ЖЕЗҚАЗҒАННЫҢ ЖАНЫ – ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК

Жуырда Алашахан даңғылында тосын, бірақ әсерлі көрініске тап болдым. Осы даңғыл бойындағы №43 бес қабатты тұрғын үй назар аударды. Бірінші кіреберістің ұзын бойында қараағаш, теректер жапырақ жайып, жайнап тұр. Ол ол ма, сиырбүлдірген, қарақат желі тартып, гүлдеп жатыр. Алма ағашы да түйін салып қалған. «Бұл мөлтек бақшаның бағбаны кім ?» деймін бірінші кездескен осы үйдің тұрғынына. «Атын білмеймін, бірақ өзі жұмысқа он қабат әкімат үйіне барады» – дейді. Сөзге қапталымыздан келген кісі кірісті. «Ол – бір тәуір жігіт. Мемлекеттік қызметкер өзі. Әбубәкір Смағұлов қой», – деді ерекше ықыласпен.

Мемлекеттік қызметкердің тікелей өзі көпке қатысты іске қолғабыс жасағанын бірінші көріп тұрмын. Бұл дәстүр халқымызда ертеден бар ғой. 1965 жылы Жезқазғанға көшіп келгенімде көршім қарсақбайлық қария А.Арнаутов бәйбішесімен екеуі консервінің бірнеше қалбырын әкеп 4 подъездегі пәтерімнің балқондарын гүлмен безендіруге көмектескен. Жезқазған мыс комбинатының көгалдану цехының бастығы Л.А.Каган « балконыңның астына отырғыз» деп қолыма екі шыбық ұстатты.

Өткен ғасырдың 60 жылдары үлкен Жезқазғанның аты дәуірлеп, құрылысы қарышты қарқынмен жүріп жатты. Мысшылар қаласының күн сүйген келбеті күн сайын ажарлана түсті. Қала төңірегінде «Металлург», «Энергетик», «Автомобилист», «Строитель», «Литейщик» сияқты жасыл желек жамылған саяжай қалашықтары пайда болды. Металлургия өндіріс ауданына қаладан асфальт жолмен қаздай тізілген ағашты жағалап жететінбіз. Кәсіпорындардың аулалары жап-жасыл. Кейін Кеңгір көлінің жағасын жасыл желек жаулап алады. Қаламызда ағаш отырғызылған алаң 174 гектарға, гүлзарлар 2 гектарға жетті. Жасыл желек әрбір тұрғынға шаққанда 20 шаршы метр болды. Тасқа түскен қаланың климаты жұмсарды, бізді айнала орналасқан орман далада қожалық еткен құйынды желден қорғады. Шілденің ыстығында ағаштарды саяладық. Қазақ КСР Ғылым академиясының ботаникалық бағы, комбинаттың көгалдандыру цехы жас-кәріні гүлдестелерімен қамтамасыз етіп тұрды.

Жезқазғанның патриоты, өлкемізге аты әйгілі ақын Сайлаухан Нәкенов осы көңіл күйді жырға қосқан. Бір шумақ келтірейін.

Кеш көркейіп, оранды гүлге маңай,

Жерге түсті аспанда жүрген арай.

Орман-отау ішінде қыз ойнақты,

Кеңгір өзі бастайды түнге қарай.

Ақын шабытына қанат болған Жезқазғанның жасыл желегі бүгін қандай?

Міне, мәліметтер.

174 гектар көк желектің 54 гектары ғаны қалған. Отырғызылған ағаштардың бірқатары шөлдеп, сусырап, қурап сүйегі қалған.

Біразын құрт жеп, шіріп, азып, азайып барады.

Скверлер, гүлзарлар, жасыл алаңдар ше?

Күн астында қаңсыған терідей тарылып барады.

Басқаны қойғанда «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС былтыр көп қаржы шығарып, көркін келтірген Ғарышкерлер бульварының біраз жеріне шөп шықпай, ойма таздың басындай болып тұр. Екі жыл бұрын отырғызылған орта мектеп бітірушілердің аллеясы кісі күтімін көрмейді, суарылмайды. Бірқатар кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелердің, білім, мәдениет, ойын-сауық орындары ғимараттарының ауласы көз тартпайды. Биыл қаламызда небәрі көтеріп айтқанда 30-40 түп ағаш отырғызылды.

Себеп?

Біз Жезқазғанның уақытша тұрғындарына айналып кеттік. Өйткені, кейбір өзін білгіш дегендер «өңірдің мыс қоры пәлен жылға жетеді» деп бал ашып, сәуегейлік жасап жүр. Тұрғын үй салу біраз жыл тоқтап қалды. Жұмыс орындары азайды. Ө.Байқоңыров атындағы университетіміз жекешеленіп кетті, өнер ұжымдарының әлеуеті азайып келеді, қаламыздың келбеті мен сәулетіне көлеңке түсті. Осыдан барып жезқазғандықтар көтеріле көшті. Жастар да Нұр-Сұлтанға, Алматыға, Қарағандыға ұмтылды.

Шындығын айту керек, соңғы 2-3 жылдан бері туннель түбінен жарық көргендей болдық. Қаламызда оң өзгерістерді байқап отырмыз. Қала тұрғындарының көңіл хошы көтеріліп, әлеуметтік өзін-өзі сезінуі оңалып, мыс қаласының келешегіне сенім пайда бола бастады. Қуанышқа қарай осы биыл Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағандыда жүрген өзім білетін үш жас отау иелерінің қалаға оралғанын көріп, көктемді қанатына ертіп келген қарлығаштардың басы болар деп ойладым.

«Халқымызда ауласына қарап иесін таны» деген тәмсіл бар. Қаламыздың тұрғын ауданында бүкіл жезқазғандықтарды, әрбір тұрғынды үлкен сауапты іс күтіп тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында табысы аз, көп балалы отбасылары үшін тірек болатын жер үй учаскелерін инфрақұрлыммен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Олай болса күзгі, қысқы ағаш отырғызу маусымын босқа өткізіп алмауымыз керек. Мысты өлкеде сол 2021 жылды қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму жылына айналдыруымыз керек. Бұл өркениетті әлемдік жауапты үрдістен әрбір жезқазғандық, орта және кіші бизнес өкілдері, білім, мәдени-әлеуметтік мекемелер, жеке меншік және мемлекеттік кәсіпорындар, қоғамдық бірлестіктер, өкілетті және атқарушы билік шет қалмайды деп ойлаймын.

Сағындық ҚОЖАМСЕЙІТОВ,

Жезқазған қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы

12:16
492

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020