ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. «Nur Otan» партиясы ғимаратында өткен қабылдауға партияның Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова мен әкім орынбасарлары, мемлекеттік мекеме, кәсіпорын басшылары қатыстырылды.

Қабылдауға алдын ала жазылған 14 тұрғынның 13-і келді. Одан бөлек тағы екі тұрғын тізімнен тыс әкімнің алдында болды. Барлық азаматтарды мұқият тыңдаған қала басшысы оларды толғандырған сұрақтарды шешудің нақты жолдарын нұсқады.

Әдеттегідей тұрғындар көтерген мәселердің дені коммуналдық сала қызметіне тиесілі. Жылумен, сумен жабыдқтау кәсіпорнының, пәтер иелері кооперативінің жұмысына көңілі толмағандар ойқы-шойқы жолдарды, жарықсыз қалған және қаңғыбас иттерге толы көшелердің жайын айтып, дабыл қақты. Аталмыш мәселелерді шешуге жауапты сала басшылары алма-кезек орындарынан тұрып, шешімін табамыз деп сендірді.

–Мемлекеттік қызметкер деген атқа лайық болу қажет. Халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын біздер емеспіз бе?! Сондықтан, өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырысыңыздар. Тұрғындарға бос уәдені үйіп-төкпей, нақты істер атқару қажет, – деген Қайрат Баяндыұлы коммуналдық саладағы олқылықтардың орнын толтыруға уақыт беріп, нәтижесін жеке өзі қадағалайынын жеткізді.

Апатты тұрғын үй мен баспана кезегі де айтылмай қалмады. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дәрігерлер, көпбалалы аналар баспана алғанынан құлағдар болған тұрғын үй кезегіндегі жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен мүгедек бала баққан аналар тезірек үй алсақ деген тілектерін жеткізді.

–Жыл басынан бері бірқатар дәрігерлер мен көпбалалы аналар баспаналы болды. Ақ халаттыларға тұрғын үй облыстық денсаулық сақтау басқармасының қаражаты есебінен алынса, көпбалалы аналар мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасына ілікті. Тұрғын үй құрылысы бүған дейін тоқтап қалғанын білесіздер. Қазір қарқын ала бастағанмен, біз бір-екі жылдың ішінде тұрғын үй кезегіне тұрған мыңдаған тұрғынды баспанамен бірден қамтамасыз ете алмаймыз. Биыл екі арендалық үйдің құрылысы ақталады. Келесі жылы тағы 90 пәтерлі үйдің құрылысы жоспарлануда. Сондықтан, Сіздер бүгін-ертең үйлі болмайтындарыңызды түсінулеріңіз қажет. Тұрғын үй кезекпен ғана беріледі, оны да ұғынуларыңызды сұраймын, – деп түсіндірген Қайрат Баяндыұлы тұрғын үй-коммуналдық шарушалығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуанышбек Сансызбаевқа кезекке тұра алмай жүрген көпбалалы ана Назгүл Мұратованың мәселесін екі-үш күннің мұғдарында шешуге тапсырма берді.

«Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдық» деп жанайқайын жеткізген апатты деп танылған Алаша хан көшесіндегі 24 үйдің тұрғындары да аталған мәселе жақында шешімін табатынына сенім білдірді. Үйдің апатты төртінші кіреберісіндегі тұрғындарды көшіру 2022 жылға жоспарланған екен. Сөгілген іргелерден дала көрінетінін айтып, оны фотосуреттермен растаған бір топ тұрғынның өтініші бойынша биыл тұрғын үй қайта сараптаудан өтіп, оның нәтижесінде бюджетті нақтылау кезінде қаржы қарастырылатын болды.

15:46
512

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020