​ОНЛАЙН КОНЦЕРТ ҚАЛА КҮНІНЕ АРНАЛДЫ

8 қыркүйекте Жезқазған қала күнін атап өтті. Карантин жағдайына қарамастан қала күні ескерусіз қалмады. Бұрынғыдай бар сән-салтанатымен тойланбаса да Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде онлайн концерт ұйымдастырылып, жезқазғандықтарды қала әкімі Қайрат Әбсаттаров құттықтады.

– Баршаңызды Қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың ашан жаңалығынан бастау алған Жезқазғанның даңқты тарихы біз үшін зор мақтаныш. Өңіріміздің қазыналы жер қойнауы, оны игеріп, еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, жасампаз істерді жүзеге асырып жатқан халқымыз – біздің баға жетпес байлығымыз. Қала күнінде біз міндетті түрде Жезқазғанның алғашқы құрылысшыларын, оның негізін қалаған аға буынды еске алып, бүгінде мысты шаһардың экономикалық, рухани дамуына үлес қосып жүрген жезқазғандықтарға шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз. Жезқазған – әлеуеті зор қала. Облыс деңгейінде қаламыз тұрғындары саны жағынан үшінші, экономика бойынша Қарағанды қаласынан кейін екінші, облыс бойынша моноқалалардың даму рейтингінде бірінші орында. Соңғы төрт жылда 200-ден аса инвестициялық жоба іске қосылып, қала экономикасына шамамен 140 млрд теңге тартуға, 3,5 мың жаңа жұмыс орынн ашуға мүмкіндік берді, – деп құттықттау лебізін білдірген Қайрат Бектайұлы болашаққа межелеген жоспарлар мен Жезқазғанның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық әлеуеті турасында да айтып өтті.

«Диадар» телеарнасы арқылы көрсетілген концерттік бағдарламаның шымылдығы жезқаланың әнұранына айналған Береке Көшеновтің орындауындағы Нұрәсила Бәрменбаеваның сөзіне жазылған Жақсыкелді Сейіловтің «Жезқазған маршы» әнімен ашылды. Тайжан Қалмағанбетов атындағы филармония әншілерінің орындауындағы «Қала», «Армысың, Жезқазған» «Мой Жезказган», «Ұлар құс» әндері мен «Шалқыма» би ансамблінің «Қызғалдақтар» биі мерекелік концертті ажарландыра түсті.

Қала әкімдігінің қолдауымен Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған «Жезқазғаным менің» атты жобасының қорытындысы да концерт барысында белгілі болды. Жезқазған қаласының тарихы мен бүгінгі тынысы, жарқын болашағын арқау еткен конкурс 13 номинация бойынша өтті. Мәнерлеп оқу, көркем қолөнер, хореография, поэзия, хормен ән айту, театр, аспап жанры, бейнелеу өнері, фотосурет аталымдарында жеңімпаз атанғандар марапатталды.

Бұл концерттің басты тартуы қазақтың даңқты қомпозиторы Шәмші Қалдаяқовтың сонау 70-жылдары Нұрсұлтан Әлімқұловтың сөзіне жазған «Жарқырайды Жезқазған» әні ұзақ үзілістен соң сахна төрінен екінші мәрте орындалуы болды. Мұндай қуанышты сәтті жерлестеріне күйші, өнер зерттеушісі Жанғали Жүзбай сыйлады. Неге десеңіздер бұл әннің мәтіні бұған дейін газеттерде, жинақтарда жарияланғанымен нотасы қолға түспей жүрген болатын.

Бұл әніме қосыласың,

Бар ма бізде өзге арман?

Қызыл гүлдей ашыласың,

Жарқырайды Жезқазған!- деп шырқаған Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртісі Дүйсен Кенжеев Қала күніне арналған мерекелік концертті түйіндеді.

Диана ОРАЗАЛИНА

09:10
351

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020