​БАРШАҒА БАРЫНША МҮМКІНДІК

«Nur Otan» партиясы қолға алған іріктеу қарсаңында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров жезқазғандық праймеризге қатысушылармен кездесіп, пікір алмасты.

Сөз басында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысының маңызы мен міндеттеріне тоқталған ол, халықтың билікке деген сенімін нығайту керек екенін нақты атап өтті. Осы орайда екі арадағы алтын көпір қызметін атқарып отырған Ұлттық кеңес азат ойлы азаматтық қоғамды қалыптастыру үшін ашық әрі әділ жұмыс істеуді мақсат етеді деген ол демократиялық қоғам қалыптастыру жолындағы түйткілді мәселелерге де тоқталды.

– Демократиялы қоғамда ауқатты ел тұрғындарының саны басым болатыны белгілі. Өкінішке орай, біздің еліміз бұндай деңгейге әлі жете қоймады. Қоғам арасында билікке қарсы кері пікірлер туындап, түрлі келеңсіздіктердің орын алып жатқаны да осының салдарынан орын алуда. Соңғы статистика мәліметтеріне сүйенсек, елімізде 450 000 жұмыссыз бар екен. Ал 2,2 млн адам – өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың қатарында. Мен бұл мәліметтермен келісе алмаймын. Өйткені, біздің елімізде жұмыссыздардың саны 4 млн-нан асып кетеді. Олардың ішінде түрлі уақытша жұмыстарды атқарып жүргендер немесе тіптен жұмыссыздық ретінде тіркелмегендері де бар. Елде ең алдымен, екі қолға бір күрек таппай сенделген азаматтар болмауы керек. Сол кезде ғана азаматтық, демократиялы, әлеуметтік әділеттілікке ие мемлекет қалыптасады, – деді ол өз сөзінде.

Бүкіл әлемді жаулаған COVID-19 індеті кез келген мемлекет институтына кері әсерін тигізбей қоймағанын атап өткен ол, аурумен күресу кезінде атқарылған жұмыстарға қатысты да пікірін білдірді. Әлем эксперттерінің тұжырымдамасына сәйкес жалпы реформалау шаралары біздің елімізге де қажет екенін айтқан ол өзгерістерден қорықпауға шақырды.

– Мен осыдан екі ай бұрын ғана «Nur Otan» партиясы жақтастар лигасына мүше болдым. Расында, осынау партия құрамына мүше қаншама өз ісінің шеберлері қоғамның кез келген саласында еңбек етуде. Олардың еңбектерін әсте жоққа шығара алмаймын. Коронавирус дерті кезінде өз бастарын бәйгеге тігіп, адам өмірі үшін күрескен ақ халаттылардың көбі – «Nur Otan»-дықтар. Сол себепті де, біз ақиқатқа тура көзбен қарап, ел экономикасын биікке жетелейтін, жарқын идеяларға толы партия мүшелерін билікке тартуымыз керек, – деген Ерлан Бияхметұлы еліміздің бас партиясы ұйымдастырып жатқан праймериз жұмысын қос қолдап қолдайтынын жеткізді.

Көбіне аудандық, қалалық, облыстық мәслихат депутаттары әкімдердің ықпалынан аса алмайтынын айтқан ол ел тағдырын айқындар жұмыстарға барынша жастар қауымын тарту керектігіне жіте тоқталды. Праймериз жұмысына қатысты кейбір аймақтарда орын алып жатқан қитұрқұлықтар туралы да естіп-біліп отырғанын айтқан Ерлан Бияхметұлы дауыс беру жұмыстарының ұйымдастырылу барысымен, ұйымдастыру комитеті жұмысы тәртібімен де таныстырды.

Кездесу барысында көп балалы ана, праймеризге қатысушы Мақпал Орынбетова жезқазғандық аналардың жай-күйін сөз етіп, қыз-келіншектер қауымының да аталған шараға белсене қатысатынын, соған сай нәзікжандыларға да сенім артуға шақырды.

Жиында Ерлан Саиров мырзаның назарын ерекше аудартқан жайттың бірі – Қарағанды облысы бойынша онкологиялық аурулардың басым бөлігі Жезқазған аймағынан шығатыны. Соған қарамастан қатерлі ісіктің қармағына түскен өңір жұртшылығы алыстағы облыс орталығына сандалып жүргенінен хабардар болған ол бұл мәселе бойынша жоғары биліктегілерге ел тілегін жеткізетін айтып, барша праймеризге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Еске салсақ, партия ішілік іріктеуге үміткерлерді тіркеу 17 тамызда басталған болатын. Бүгінде Жезқазған қалалық филиалынан барлығы 49 үміткер праймеризге қатысуға ниет білдіріп отыр.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

13:22
180

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020