​ЖЕЗҚАЗҒАН: ТЫЛДАҒЫ ЕҢБЕК ЖЫЛНАМАСЫ

1941 жыл

Біздің аймақтың колхоздары мен өндіріс ошақтары соғыс жылдары қысқа мекзімнің ішінде бірлесе тізе қосып еңбек етіп, белгіленген жоспарды асыра орындап майданға көптеген азық-түлік жіберіп отырды. Бірінші болып Жезқазған кеніші, Жезқазған геология-барлау конторы, «Қызыл жұлдыз» артелі әскери тәртіппен жұмыс істей бастады.

Маусымда ет комбинаты құрылды.

Жезқазған геология-барлаушылары жоспарды өсіру мақсатында жаңа өндірістік барланған мыс қорын «Пакро-Оңтүстік Батыс», «Златоуст», «Пакро-Орталық» аудандарында 200 пайызға артық орындады.

Жезқазған кенішінде 138 стахановшылар, 133 екпінділер, 25екіжүздіктер еңбек еткен. 29 қыркүйекте жылдам ауыр салмақты балқыманың бастамашысы, конвертор мастері Құсайын Ниязов конвертордың жобаланған қуатынан айтарлықтай асып түсіп, зауыт қыркүйек айында табандатқан 10 жылдың ешбір айында беріп көрмеген мысты балқытқан.

1 қазанда Жезқазған кенішінде медбикелерді оқытатын курс ашылып, оны оқып бітірген қыздар майданға жіберілді.

26 және 27 қазанда металлургтер мен байытушылар жоспарды артығымен орындады. Ерекше еңбек еткендер Көккөзовтің, Питерскийдің және Лобановтың ауысымдары болды.

Зауыт басқармасының ұжымындағы әйелдер Ұлы Отан соғысындағы әйелдерге ай сайын сыйлықтар жіберуді шешті.

Қазан айында Жезқазған геологиялық барлау конторының қызметкерлері мен жұмысшылары Қызыл Армия жауынгерлеріне арнап 33 сыңар қолғап, 4 қысқы тон, 11 фуфайка, 5 құлақшын және 6 сыңар саусақты қолғап, одан басқа да 10 кг жүн, 13 метр мата және 36 қой терісін жинады.

16 қарашада Қарсақбайдың №183 теміржолшылары және олардың жанұялары жексенбілікке шығып, 1000 сомның жұмысын істеді.

Желтоқсан айында 110 сағаттық бағдарлама бойынша әскери оқу аяқталды. Айрықша жақсы көрсеткіштерге жеткен Базаков пен Озалиндер командирлік еткен Қарсақбай батальонының жауынгерлері болды.

1942 жыл

Қаңтар айында Қарсақбай мыс зауытында социалистік жарысқа 1757 адам қатысқан. 21 ақпанда №12 шахтаның бұрғылаушысы, Қазақ КСР Жоғары кеңесінің депутаты А.Сафин бір ғана перфоратормен жұмыс істеп, бір ауысымда 1400 тонна кен қазып және өзінің бір күндік еңбек ақысы 1200 сомды қорғаныс қорына берген.

Сәуір айының аяғында шөл даладағы Үлкен Жезді өзенінің жағасында оншақты шатыр пайда болып, оған болашақ Жезді марганец кенішінің алғашқы құрылысшылары орналастырылды.

Мамыр айында Жезқазған ауданының кәсіпорындары жоспардың үстіне 40 тонна мыс, 1049 тонна көмір, 763 тонна мыс кенін берді. Мыс зауытындағы озаттар арасынан Көккөзов, Манупян, Қошанов, Матюшин, Айтенов, Жезқазған кенішінде Акшалов, Есенов, Анарқұлов, Аймұханов, геологиялық барлау партиясында Сейілов, Тұңғышбаевтарды атауға болады.

4 маусымда Жезқазған өндірістік кәсіпорындарының бәрі Бүкілодақтық жарысқа түсті.

