​ЖАҒАЛАУДЫ ТАЗА ҰСТАУ – ОРТАҚ МІНДЕТ

Соңғы кездері көптің көңілін көншітпей жүрген тазалық мәселесі – қала әкімі Қайрат Әбсаттаровтың қатаң бақылауында. Өткен аптада әкімдікте қаланың барлық мекеме, кәсіпорын басшыларының қатысуымен осы мәселеге арналған жиын өтті.

Алдымен Кеңгір су қоймасы жағалауының жағдайына тоқталған Қайрат Бектайұлы қала шаруашылығына жауапты орынбасары Қайрат Бапановқа сөз кезегін ұсынды.

– Кеңгір жағасын тазалау жұмыстары жыл сайын көктем келісімен қызу түрде басталып кететін. Биыл ел ішін жайлаған ауыр індет пен карантинге байланысты бұл жұмыстар тоқтатылды. Соның салдарынан қала тазалығы төмендеп кетті. Оған қоса жаз айларында Кеңгір маңына жиналған демалушылардың да жауапсыздығынан жағалау қоқыс астында қалды, – деп түсіндірді ол осынау тәртіпсіздікті.

– Қала – барлығымыздың ортақ үйіміз. Өндірісті өлкеде тазалықтың ақсап тұрғаны ұят-ақ. Бұл туралы қала азаматтары да әлеуметтік желілерде жарыса жазуда. Мен алдағы уақытта осынау олқылықтың орнын толтырып, қала ішін ретке келтіруге тырысамын. Сол жолда сіздердің қолдауларыңызды да күтемін, – деген қала әкімі мекеме басшыларына қызметкерлерінің сенбіліктерге белсене қатысып, қала көркін дұрыстауға үлестерін қосуды талап етті.

Артынша қала басшысы Қайрат Әбсаттаров «Кеңгірге – баршамыздың және әрқайсысымыздың қамқорлығымыз» атты жоба жариялап, Кеңгір жағалауын қаладағы мекеме, кәсіпорындарға бекітіп беру туралы өкім шығарғанын, су қоймасының айналасын жөнге келтіру түрлі ұжымдардың, еріктілердің көмегімен жүзеге асатынын хабарлады.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН 

09:38
348

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020