ЖАСТАРДЫҢ ПІКІРІН ТЫҢДАДЫ

Өткен сәрсенбіде қала әкімі Қайрат Әбсаттаров мысты шаһардың жастарымен жүздескенді жөн көрді. Ел болашағының негізгі қозғаушы күші саналатын жастардың алғашқы шебінде жезқазғандықтардың да көш бастап жүргенін көргісі келетінін жеткізген ол жиынды көз үйренген кездесулерден бөлек форматта өткізді.

Қала әкіміне кездесу алаңы ретінде таңдалған «Жарқын ақыл» білім және даму орталығы мен орталық атқарған жұмыстарды таныстырған Ақансері Сүлейменов жиынға келген жастар туралы да кеңірек мағлұмат берді.

–Жастар тарапынан айтылар ұсыныстар өте мол. Осыдан 1 жыл бұрын қаланың бұрынғы әкімі Қайрат Бегімов мырзамен жолыққанымда қала жастарына коворкинг орталығы керектігін айтқан болатынмын. Сөзім жерде қалмай С.Сейфуллин атындағы орталық кітапхана ішінен коворкинг орталығын ашылы. Бүгінде жастардың айтар бұйымтайы баршылық, – деген Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті гуманитарлық-педагогтік институты директорының орынбасары Арман Кенжебек те өз ұсыныстарын ортаға салды.

Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің бүгінгі хал-жайы көңіл көншітпейтінін, студенттер санының жылдан-жылға азайып бара жатқанынан хабардар болған Қайрат Бектайұлы бұл мәселенің негізгі астарына үңіліп, себебіне кеңінен үңілді.

2015 жылдан бері Жезқазған университетіне «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін – 2050» әлеуметтік бағдарламасы аясында жүзден аса оңтүстік пен батыс өңірінің жастары оқуға келетін, былтырдан бері олардың саны күрт азайған. Осылайша мемлекеттен бөлінген грант толық игерілмей қалуда. Аталған бағдарламамен оқуға түскен қарасы биыл тіпен аз. Бұған жылдағы дәстүрмен аймақ аралап, студент жинайтын қабылдау комиссиясы жұмысының карантинге байланысты тек онлайн түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуі де себеп болса керек-ті. Бұл мәселе бойынша қала әкімі университеттің алдағы бесжылдыққа құрған даму жоспарын сұрап, нақты нәтижелі іс-қиымылға көшу керектігін ескертті.

Кездесу барысында Қайрат Бектайұлы жастарға түрлі бағыттар бойынша тосын сұрақтар қойып отырды. Қаламыздағы мектеп, колледж, университет жастарының негізгі айырмашылықтарын сұраған ол уақыты дұрыс ұйымдастырылмаған, басбұзар жастар осы үш оқу орнынң қайсысына көп тиесілі екенін сұрап, жастардың ойын тыңдады.

Одан әрі қаламызда қоғамдық іс-шараларға белсене қатысушы және волонтерлікпен айналысатын 10 жастар ұйымы барын айтып, олардың бүгінгі әлеуеті қандай екеніне тоқталды. Өздері жетекшілік ететін «Jas Otan» жастар қанатына мүше 1000 жастың 100-ін, «Бірлік» жастар ұйымындағы 100 жастың 35-ін ғана бүкілқалалық сенбілік сынды шараға алып шығатынын

естіген ол бұл жағдайда оларды жастар ұйымы деген атқа толыққанды лайық көрмейтінін айтты.

Кездесу барысында Қайрат мырза жұмыс істейтін жастардың уақытын тиімді пайдалануы, соның ішінде корпорацияның қол астында жұмыс істейтін жастардың да жағдайына, олардың көзқарастары мен бос уақыттарын қалай пайдаланатына қызығушылық танытты.

Жастардан студенттерге Жезқазған мен Сәтбаев қалалары арасында қатынайтын жеке автобус ұйымдастыру, Жезқазған-Қызылорда тас жолын жөндеу, психологиялық қабылдау кабинеттері мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтар ұйымдастыру сынды ұсыныстар естіген Қайрат Бектайұлы қозғалған мәселелер бойынша жан-жақты сараптамалық жұмыстар жүргізіле отырып, шешімін табатынын жеткізді.

– Мен алғаш келген күннен бастап «ашықтық» саясатын ұстанатынымды жеткіздім. Сол бағытымнан танбақ емеспін. Ия, қалада өзге аймақ жастары түгіл, өз жастарымызды ұстап тұратындай көз қызықтырарлық зәулім де сәнді ғимарарттар аз. Жезқазғанның қай тұсынан кірсең де құлазыған қала кейпіне тап боласың. Мен бұл қаладан 1998 жылы жұмыста жаппай қысқарту болған кезде қоныс аударып кеткен болатынмын. Жастық шағым осы жермен тығыз байланысты. Мектепті бітірген соң да, осындағы политехникалық институтта білім алдым. Сол кезеңде бұл оқу ордасы қазіргі таңда еліміздегі техникалық оқу орындарының көшін бастап тұрған университеттермен текетіресе алатындай үлкен абыройға ие еді. Жүрген жерімде әрдайым Жезқазғаныммен мақтанып жүретінмін. 22 жылдан кейін туған жерге оралғанымда сұрқы қашып, қажып-қалжыраған қалаға тап болғандай болдым. Қала тіршілігімен таныспын. Алдағы уақытта Жезқазғанға да сіздер қызығып қарайтын Нұр-Сұлтан, Алматы сынды қалалардағы жағдай орнатуға бар күшімді саламын, – деген Қайрат Бектайұлы жиынды өзі қорытындылап, жастарға сәттілік тіледі.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

13:07
13

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020