​МОНОҚАЛАЛАРДЫҢ МҮМКІНДІГІН АРТТЫРУ МАҢЫЗДЫ

Президент Қасым–Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын үлкен үмітпен күттім. Жолдауды зер салып, мұқият тыңдадым. Маңызды құжат көңілімнен шықты.

Оның себеп-салдары бар. Әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан кешіруде. «COVID–19» індетінің алғашқы кезеңі қазақ мемлекеті, халқымыз үшін үлкен сынақ болды. Ұлтымызға қатер төнгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын қазақтың асыл қасиетіне, бірлігі мен берекесіне бәріміз куә болдық. Көптің ішінде әрқайсымыз аз ғана болсын үлес қосқанымызды мақтан етеміз, жіберген ағаттығымызға, бейқамдығымызға, біле тұра ескі сүрлеуден шыға алмағанымызға өкінеміз. Сондықтан да Президенттің әртараптандырылған және озық технологияға негізделген экономика құру, халқымыздың жаңа болмысын қалыптыру және тұтас ұлт сапасын арттыру жөніндегі қойған міндеттері дер кезінде көтерілген аса өзекті мәселе деп есептеймін. Еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа, тұтас ұлт сапасын жаңғыру алты қағидатқа негізделген. Бұл – әр қазақстандықтың іс-әрекеті, оның түпкі нәтижесі үшін жол көрсететін бағдар.

Президент Қ.Тоқаев күнделікті күйбең тірліктің тасасында қазақ елінің ертеңгі күні, келешегі қалып қоймауын ескертті. Осыған байланысты тікелей Президентке бағынышты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, реформалар жөніндегі жоғары кеңес құрылатын болды.

Жолдауда моноқалалардың ахуалы да айтылды. Бұның біздің Жезқазған-Ұлытау өңірі үшін де үйреніп, үлгі аларлық маңызы бар. 2011–2013 жылдағы негізсіз қаланың келешегіне күдік туып, мыс қорыту зауытының жұмысы бірте-бірте тоқтатылып, мыстың өндіріс көлемі бірнеше есе төмендеп кетті. Қазірдің өзінде өндіріс жайы және қала тұрғындарының өмір сапасы мүмкіндігімізден қалып отырғанын білеміз. Академик Қ.Сәтбаев Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінін Пленумында (Лениншіл жас, 1959, 8 наурыз) оның (Жезқазғанның) кен қоры сарқылмастай бай деп мәлімдеме жасаған еді. Мұны соңғы геологиялық барлау жұмыстары дәлелдеп отыр. Мемлекетіміздің орталық органдары, «Қазақмыс» корпорациясы әртүрлі салада түпкілікті өнім шығаратын кәсіпорындардың жолын ашып, қаланы моноқала шекпенінен алып шығатын мезгіл баяғыда келген.

Бұл қадам Президент Қ.Тоқаев Жолдауында атап көрсеткендей, «азаматтардың жаңа ментальдігін қалыптапстырып, заман талабына бейімдеу үшін де маңызды». Бүгінгі жағдайдағы Қазақстанның жаңа іс–қимыл кезеңіндегі жезқазғандықтардың алатын асуының бірі міне осы.

Сағындық ҚОЖАМСЕЙІТОВ,

Жезқазған қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы 

09:15
377

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020