​ТАЛАП пен ПРИСТАНЦИОННЫЙҒА ГАЗ БЕРІЛЕДІ

Осы күзде Жезқазғандағы тұрғын үйлердің біразы алғаш рет орталықтандырылған газбен жабдықтауға қосылады. А ймағымыз үшін маңызды бұл жаңалықты Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

«Алғашқы газ тарату кешені Талап кенті мен Жезқазған қаласының Пристанционный елді мекеніндегі 550 үйді, сондай-ақ Қарағандыдағы Михайловка ауданының жеке секторында орналасқан 1865 үй мен ұйымдарды газдандыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда газ тарату желілерінің құрылыс жұмыстары 80% орындалған. Сонымен қатар Теміртау қаласы бойынша 506 үй газдандырылады», — деп жазды облыс басшысы.

Жеңіс Қасымбектің жазуынша, тартылған газ желілері облыс аумағында құрылатын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалына беріледі. Өз кезегінде аталған ұйым әр қалада газ желісіне қосылуға және тиісті техникалық шарттарды беруге өтінімдерді қабылдау үшін бөлімшелер ашады.

Облыс басшысы газ отынының түпкілікті бағасы нысан пайдалануға берілгеннен кейін белгіленетінін айтады. Қазіргі уақытта бұл мәселе ҚР Ұлттық экономика министрлігінде қарастырылып жатқан көрінеді.

«Сонымен қатар, қазіргі таңда Жаңаарқа, Осакаров, Бұқар жырау, Шет аудандарында және Шахтинск қаласында автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысына қажетті жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде», — дейді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін Саран қаласы, Ақтас және Дубовка кенттерін газдандырудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталмақ. Аталған елді-мекендер «Қарағанды» автоматтандырылған газ тарату стансасына қосылатын болады. Бұл жобалардың құрылысы келесі жылы басталады.

«Сарыарқа» жобасын іске асыру көмір отынымен жылытуды біртіндеп азайтуға мүмкіндік беріп, Президентіміз атап өткендей көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға бағытталған терең декарбонизацияға негіз қалайтын болады», — дейді облыс әкімі.

09:17
486

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020