Маусым айында В.Штифанов басқаратын Жезқазған геологиялық-барлау конторы жарты жылдық жоспарды 40 пайызға орындады.

12 маусымда Жезді марганец кеніші марганец кенінің алғашқы тоннасын беріп, ол зауыт тұтынушыларға жіберді.

18 маусымда КСРО Ғылым Академия бригадасының ХКІІ Жезқазған комбинатының, Қарсақбай мыс зауытының және Бас мыс Кенішінің жұмыскерлерімен майдан қажетіне Орталық Қазақстанның пайдалы қазбалар қоры мәселесі жөніндегі жиналыс болып өтті.

22 маусымда Қазақ КСР-нің облыстарынан және Оралдан Жезді марганец кенішіне 920 жұмыскер, 200 автокөлік, 3 автокомпрессор, 3 қозғалмалы электростанция әкелінді.

Маусым айынан шілде айына дейін КСРО ҒА комиссия бригадасы Балқаш-Жезқазған кешендеріне тиянақты зерттеу жүргізіп, келешекте Қарсақбай мен Балқашта мыс балқытуды ұлғайту мақсатында кен шыққан жерлердің мінездемелерін, тау-кен, шаруашылығының жағдайын, байыту фабрикаларын, металлургиялық кәсіпорындар мен транспорттарын анықтады.

24 шілдеде жергілікті радиодан металлургтердің тұрғындарға арнаған үндеуі берілді. Онда халықты жарқылдаған жаңа пеш салуға шақырған.Үндеу халықтан қолдау тауып пеш қысқа мерзімде салынып бітті.

Тамыз айынан Жезқазған ет комбинатында айына 30000 дана самса өндіру ұйымдастырылып, қазан айынан бастап сабын өндіріле бастады.

20 қыркүйектен еңбек өнімділігін тез арада арттыру, мыс өндіру мен марганец кенін өндіруді барынша ұлғайту мақсатында ауданның барлық өндірістік кәсіпорындарында майдан онкүндігі басталды.

Қазан айында Байқоңыр көмір кенінің үшінші тау-кен құтқару отрядының жауынгерлері №9 шахтада жұмыс істеп жүріп көмір өндіруді белгіленген межеден 140-200 процентке орындады. Жұмыста жақсы нәтиже көрсеткен жауынгерлер Жалғасбаев, Ордабаев, Үсенов, Қожахметов болды. Олардың әрқайсысы еңбек ақыларынан 135-140 сомды «Таукенқұтқарушы» танк колоннасының құрылысына аударды.

Қазан мерекесі қарсаңында жұмысшылар, қызметкерлер, Жезқазған ауданының еңбеккерлері майданға 488 кг май, 305 кг шошқа майын, 325 кг тоқаш, 50 кг конфет, 123 кг колбаса, 200 банк варенье мерекелік сыйлық жөнелтті.

14 қарашада тұңғыш рет Жезқазған кенішінде стахановшылардың слеті болып өтті.

Желтоқсан айында жезқазғандық оқушылар бірнеше ондаған тонна темір сынықтарын жинап және ақшалай жинап самолеттер мен танктер құрастыруға жіберілді.

1943 жыл

Қаңтарда Жезқазғанның кеншілері мен металлургтері өздерінің еңбек жинақтарын «Қазақстан металлургі» танк колоннасының құрылысына салды.

25 наурызда Қарсақбай мыс зауытында құрал-жабдықтарға қоғамдық тексеріс жүргізу басталып, ол мекеменің жұмысын жақсартуға мүмкіндік жасады.

16 сәуірде Жезқазған комбинаты құрылып, оның құрамына 17 шахта, 3 ашық жұмыс учаскесі, Қарсақбай темір жолы, механикалық, кірпіш, шыны зауыттары сияқты қосалқы мекемелер енді.

