен ғана байланысты ұғым емес. Ол – тұтас ұлт боп ғұмыр кешуіміздің бөлінбес бір тармағы іспетті. «Төрт босаға» дегеніміз – төрт би. Олар – көпке белгілі аға сұлтан Ерденнің әкесі Сандыбай, Қадір би, Шегір би және Бабыр би. Ел ішінде қандай да бір дау-жанжал орын ала қалса осынау төрт би қара қылды қақ жарар әділ шешім шығарып отырған. «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен ұйымдастырылып отырған осынау шара үш бөлімнен тұрды. Шараға корпорация 19 млн теңге қаржы бөлді. Шараның бірінші бөлімі – «Ұлытауым – ұлы дала киесі» атты халықаралық жазба ақындар мүшайрасы. Екіншісі – Алтын Орданың 750 жылдығы аясында өткізілген «Қазақ жеріндегі саяси-құқықтық мемлекеттердің қалыптасу тарихы» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция және үшіншісі – «Төрт босаға» басқару жүйесі туралы жазылған «Аманат» кітабының шығуы. «Аманат» роман жанрында жазылды. Оны Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, бірнеше жыр жинақтары мен тарихи, публицистикалық кітаптардың авторы Батырбек Мырзабеков жазып шықты. Ол кісі бұрындары жоғарыда есімі аталған билер туралы түрлі зерттеу еңбектерін, поэмалар жазған болатын. Десе де, Кәдір би туралы мәлімет өте аз болды. Ол туралы мағлұматтарды іздестіріп жүріп, 80-нен асқан шөпшегі Сейтжан ағаның Аралтөбе ауылында тұратынын білдік. Сөйтіп, әлгі кісінің жақындарымен хабарласып, Аралтөбеде тұратын қарияны мен, Батырбек және ақын Ғазиз Ештанаев – үшеуміз іздеп бардық. Сол жерде ол кісінің бар есінде қалған, білген-естіген әңгімелерін жазып алдық. Осылай әр түрлі деректер көзімен таныстық. Батырбек Мырзабеков бұл романды бір жылдан аса уақыт ішінде жазып шықты. Кітап күні бүгін ғана қолымызға тиді. Сіздер алғашқы оқырмандарының бірі болып отырсыздар. «Аманат» Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Кәусар» баспасынан 2000 данамен басылып шықты. Бұл шығармада Сандыбай батыр Төлекұлы, Кәдір би Түрікпенбайұлы, Шегір Шалабайұлы, Бабыр би Бөкеншіұлы мен Ерден батыр Сандыбайұлы сияқты тарихи тұлғалардың өмір жолдары мен ерлік оқиғалары туралы баяндалады. 100 кітап Нұр-Сұлтан қаласындағы кітапханаларға табысталды. 100-і Ұлытау ауданына жөнелтілді. Басты мақсатымыз – бұл кітапты еліміздің барлық кітапханаларына жеткізу.

– «Ұлытауым – ұлы дала киесі» атты ақындар мүшайрасы туралы білсек.

– Мүшайраға сонау Моңғолияда тұратын қандас бауырымыздың қатысуға ниет білдіргені көңіл қуантады. Еліміздің түпкір-түпкірінен жалпы саны 69 жазба ақын қатысқан мүшайра өте тартысты өтті. Мүшайраға жіберілген ақындардың шығармалары арнайы реттік сандармен белгіленді. Сол арқылы қазылар алқасы тек өлеңді ғана оқыды. Олардың аты-жөні шешім шығарылғаннан кейін ғана белгілі болды. Қазылар алқасының құрамында менен бөлек тағы танымал ақын-жазушылар Төкен Әлжантегі, Мұса Тілеуов, Сара Смағұл және Базарбай Әлеуханұлы болды. Мүшайраның Бас жүлдесі бір миллион теңге көпке белгілі ақын жерлесіміз Кенжебай Ахметовке бұйырды. І орын мен 800 000 теңгелік сертификат жезқазғандық Ғазиз Ештанаевтың, ІІ орын мен 600 000 теңгелік сертификат Нұр-Сұлтандық Дәулеткерей Кәпұлының, ІІІ орын жаңаарқалық Болат Асановтың қанжығасына байланды.

Жүлделі орындарға өлеңдері өрнекті тағы келесі бір ақындар тобына арнайы жүлделер табыс етілді. Сандыбай батыр атындағы Арнайы жүлде өскемендік Қуанбай Әскерханға, Кәдір би атындағы жүлде қарағандылық Салтанат Смағұлтегіне, Шегір би атындағы жүлде Нұр-Сұлтандық Ахмер Біржанға, Бабыр би атындағы жүлде қарағандылық Айзада Рахымжановаға және Ерден аға сұлтан атындағы жүлде Нұр-Сұлтандық Иманғазы Нұрахметұлына берілді. Оларға 150 000 теңгелік сертификаттар табысталмақ.

Сонымен қатар, ынталандыру сыйлықтары мен 100 000 теңгелік сертификатты ақтөбелік ақын Нұрмұханбет Дияров, Нұр-Сұлтандық Мирас Асан, семейлік Олжас Қасым иеленді.

Мүшайра қоржынына келіп түскен өлеңдер қатарында байқау талаптарына сай келмейтін өлеңдерде болды. Осы тұста ақындарға жанашырлық танытып, қолдау көрсеткен «Қазақмыс» корпорациясының «Кәсіп Қорған» кәсіподағы мен «Jastar Bolashaq» жастар одағына алғысымызды білдіреміз. Байқауға Моңғолиядан қатысқан ақын Сұраған Рахметұлына «Кәсіп Қорған» кәсіподағы, және жас ақындар Жәнібек Әлиманов, Мұқағали Сейтқазы және Абай Оразға «Jastar Bolashaq» жастар одағының сыйлықтары бар.

– Алтын Орданың 750 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазақ жеріндегі саяси-құқықтық мемлекеттердің қалыптасу тарихы» атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияға қатысуға өтініш білдірген ғалымдар саны да аз болмаған іспетті...

– Ия, расында да еліміздің «Менмін» деген ғалымдарынан түрлі тақырыптардағы баяндамалар келіп түсті. Олардың қатарында ғылым профессорлары мен академиктері, сондай-ақ жас ғалымдар бар. Бүгінгі таңда мақалалар іріктеліп, жинақ болып басылуға жіберілді. Конференцияға барлығы 37 ғылыми мақала келіп түсті. Ақындардың өлеңдері мен ғылыми мақалалар да кітап болып басылып шығады. Конференция бойынша зерттеу жұмысы үздік деп танылған 5 ғалымға 100 000 теңгелік сертификаттар табысталады.

Жалпы бұл іс-шаралардың қорытынды салтанатты жиыны қыркүйек 4-іне жоспарланған болатын. Сол үшін С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрының көрермендер залы дайындалған болатын. Атақты ақындар мен қаламгерлерді қонақ ретінде шақыру да жоспарланған еді. Өкінішке орай, карантинге байланысты бұл шара кейінге қалдырылып отыр. Неде болса қыркүйектің ортасына дейін жағдайға бақылау жасай тұрғанды жөн көрдік.

– Сүбелі сұхбатыңызға рақмет. Ісіңізге сәттілік тілеймін.

Сұхбаттасқан Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

19:21
842

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020