7 мамырда Қарсақбайда озат жергілікті өндірушілердің аудандық слеті болып өтті.Мамыр айында Жезді қалашығында стахановшылардың слеті өтіп, онда бұрғышылар А.Грипас пен Б.Аймұқанов күнделікті өндірістік межені 200 пайыздан кем бермеуге келісім шартқа отырды.

Бірінші тоқсанда Байқоңыр көмір қазбасының жұмыскерлері жоспарды 102 пайызға орындады.

30 маусымда өндірістік жоспарды жүйелі түрде орындағаны үшін 17 стахановшылар және Қарсақбай мен Байқоңырдың инженер-техникалық жұмыскерлері «Түсті металлургиядағы социалистік жарыс озаты » белгісімен марапатталады. Марапатталғандардың ішінде зауыт директоры Шитиков, бас инженер Леонов, байыту фабрикасының ауысым бастығы Овчинникова, металлургиялық цехтың бастығы Победоносцев, темір жол машинистері Зотов, Тюпанов, Танкибаев, забойшылар Сейілов, Жандарбековтар бар.

Маусым айында №22 ФЗО мектебінің оқушылары өз күштерімен дайындап ақылы концерт қойып, жиналған 5600 сомды қорғаныс қорына жіберді.

Тамыз айында ақындардың айтысы болып өтті. Оған халық ақындары Болман Қожабаев, Нияз Ожан, Омар Шонов қатысып, кеңес Әскерінің жеңісіне бата беріп, еңбеккерлерді елімізге көп кен мен мыс беруге шақырды.

Тамыз айында соғыстағы командирлік бөлімнен Жезқазғанға хат келді, онда жезқазғандық кеншілердің, гвардия кіші лейтенанты Н.И.Колбасовтың ерлік істері туралы айтылған. Бірнеше күнгі соғыста ол 12 танк, 100 автокөлік, бір ротаға жуық жау әскеріне соққы берген.

8 қыркүйекте Қарсақбай мыс зауытында кептіру және қыздыру үшін пеш жағылды.

20 қыркүйектен бастап 20 қазанға дейін ауданның өндірістік мекемелерінде Қызыл Әскердің жеңіске жетуіне арналған майдан айлығы өткізілді.

Қазан айында Жезқазған комбинатына озат көрсеткіші үшін мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туы табыс етілді.

Қазан айында жұмсақ және қатты терілерді өңдейтін тері зауыты пайдалануға берілді.

25 қарашада мемлекеттік қорғаныс комитетінің Қызыл Туы Жезқазған комбинатының өкіліне салтанатты түрде тапсырылды.

Күзде Жезқазған ауданының колхозшылары И.Сталиннің хатындағы міндеттемені орындау үшін Бүкілодақтық социалистік жарысқа түсіп, 1943 жылғы көктемгі егісті 105 пайызға, мал өсіру жоспарынан мүйізді ірі қараны 102,7 пайызға, қой мен ешкіні 102,5 пайызға, жылқыны 111 пайызға, түйені 116 пайызға орындаған.

«Цветник Казахстана» танкі колоннасының құрылысына қаржы жинау басталды.

Қарсақбай халқы Қызыл Әскер жауынгерлеріне 300 посылка жіберді.

Бір жыл ішінде мыс қорыту зауытында 628 әйел өндіріс мамандығы бойынша оқыды.

Жыл ортасынан бастап жезқазғандық қызметкерлер мен жұмыскерлерінің, ауылшаруашылық жұмыскерлерінің бастамасымен оккупациядан босағандар мен елдің батыс аудандарының тұрғындарына арнап материалдар мен заттар жинай бастады.

Жыл аяғына қарай оккупациядан босаған аудандарға 12 слесарлық, теміржол және механикалық шеберханалар, 50 соққыш балғалар, 35 вагоншылар құрал-сайман мен жабдықтарын жіберді. Ауылшаруашылық аудандарға 200 бас мүйізді ірі қара, 2,5 мыңнан астам қой мен ешкі, 70 шошқа бөлінді.

Жергілікті халықтың тамақтану тиімділігін арттыру үшін Бала Жезді өзенінен Қарсақбай тоғанына шортан, алабұға, табан балықтар әкелінді.

1944 жыл

28 қаңтарда Жезқазған кенішінде әйелдер өндірістік бригадасы құрылды.

1944 жылдың қаңтар айында Жезқазған өндірістік кәсіпорындарында 3153 әйел жұмыс істеді.

Қаңтар айында Жезқазған кеншілері өздеріне атақты оралдық бұрғылаушы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Илларион Янкинді шақыртып, одан көп перфораторлы бұрғылаудан тәжірибе бөлісті.

20 қаңтарда П.Шаталюк екі перфоратормен жұмыс істеп, белгіленген межеден 6 есеге асып түсті.

Ақпан айында Донбастың жетім балалары үшін балалар үйінің құрылысына ақша жинау басталды.

Сәуір айында «Жезқазған кеншісі» ұрыс самолетінің құрылысына ақша жинау басталды.

2 сәуірде Қарсақбай мыс қорыту зауыты балалар үйінің күшімен концерт қойылып, одан түскен 2450 сом қаржы жеңіс қорына жөнелтілді.

Маусым айында Жезді мырыш кенішінде байыту фабрикасы салынды.

1 шілдеде Жезқазған кенішінің кеншілері елімізге ондаған тонна жоғарғы сапалы мыс кенін жарты жылдық жоспардан артық берді. Шаталюк, Акшалов, Генматуллин, Мелехин, Демидов, Барышников, Шынкарев кеіштің айтулы жұмыскерлері болды.

20 шілдеде Жезқазған кенішінде озаттар слеті болып, онда озаттар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Шілдеде Қарсақбай мыс қорыту зауыты металлургиялық цехының техникалық жетекшісі Чижевский көптеген құнды рационализаторлық ұсыныс енгізді. Оның ойлап тапқаны миллион сомнан астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берді.

22 шілдеде Қарсақбай поселкесінде жергілікті және өндірістік промкооперативтері стахановшылардың аудандық слеті болып өтті.

21 қазанда «Покро» шахта басқармасы он айлық жоспар бағдарламасын орындады. Бұрғышы Ақшалов 9 айдың жоспарынан жоғары 2458 тонна, Шакиров 2612 тонна, Байжанов 1832 тонна кен бұрғылаған.

Жезқазған комбинаты 1943 жылы қанша кен берсе, 1944 жылдың 8 айында сонша кен берген.

Қараша айында Қарсақбай және Кеңгір химиктері сұйық әйнек өндірісін игерді. Кеңгір әйнек зауытында мың терезе әйнегі және мың метр басқа әйнек бұйымдар өндірілген. Қараша айында Жезқазған шахталары мен карьерлерінде стахановшылардың саны 197-ге дейін, ал екпінділердің саны 916-ға жетті.

9 айдың жоспарын кен байытудан Жезқазған кеніші 105,5%, Жезді мырыш кеніші 113%, Қарсақбай мыс зауыты 101% орындады.

Жезқазған кеніші Қорғаныс Комитетінің Қызыл Жұлдызын 4 ай бойы қатарынан ұстап тұрды.

Байқоңыр көмір қазбасында әйелдердің забойшылар бригадасы құрылды.

Жезқазған кәсіпорнында көптеген әйел стахановшылар болды. Соғысқа дейін бір де флотатор әйел болмаған. Ал 1944 жылы флотатор қызметін тек қана әйелдер атқарған. Олардың ішіндегі үздігі Репина, Нейлехова, үздік токарлар Кузнецова, Большова, Корнеева, Павлова, Бессарабова.

Мәліметтер Жезқазған қаласы мемлекеттік архивінің 322-қор, 2-тізімдеме (жалғасы) 129-сақтау бiрлiгi құжаттарынан дайындалды

17:37
294

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020